Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі артады

Елімізде жүзеге асырылып жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасын, сондай-ақ шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау және дамыту бағдарламаларын жүзеге асыра отырып, кәсіпорындар мен кәсіпкерлерді мұқтаж жандарға қол ұшын беріп, қайырымдылық көрсетуге үндеу мақсатында Өскемендегі драма театрында әлеуметтік кәсіпкерлік форумы өтті.
«Қоғам, мемлекет және бизнестің серіктестігі арқылы тұрақты даму» атты тақырыпта ұйымдастырылған форумның мақсаты аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму міндеттерін шешудің жаңа тәсілдері мен құралдарын іздестіру, мұқтаждарға жәрдем берер меценаттар мен демеушілер қатарына жаңа компаниялар, түлғалар тарту, әлеуметтік кәсіпкерліктің үздік өңірлік және жаһандық іскерлік тәжірибесін талқылау болды.
Өскемен қаласы әкімдігінің қолдауымен «NIET. WOMAN» Әйелдер бастамасының қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған форумға ҮЕҰ, ұлттық компаниялар, халықаралық ұйымдардың өкілдері, жекеменшік қорлар, шағын және орта бизнес өкілдері, республикалық сарапшылар, әлеуметтік кәсіпкерлер, кәсіпкерлік бірлестіктер өкілдері және елдегі, өңірдегі бизнес қауымдастықтары қатысты.
Бейресми деректерге қарағанда, бүгінгі күні Қазақстанда 500-ден астам ірі әлеуметтік кәсіпкер бар. Олардың бірі мүгедектерге арба алып беріп жатса, енді бірі емделуіне қаражат тауып беруде. Әлеуметтік кәсіпкерлік бойынша көш бастап отырған Алматы, Астана, Ақтау қалалары. Қиналғандарға қайырымдылық көрсету жағынан енді Өскемен шаһары да қалыс қалмай, төртінші орынға шығады деген үміт бар. Форумға қатысқан Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар қазіргі күні Өскеменде 15 әлеуметтік жоба жүзеге асырылғалы жатқандығын жеткізді. Оның төртеуі жүзеге асырылып та жатыр.
– Мұндай форумды өткізу қалада әлеуметтік кәсіпкерліктің өркендеуіне серпін беретініне сенімім мол. Мемлекеттің міндеті – әлеуметтік бизнеске жағдай жасау. Ал әлеуметтік кәсіпкерлер жоғары кәсіби деңгейде жұмыс істеуге дайын болуы керек. Ынталандырудан бөлек, заманауи технологияларды қолдана отырып тыңғылықты даярланған бизнес-моделімен. Сондай-ақ біз әлеуметтік кәсіпкерлік түсінігін заңды негізде бекітіп алуымыз керек. Сонымен қатар халықаралық тәжірибеге ден қойып, басқа елдерде бұл бағыттағы жобалардың қалай сәтті жүргізіліп жатқандығын назарға алуымыз қажет. Бұл әлеуметтік кәсіпкерліктің дамуына үлкен мүмкіндік туғызады, – деді форумда Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар.
Форумға Қазақстанның әр өңірінен келген танымал кәсіпкерлер, Аружан Саин, Эмин Аскеров сияқты қайырымдылық көрсетіп келе жатқан көпке белгілі тұлғалар халықтың аз қамтылған тобын демеуге орай көрсетіп отырған қайырымдылық іс-шаралары туралы айтып берді. Шығысқазақстандық кәсіпорындардың басшылары да әлеуметтік кәсіпкерліктегі өздерінің тәжірибелерімен бөлісті.
Бизнес-бағдарламаның негізгі бөлігі әлеуметтік кәсіпкерлік, шағын және орта кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау, мемлекеттік емес сектордың халыққа әлеуметтік қызметтер көрсетуіне қолжетімділік тақырыбына арналды. Форум аясында қала кәсіпкерлерінің әлеуметтік бастамаларын қолдау бойынша шеберлік сыныптары өтті.
– Біз бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға бағытталған мұндай маңызды шараны қолдаудан тыс қала алмадық, – дейді осы форумның өтуіне бас демеуші болған «Казцинк» компаниясының әкімшілік мәселелер жөніндегі атқарушы директоры Андрей Лазарев. – «Казцинктің» еліміздегі аса ірі меценат-компанияның бірі екендігі ешкімге құпия емес деп ойлаймын. Соңғы бес жылда әлеуметтік салаға жұмсалып отырған инвестиция көлемін 42 миллиардқа жеткіздік. Өткен жылы біздің компания үлкен демеушілік, қайырымдылық көрсетіп келе жатқан белгілі компаниялар тізімінің ішінде үшінші орынды иеленді. Желтоқсан айында «Казцинк» бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында тағайындалып келе жатқан мемлекеттік «Парыз» сыйлығының бас жүлдесіне лайық деп танылды. Бүгінгі шараның мақсаты – бай тәжірибесі бар серіктестермен, әлеуметтік инвестиция мүмкіндіктерімен танысу. Ең алдымен бұл форум бизнес пен билік арасындағы әлеуметтік мәселелерді, міндеттерді шешуге арналған ашық диалог. Форумда компания қайырымдылыққа инвестиция тартудың түрлі тәжірибесімен танысады, мемлекет пен бизнес бірлесе отырып шешетін өзекті мәселелерді зерделеп, білеміз. Бұл өте маңызды міндет, борыш екені даусыз.
Форумға жиналғандар Қазақстандағы әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға қолдау көрсетуге байланысты ұсыныстарды талқылап, әзірледі. Олардың қатарында қоғамның өткір әлеуметтік мәселелеріне назар аудару, соның ішінде науқас балаларға, аутизммен ауыратын балаларға арналған қайырымдылық балдарын ұйымдастыру арқылы қаражат жинау, осал топтардан шыққан балаларға арналған білім гранттарын беру сияқты міндет-мақсаттар бар.
Форумда әлеуметтік кәсіпкерлік арқылы әлеуметтік мәселелерді шешу және әлеуметтік кәсіпкерлікте қолданылатын инновацияларды, үрдістерді жетілдіру жолдары да талқыланды.
Жанаргүл Мұқатай