Бизнестің жол картасы қалай жүзеге асып жатыр?

Бүгінгі таңда мемлекетте шағын және орта бизнесті дамытуға және қолдауға бағытталған бірқатар бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Осындай тиімді бағдарламалардың бірі – «Бизнестің жол картасы – 2020».
Шығыс өңірінде «Бизнестің жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырыла бастаған уақыттан бері өндіріс ошақтарына 14 миллиард теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілген. Бұл туралы аймақ басшысы Даниал Ахметовтің төрағалығымен өткен облыс әкімдігінің кезекті мәжілісінде айтылды.
«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының іске асырылу барысы жайында кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ержан Шорманов баяндады.
Бағдарламаның мақсаты – экономиканың шикізаттық емес секторындағы кәсіпкерліктің өсуін қамтамасыз ету, бар жұмыс орындарын сақтау және тұрақты жаңа жұмыс орындарын құру.
Басқарма басшысы аталмыш бағдарлама аясында барлығы 1123 несиенің субсидияланғанын, жалпы сомасы 14 миллиард теңгенің субсидиясы берілгенін жеткізді. Оның ішінде, биыл 100 жобаның несиесіне 1 миллиард теңгенің субсидиясы бөлінген екен.
Есепке сүйенер болсақ, несиесі субсидияланған жобалардың саны жөнінен Өскемен, Семей, Риддер қалалары мен Глубокое, Алтай аудандары көш бастап келеді.
Сондай-ақ осы бағдарлама шеңберінде облысымыз бойынша барлығы 431 жоба 5,8 миллиард теңгеге кепілдендіріліпті. Ал осы жылы 72 бизнес-жоспар мемлекет тарапынан 784 миллион теңге мөлшеріндегі кепілге ие болған. Бұл ретте де аталмыш қала-аудандар алдыңғы шептен көрінуде.
Осы бағдарламаның бір бағыты – қаржылық емес көмекті қарастырады, яғни өз кәсібін ашам деушілерді оқытудан өткізу. Бағдарлама қолға алынған сәттен бері Шығыстағы 14 мың адам арнайы курстарда оқып шықты. Биылдың өзінде 1400 адам іс ашудың қыр-сырын меңгерген. Сондай-ақ кәсіпкерлер палатасы тарапынан облыс тұрғындарына кәсіпкерлік бойынша 100 мыңнан астам ақыл-кеңес берілген.
Жалпы, «Бизнестің жол картасы» бағдарламасының қолдауы нәтижесінде облыстағы кәсіпкерлік нысандары тарапынан 1,5 триллион теңгенің өнімі өндіріліп, 57,5 миллиард теңгенің салығы мемлекет қазынасына түскен, ең бастысы – 4,7 мың жаңа жұмыс орны құрылған.
Облыс әкімі Даниал Ахметов жалпы бағдарламаның өңіріміздегі іске асырылу барысына оң бағасын берді. Бірақ ол Семей қаласының аталмыш бағыттағы жұмысын ширатуды міндетті.
– Өскеменде 416 жоба субсидияланып, 157 жоба кепілдендірілген. Ал Семейдегі аталмыш көрсеткіштер тиісінше – 254 пен 106. Алшақтық анық байқалып тұр. Семей халқының саны көп ірі қала емес пе? Сол себепті кәсіпкерлік саласына қарқын беру, жобаларды қаржылай қолдау ісіне ден қоюларыңызды талап етемін, – деді облыс басшысы.
Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Алма Қайраханова облыстағы мемлекеттен қолдау тапқан, яғни инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүйесі тартылған нақты жобаларды санамалап берді.
2010 жылдан 2018 жылға дейін бұл бағытта 13 миллиард теңгенің 51 жобасы іске асырылған. Биыл 6 жоба қолға алынды.
Мұнымен қоса, облыстық және республикалық бюджетке қаржыландыру үшін 22 өтінім жіберіліп отыр. Олардың ішінде Өскемендегі «Өркен-КШТ» және Семейдегі «Өндіріс» индустриялық аумақтарына инженерлік желілерді тарту жұмыстары қарастырылған.
Сондай-ақ бұрын басталған бес жоба іске асырылып жатыр. Олардың ішінде Аягөз ауданы, Мамырсу ауылындағы бір ауысымда 1400 бас ұсақ малды бордақылауға арналған цех та бар. Сол кәсіпорынға инфрақұрылым желілерін – су құбыры мен электр желісін тарту үшін 465 миллион теңге бөлініпті. Осы ретте аймақ басшысы аталмыш жобаның нақты құны қанша екенін сұрады. Алайда бұл сауалға не Аягөз ауданының әкімі, не басқарма басшылары да тұшымды жауап бере алмады.
– Жобаның құны бойынша, әлеуеті бойынша нақты мәліметтеріңіз жоқ. Біз қомақты қаржыны не үшін бөліп отырғанымызды білуіміз керек қой. Міне, осы мәселені тереңірек зерттеу керек деп санаймын, – деп тапсырды облыс басшысы.
Ержан Әбіш