Қоғам

«БИЗНЕСТІ ҚОРҒАУ ЭКОЖҮЙЕСІ» ІСКЕ КІРІСТІ

Жанаргүл МҰҚАТАЙ

Салы суға кетіп, шырғалаңға түскендер, мәселесін шеше алмай, меселі қайтқандар енді ешқайда салпақтамайды. Өңірлік кәсіпкерлер палатасы «Бизнесті қорғау экожүйесі» жобасы аясында прокуратурамен бірлесе отырып облыс кәсіпкерлерінің құқығын қорғайтын болады.

«Бизнесті қорғау экожүйесі»  қалай жұмыс істейді? Бұрын-соңды болмаған бұл жоба кәсіпкерлерге не береді? Сауалдарға өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары, бизнес-омбудсмен Әлия Мұқашева жауап береді.

– Әлия Орынбекқызы, «Бизнесті қорғау экожүйесінің» мақсаты не, ол біздің облыста және Абай облысында қалай іске асырылмақ?

– Қазақстан Президентінің шағын және орта бизнестегі кедергілерді жойып, кәсіпкерлерді қорғауға қатысты соңғы тапсырмасынан кейін елімізде, республикалық кәсіпкерлер палатасында кәсіпкерлерді қорғауға қатысты іс-шара мен көзқарас, түсінік түбегейлі өзгерді. Жаңа жоба қолға алынды. Осы «Бизнесті қорғау экожүйесін» іске асыру аясында палата құқық қорғау, сот органдарымен, адвокаттық және заң қоғамдастықтарымен тиімді, жедел өзара іс-қимыл жасайды. Біздің негізгі міндеттеріміздің бірі кәсіпкерлік саласындағы әкімшілік кедергілерді уақтылы анықтау және жою, осы мақсатта прокуратура органдарымен, өзге де құқық қорғау, уәкілетті мемлекеттік органдармен өзара шұғыл әрекет ете отырып, қолайлы бизнес-ахуалды қалыптастыру болып табылады. Кәсіпкерлердің құқығын қорғау барысында мемлекеттік органдар тарапынан жиі кездесетін құқық бұзушылық фактілеріне талдау жүргізіледі. Сонымен қатар жұмыс тобымен бизнес субъектісінің қызметіне араласудың себеп-салдарын зерттеуді, тексеруден кейін бизнеске келтірілген салдарын зерделеуді жоспарлап отырмыз.

Осы жоба аясында қандай іс-шаралар қолға алынды?

– Мамыр айында  республикалық палатаның кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі өкілі Рүстем Жүрсінов біздің облысқа, Абай облысына келіп кетті. Сол жолы екі облыстың кәсіпкерлерімен, бизнес қоғамдастықтарымен кездесу өткізіп, кәсіпкерлер тарапынан көтерілген көптеген мәселелерді прокуратурамен бірлесе отырып шешуді тапсырған болатын. Қазіргі күні сол айтылған проблемалардың 80 пайызы шешілді.

Біз облыстық прокуратурадағы кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі сарапшылық кеңесте үнемі мемлекеттік органдармен кездесіп отырамыз. Өткен аптада ғана кеңестің кезекті отырысы өтті. Онда мектеп асханаларын жалға алып отырған кәсіпкерлердің проблемалары мен мемлекеттік гранттарға үміткерлердің көтерген мәселелері қаралды.

Тек прокуратурамен ғана жұмыс істемейміз. Шілдеден бастап соттармен, адвокаттық қоғамдастықтармен, заңгерлік кеңесшілермен кездесіп, бизнес субъектілерінің іс-әрекетіне қатысты түйткілді істерді жүргізуге, оңды шешуге ықпал етудеміз. Сонымен бірге тоқсанына бір рет жүйелі түрде прокуратура, барлық бақылаушы-қадағалаушы органдармен, кәсіпкерлердің өздерінің қатысуымен бизнесті қорғау форумын өткізіп отырмыз. «Еркін микрофон» форматында өтетін форумда кез келген кәсіпкер өзінің басындағы мәселесін ашық айтып, жеткізе алады. Форумда көтерілген барлық мәселе анағұрлым тез шешімін тауып жатыр. Кәсіпкер түрлі сатыдағы, деңгейдегі органдарға барып, уақытын жоғалтып, жүйкесін жұқартпайды.

Өткен тоқсанда осындай форумдар Семейде де,  Өскеменде де өтті. Келесі форумның өтетін уақыты да келіп жетті, 30 қыркүйек күні Қазақстан, 55 мекенжайында, С.Аманжолов атындағы ШҚУ-да  өтеді.

Бизнестегі әкімшілік кедергілер жойылады, кәсіпкерлікке кең өріс ашылып жатыр деп айтып, жазып жатқанымызбен кедергілер көп. Кәсіпкерлер қандай проблемаларға жиі тап болып жатады?

– Негізгі проблемалар мемлекеттік сатып алуларға қатысты, жер қатынастары, сәулет, құрылыс, салық салу мәселелеріне қатысты болып отыр. Егер сандармен сипаттайтын болсақ, өңірлік кәсіпкерлер палатасының қарауына жыл сайын тек қана бизнесті қорғау бойынша 350-400 арыз-шағым түсіп жатады. Мысалы, өткен жылы бізге 383 өтініш келіп түсіп, соның 330-ы оңды шешілді. Бұл ауызбен айтуға ғана оңай, арғы жағында қаншама кәсіпкердің тағдыры, қаншама қызметкердің еңбегі тұр.  Жыл көлемінде келген арыз-шағымның 86 пайыздан астамы шешімін тапты, осы орайда айта кетейін, республика бойынша біздің облыс кәсіпкерлер проблемаларын шешу жағынан ең алдыда, көш басында тұр.

– Өңірлік палатада жемқорлыққа қарсы және кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңес те жұмыс істеп жатқанын білеміз. Нәтижесі бар ма?

– Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңес –палатаның тұрақты түрде жұмыс істеп тұрған консультативтік-кеңестік органы. Оның құрамында прокуратура органдары, жемқорлыққа қарсы күрес қызметі, экономикалық тергеулер департаменті, мемлекеттік қызметтер жөніндегі департамент, адвокаттық қызметтер мен қоғамдастықтардың өкілдері бар.

Құрылған уақытынан бастап кеңес өзін кәсіпкерлер құқығын қорғауға пәрмені жететін жүйе ретінде, кәсіпкерліктегі мәселелерді шешудің тиімді тетігі ретінде көрсетіп келеді. Мысалы, білетін боларсыздар, былтыр кеңестің  15 отырысы өтіп, 30 мәселе қаралса, соның 24-і түйткіл туғызып келе жатқан проблемалық мәселе болды және соның 21-і оңды шешімін тапты. Құр шешімін тауып қана қойған жоқ, өз қызметіне шалағайлықпен қарап, жағдайды ушықтырған мемлекеттік органдардың 15  лауазымды тұлғасы заңды түрде әртүрлі жауапкершілікке тартылды.

Осы жылдың өткен сегіз айында кеңестің тоғыз отырысы өтті. Кеңес отырысында қаралған  15 проблемалық мәселенің  12-сі шешімін тауып, төрт лауазым иесі жауапкершілікке тартылды.

– Өңір кәсіпкерлеріне айтар қандай тілегіңіз, кеңесіңіз бар?

– Кәсіпкерлерге айтарым, алдымен өздеріңіз қолданыстағы барлық заңдылықтарды сақтаңыздар, ал егер мемлекеттік органдар тарапынан өздеріңіздің құқықтарыңыз аяққа тапталып жатса, шұғыл түрде өңірлік кәсіпкерлер палатасына 8(7232) 742-103, 742-104 немесе «Атамекен» ҰКП облыстағы өкілдігіне 8(7222) 425-744 телефоны арқылы және біздің әр аудандағы кәсіпкерлер палатасы филиалдарына хабарласыңыздар.

ӘЙЕЛДЕР КӘСІПКЕРЛІГІ КОМИТЕТІ ҚҰРЫЛМАҚ

Шығысқазақстандық кәсіпкер әйелдер Астанада өткен «ASMAR – бірлік дәстүрлері» атты әйелдер кәсіпкерлігінің халықаралық конгресіне қатысып  қайтты.

Елімізде әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға ерекше көңіл бөлініп  жатыр. Ұлттық экономика министрлігінің дерегі бойынша, 2021 жылы шағын және орта бизнестегі әйелдер үлесі 43,3 пайызға жеткен. Бұл көрсеткіш 2010 жылы 26 пайыз болған. Біздің облыста да кәсіпкерлікпен айналысып жатқан қыз-келіншектердің саны жыл сайын артып отыр.

Астанада өткен конгресте өңірлік іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Елена Березинская-Абилова кәсіпкерлікпен шұғылданатын әйелдерді қолдауда, әйелдер кәсіпкерлігін дамытуда халықаралық тәжірибелердің алар орны турасында әңгімелеп, аймақта осы бағытта атқарылып жатқан іс-шаралар қорытындысымен таныстырды.

– Бұл шара Қазақстандағы іскер әйелдер кеңесінің жеті жылғы жұмысының қорытындысы іспетті болды. Конгреске қатысушылар Қазақстандағы әйелдер бизнесін қолдау және тұрақты дамыту мәселелерін, іскерлік ортаны қалыптастырудағы жаңа тәсілдер мен трендтерді талқылады. Қазіргі кезде экономикалық белсенділікті қолдау мақсатында кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған Ұлттық жоба аясында қаржылық және қаржылық емес қолдау шаралары ұсынылып жатыр, – дейді Елена Березинская-Абилова.

«2021 жылы сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау құралы бойынша кәсіпкер әйелдердің шамамен 10 мың жобасы, кредиттерге кепілдік беру құралы бойынша жеті мың жоба қолдау тапты. Өткен жылы ақпараттық қамтамасыз ету бойынша әйелдерге 84 мыңға жуық консультация, ал сервистік қолдау бойынша 17 мыңнан астам консультация көрсетілді. Сондай-ақ бүгінде әйелдер кәсіпкерлігін дамытудың 17 орталығы жұмыс істейді. Мақсат – әйелдердің экономикалық белсенділігін ынталандыру. Келесі жылы жаңадан құрылған облыстарда орталықтар ашу жоспарлануда. Бүгінге дейін орталықтарда 7 мыңнан астам әйелге қызмет көрсетілді. Олардың 30 пайызы халықтың әлеуметтік осал топтарына жатады», – деп атап өтті конгресте Ұлттық экономика вице-минстрі Бауыржан Омарбеков.

Ұлттық экономика министрлігі Еуропалық қайта құру және даму банкімен бірлесіп кәсіпорындарға техникалық көмек көрсету, сондай-ақ қаржылық қолдау арқылы әйелдер кәсіпкерлігін дамытудың бәсекеге қабілеттілігі мен әлеуетін арттыруға бағытталған «Бизнестегі әйелдер» бағдарламасын іске асырып жатыр. Бұдан бөлек, еліміздің Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қостанай және Маңғыстау облыстарында «Бір ауыл – бір өнім» қанатқақты жобасы енгізілген.

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов конгресс делегаттарына жолдаған құттықтау хатында елдегі жұмыс күшінің 50 пайызын әйел азаматтар құрайтынын, әйелдер басқаратын заңды тұлғалардың саны өткен жылы 9 пайыздан асып, 2021 жылдың соңына қарай 625 100-ге жеткенін айтты. Қазіргі күні әйелдер кәсіпкерлігі елдегі ішкі жалпы өнімнің 40 пайызын толтырып отыр.

Конгресте Мәжіліс депутаты, Қазақстандағы іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ләззат Рамазанова алыс аудандарда, елді мекендерде тұратын әйелдердің ісін қолдау тым баяу жүріп жатқанын айтты. Ол мұның себебін мемлекеттік органдар мен даму институттары тарапынан тиісті қолдаудың, жеңілдіктің болмауымен байланыстырды. «Сондықтан олардың несие немесе грантты жеңіл иеленуіне мүмкіндік беретін шаралар кешенін әзірлеу қажет, ауыл әйеліне көмектескеніміз – бүкіл елге қол ұшын бергеніміз», – деді депутат.

– Конгресте  «Атамекен» ҰКП төралқа төрағасы Райымбек Баталов ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасы жанынан әйелдер кәсіпкерлігі комитетін құру мәселесі қаралып жатқанын айтты. Мұндай маңызды алаң кәсіпкерліктің көптеген мәселесін шешуге, әйелдердің шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысуына, оны дамытуына айтарлықтай көмегін тигізетіні, елдегі барлық прогрессивті әйелдер күшін біріктіруге мүмкіндік беретіні даусыз, – дейді халықаралық әйелдер конгресіне қатысып қайтқан өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Әлия Мұқашева.

Биылғы конгреске біздің облыстан 30, еліміздің әр түкпірінен 500-ге жуық бизнесмен келіп қатысқан. Қазір Қазақстанда жасы 29-ға жетпеген әйел кәсіпкерлердің саны 90 мыңға таяп қалған, яғни бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 37 пайызға көбейген. Бұл да әйелдер кәсіпкерлігінің әрі жасарып, әрі жыл санап белсенді болып келе жатқанын білдіреді. Конгресте қызу қолдау тапқан әйелдер кәсіпкерлігі комитетін құру туралы ұсыныс іске асса, бизнес ханым аталатын арулар саны үсті-үстіне артары анық.

«Бұл жұмыста бәрін басынан бастап реттеу керек. Тапсырма екі жылдан бері орындалмай келеді. Жүздеген, тіпті мыңдаған заңнамалық құжат пен нұсқаулықты қайта-қайта түзете бергеннен ештеңе шықпайды. Оның орнына ықшам әрі түсінікті жаңа ережелерді бекіткен жөн. Мұндай тәсілді 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап толық енгізу қажет.

Келесі мәселе. Мемлекет қаржылай қолдау жасаған кезде бәсекеге қабілетті шағын және орта бизнес өкілдеріне баса мән береді. Еңбекақы төлеу қорын көбейткен және салық төлемдерін арттырған кәсіпорындарға қолдау көрсетіледі. Бұл – негізгі талап.

Мемлекеттік сатып алудың мүлде жаңа жүйесі жасалады. Бағаның төмен болуы ғана емес, тауарлар мен қызметтердің сапасы басты назарда болады».

Осы айдарда

Back to top button