Қоғам

Бизнеске қолайлы жағдай қалыптасқан

Бизнеске қолайлы жағдай қалыптасқан


Қолданыстағы Салық кодексінде қарапайым халықты қойып, кәсіпкерлерге де түсініксіз тұстар көп. Осы олқылықты жою үшін жаңа кодекстің жобасы әзірленбек. Бұл туралы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев жергілікті кәсіпкерлермен кездесуінде мәлім етті.

Салық кодексі оңтайланады

Бизнеске қолайлы климат туғызу үшін елімізде кәсіпкерлердің ұсыныстары мен талап-тілектері үнемі назарға алынып келеді. Қазіргі таңда кәсіпкерлік нысандарды жоспарлы түрде тексеру азайып, жазаның көбі ескертумен алмастырылған. Тимур Құлыбаев Қазақстан заңнамасында бизнеске қатысты 400-ден астам құқықтық-нормативтік құжат бар екенін айтады. Соның 119-ына «Атамекен» палатасының ұсынысы бойынша өзгерістер мен түзетулер енгізіліпті.
Палата басшысы Шығыс Қазақстан облысының аумағында бизнеске қолайлы жағдай қалыптасқанын атап өтті.

-Бұл сапарда облыс орталығындағы бірнеше кәсіпорын мен кәсіби-техникалық білім беретін колледжді көрдім. Дуальді оқыту өз жемісін бере бастапты. Тіпті, кейбір колледждерде түлектердің 90 пайызы мамандығы бойынша жұмыс тапқан. Мұндай көрсеткіш Қазақстан бойынша некен-саяқ. Облыс әкімдігінің шағын және орта бизнесті мемлекеттік тапсырыс арқылы қолдауы да үлгі құптарлық іс. Жиһаз өндірушілерді осындай тәсілмен демеп отырған республика бойынша сіздер ғана. Мемлекеттік тапсырыстан бөлек, кейбір кәсіпорындарды қажетті шикізатпен қамту арқылы қолдап отырсыздар. Әрбір облыс дәл осылай жұмыс істесе, отандық бизнес қарқынды дамып кетер еді, – деді Тимур Құлыбаев.

Соңғы кезде бизнес өкілдері палатаға арыз-шағымдарын жиі жолдайтын болыпты. Мұндай жағдайда палата бір бизнесменнің мәселесін ғана реттеп қоймай, аталмыш кедергі өзге кәсіпкерлердің алдынан шықпайтындай етіп, жүйелі түрде шешуге көшкен. Жыл бойында кәсіпкерлер шағым айтқан 500-ден астам күрделі мәселенің үштен екісі оң шешімін тапса керек.

– Қолданыстағы Салық кодексінде қарапайым халықты қойып, кәсіпкерлерге түсініксіз тұстар көп. Онда 2,5 мыңдай сілтеме бар. Яғни, нақты бір норманы түсіну үшін бірнеше заңды ақтару керек. Осы олқылықты жою үшін жаңа кодекс әзірлемекпіз. Ол құжатта аталған сілтемелер оңтайландырылып, салық талаптары баршаға түсінікті тілмен жазылатын болады. Қосымша құн салығын әкімшілендіруге, Кедендік кодекс пен Еуразия экономикалық одағына қатысты заңдарға елеулі түзетулер енгізсек деген жоспар бар, – дейді палата төрағасы.

Өндірудің де, өткізудің де тәсілдерін меңгермек

Тимур Құлыбаев мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында қолға алынған жобалардың қағаз бетінде ғана қалып жатқанын сынға алды. Оның айтуынша, бұл бағытта нақты іске асқан жобалар тек балабақша құрылысын ғана қамтыған. Қалған салаларда бірде-бір нақты жоба жүзеге аспаған. Осы жағдайды оңалту үшін мемлекеттік органдарға концессионерлермен ұзақ мерзімді келісімшарт жасау мүмкіндігі ұсынылмақ.

Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Игорь Шацкий облыста кәсіпкерлердің алдынан шыққан 94 әкімшілік кедергінің 39-ы жойылғанын баяндады. Бұл көрсеткіш бойынша біздің облыс өңірлер арасында көш бастап тұр.

Соның бірі – Мемлекеттік кірістер комитетінің Қытайдан Семей қаласына автокөлікпен келетін жүкті шегіндіріп, тежеу бойынша тыйымына қатысты кедергі болатын. Палатаның араласуымен бұл кедергі алынды.

– Соңғы 4 жыл ішінде өңірдегі тексерулер саны 22 мыңнан 6000-ға азайды. Кәсіпкерлердің құқығын бұзғаны үшін 37 өкілетті қызметкер жауапкершілікке тартылып, бір лауазымды тұлға қызметінен босатылды. Аталған мәселе бойынша «Атамекен» ұстанымы нақты: шенеуніктердің қызметтегі салғырттығы үшін жазалау қатаң болады, – дейді Игорь Шацкий.

Тұрғындарды бизнеске баулитын «Бастау бизнес» бағдарламасы да жетілдірілмек. Кәсіпкерлікке бет бұрған жандар бұған дейін тауар өндіру тәсілдерін ғана меңгерген болса, алдағы уақытта өнімді ұтымды сатудың қыр-сырын үйрене алады. Кәсіпкерлер түзеу мекемелерінде де бизнес жүргізуге мүмкіндік алып отыр. Облыстық прокуратураның ықпалымен бизнестің бұл түрі біздің өңірде барынша қарқын алып келеді.

Игорь Шацкийдің айтуынша, облыста құрылысқа қажет материалдың 90 пайызын жергілікті өндірушілер ұсына алады. Ал аудан, қалалардағы 38 кәсіби-техникалық колледждің тең жартысында дуальді оқыту жүйесі сәтті енгізілген. Мамандар даярлау ісіне кәсіпорындар да өз есебінен қаржы бөле бастаған. Тіпті, кейбірі болашақ мамандарын өз базаларында тұрақты оқыту үшін арнайы орталықтар ашып отыр. Облыстық кәсіпкерлер палатасының жанынан ашылған кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы да заман талабына сай жетілген. Бұған дейін тек кеңес беру, жөн сілтеу бағытында жұмыс істеген орталық мамандары қазіргі таңда анықтамалар беріп, құжаттар қабылдайтын болған. Орталықта күн сайын кезекші прокурордың отыруы да кәсіпкерлерге үлкен жеңілдік болып отыр. Алдағы уақытта мұнда халыққа қызмет көрсету орталығының мамандарын тарту көзделген.

Кәсіби бағдарлауға басымдық беріледі

Тимур Құлыбаев өндірістегі жергілікті құрамның үлесін арттыру үшін елімізде барлық жағдай жасалып, Экономикалық одақтағы елдердің тендерлеріне қатысуға да мүмкіндік туғанын атады.

– Қазіргі таңда кәсіпкерлер үшін мемлекеттік тапсырысқа қол жеткізу аса қиын шаруа емес. Тіпті, тендердің әділ өткеніне күмән болса, апелляцияға беруге болады. Ендігі жерде өндірушілер сапаға сын келтірмеуі керек. Ол үшін адам капиталын дамытуға күш салынбақ. Адам капиталы артып, әр істе өз мамандары болған жағдайда ғана сапа болады. Балаларды жетінші сыныптан бастап өзі бейім салаға бағыттап оқыту тәжірибесін Білім және ғылым министрлігіне ұсынып отырмыз. Бұл ұсыныс қолдау тапса, елдегі ең қажетті мамандықтарға талдау жасаймыз. Сол зерттеу нәтижесіне қарай балаларды мектеп қабырғасында жүрген кезден бастап сұранысқа ие мамандықтарға баули отырып оқытамыз. Осы принцип жоғары оқу орындарда да жалғасып, студенттің дипломдық жұмысы стартап-жобаға теңестірілетін болады, – деді Тимур Құлыбаев.

Ал ауыл шаруашылығына төленетін субсидиялар болашақта электронды тәсілмен берілуі мүмкін. Арнайы сайтта субсидияға үміткерлер өз кабинеттерін ашып, сол арқылы өткізген құжаттарын кімнің қабылдағанын, министрлік оның өтініш-тілегіне байланысты қандай шешім шығарғанын интернет арқылы-ақ біліп отырады. Бұл тәсіл бірінші кезекте сыбайластықтың жолын бөгеу үшін енгізілмек.
Бизнесмендер базынасы

Жергілікті кәсіпкерлер орайлы сәтті пайдаланып, жүйелі шешуді талап ететін бірнеше мәселені көтерді.

«Восток-молоко» ЖШС бас директоры Сейілжан Сайлаубаев сарып ауруын емдеудің бірыңғай әдістемесі жоқ болуы, мыңғыртып мал ұстаған кәсіпкерді тәуекелмен жұмыс істеуге мәжбүр етіп отырғанын айтады. Ол өз иелігіндегі ірі қараны сарыптан сақтаудың бірегей тәсілін ойлап тапқан.

– Осы тәсілді бүкіл елге таратсақ, сарыптың сарсаңынан біржола құтылар едік, – дейді кәсіпкер. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов кәсіпкердің бұл ұсынысы министрліктің назарына ұсынылғанын айтып, С.Сайлаубаевты сарып ауруымен күрес стратегиясын талқылайтын конференцияға қатысуға шақырды.

Риддерлік кәсіпкер Александр Климов жыл өткен сайын өзен-көлдердің жағасында орналасқан туристік базалардың жұмыс істеуі қиынға соғып отырғанын мәселе етіп көтерді.

– Орманды алқаптар мен өзен-көлдердің жағасы туризмге аса қолайлы. Біздің облыста ондай орындар жетерлік. Алайда, соның көбінде кәсіп жүргізуге тыйым салынған. Осы тыйымдар алынып, су қорғау аумағы азайтылса дұрыс болар еді, – дейді кәсіпкер. Тимур Құлыбаев су қорғау аумағы бұрын жағалаудан 500 метр қашықтықты қамтыса, ол шек қазір 70 метрге дейін тарылғанын атады.

Бизнеске қолайлы жағдай қалыптасқан

Кәсіпкерлер мемлекеттік органдар көрсететін қызметтердің ішінде ешбір заңмен реттелмейтін, елеусіз түрлері бар екенін айтады. Маңызы мардымсыз болса да, бұл қызметке қол жеткізу бизнес өкілдері үшін айтарлықтай қиындықтар туғызып отыр. Мысалы, жерге орналастыру құжаттарын бітіру үшін 25 күн кететін көрінеді. Ал кейбір ұсақ анықтамалар алу үшін екі рет ақы төлеу керек. Абылай Мырзахметов кәсіпкерлерге көрсетілетін қызметтерге талдау жүргізіліп, тасада қалған түрлерін заңмен реттеу жоспарланғанын айтты.

Өңірдің автобус тасымалдаушылары жалға берген көлігі үшін екі рет салық төлеу талап етіліп отырғанын айтады.

– Көлігімізді жалға бергеніміз үшін салықты бір төлесек, оның тасымалынан табыс тапқанымыз үшін екінші рет салық төлеуді талап етуде. Ол салықты автобусты жалға алған адам төлеуі керек екені заңда да көрсетілген, – дейді кәсіпкер.

Бұл мәселені Тимур Құлыбаев жеке бақылауына алды. Тендердің нәтижесін апелляцияға беру тәжірибесін сынға алған кәсіпкерлер де болды. Сөз алған кәсіпкерлердің барлығы өз сауалдарына толық жауап алды. Кездесуді қорытындылаған палата төрағасы Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі мен жергілікті кәсіпкерлер палатасы қанаттаса жұмыс істеп отырғанын атап, өзге өңірлерді үлгі алуға шақырды.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button