Қоғам

Бизнеске елу жоба ұсынылды

 Бөдене өсіріп,  пайда тапқыңыз келе ме? Әлде әлемде жоқ су аттракционын салсыз ба? Немесе, ақ нан пісіріп нарықты жаулаған наубайшы атанасыз ба? Мұның барлығы арман емес, нақты іске асатын жобалар. Тек қалталы инвестор болсаңыз болғаны.

Міне, осы және басқа да жобалар Өскеменде өткен «Oskemen Invest» – бизнеске 50 нақты ұсыныс» бірінші қалалық инвестициялық форумында еліміздің бірнеше аймағынан келген кәсіпкерлер назарына ұсынылды. Қала экономикасына инвестиция тарту мақсатында ұйымдастырылған іс-шараға жергілікті кәсіпкерлермен қатар, Нұр-Сұлтан, Алматы, Павлодар және Семей қалаларынан да инвесторлар келді.

Форум аясында әлеуетті инвесторларға облыс орталығы аумағында балабақша салып, оларды мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында пайдалануға мүмкіндік беретін 12 жер учаскесі, алты мемлекеттік балабақшаны бәсекелі ортаға беру, білім беру мекемелерін сенімгерлік басқаруға беру жобалары таныстырылды. Сонымен қатар бүгінде аумағы ұлғайып келе жатқан қаланың 19-шы тұрғын ауданындағы әкімшілік-коммерциялық мақсаттағы нысандары бар көпқабатты тұрғын үйлер мен сауда нысандары орналастырылатын ғимараттар салуға арналған 8 жер учаскесін аукцион арқылы сату жобасы, шаруа қожалығын және ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізуге арналған алты жер телімін, қаланың қос қапталында орналасқан екі индустриялық аймақтың жобалары бизнесмендер назарына ұсынылды.

– Бұл форум мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлер арасындағы келіссөздер алаңы ретінде өткізіліп отыр. Жобалардың барлығы инвесторлар назарына ілініп әрі қарай жұмыстарын жалғастырады деген ойдамын. Жалпы, экономиканың дамуы шағын және орта бизнестің әлеуетіне байланысты екені белгілі. Ал оны дамыту үшін бірінші кезекте инвестиция тарту қажет, – деді Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар.

Жергілікті атқарушы органдардың жобаларымен қатар, жобасы бар, бірақ қажетті қаражат таба алмай отырған кәсіпкерлердің де жобалары қатар таныстырылды. Атап айтсақ, ел аумағында сатылатын дәрі-дәрмектің 30 пайызын қамтамасыз етіп отырған қазақстандық «КФК» Медсервис ПЛЮС» ЖШС-нің медициналық препараттар сақтайтын қоймасын салу, астық өңдеудің толық циклін қамтитын наубайхана салу, диеталық тамақ өнімдерін алу және сату үшін бөдене өсіру, құс саңғырығын кәдеге жаратып, жарық пен жылу беретін «Биогаз» қондырғысын орнату, әлемдегі ең ұзын су аттракционын салу сияқты жобалар жайы талқыланды.

– Бөдене өсіру жобасын бүгінде бастап қойдым, – дейді жеке кәсіпкер Аңсар Ешенбаев.   – Енді инвесторлар көмегімен оның ауқымын кеңейтуді ойластырып отырмын. Бөдене өсіру кәсібі тауық өнімдерін сатудан төрт есеге пайдалы. Біздің фермамыз бөдене санын көбейтуге және балапандарын бордақылауға арналады. Бір бөдене бір жылда 300-ге тарта жұмыртқа береді. Инкубациялық кезеңі – 16, жұмыртқа беретін кезге жетуі – 40 күнді құрайтын бұл құс өте пайдалы.

Бастамасы жасалған бизнеске бар-жоғы 18 млн. теңге инвестиция қажет екенін айтқан ол құйылған қаражат екі ай көлемінде ақталып, әрі қарай табыс әкеле бастайтынын тілге тиек етті. Сондай-ақ аталмыш кәсіпорын бөдене еті мен жұмыртқасының нарықтағы бағасын бірнеше есеге арзандатып сатуды тәжірибеге енгізбек.

Бүгінгі таңда облыс орталығындағы шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 30 мыңнан асады. Аталмыш салада 92 мыңнан астам қала тұрғыны еңбек етеді. Бірінші жартыжылдықта шағын және орта бизнес нысандары 281 млрд. теңгенің өнімін өндіріп, қалада өндірілген өнімнің 50 пайызын құраған. Сондай-ақ өткен 9 айдың қорытындысы бойынша қалаға 60 млрд. теңгенің инвестициясы тартылып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 46 пайызға өсім берген. Ал аталмыш сала субъектілерінен түскен салық мөлшері 25 млрд. теңгеге жетіп, өткен жылғы көрсеткіштен 11 пайызға артқан.

Азамат Темірбеков

Осы айдарда

Back to top button