БілімТОП

Бізге керегі – терең білім мен еңбекқорлық

Өңірдің білім саласы қызметкерлерінің тамыз кеңесі биыл «Білімді ұлт: терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет» атты тақырыппен өтті. On-line форматында өткен тамыз кеңесіне облыс әкімінің орынбасары Ш.Бұқтұғұтов, Парламент Сенатының депутаты Ольга Булавкина, Amanat партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы С.Жұмаділова, қала және аудан әкімдері, жоғары оқу орындарының ректорлары, қалалық және аудандық білім бөлімдерінің басшылары, білім беру ұйымдарының басшылары мен педагогтар қатысты.

Балабақшамен қамту көрсеткіші жоғары

– Мемлекет басшысы 2022 жылды Балалар жылы деп жариялағанын білесіздер, осы ретте Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы «Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз» деген болатын.  Білімі терең, ойы озық ұрпақты тәрбиелейтін мұғалімдерге зор жауапкершілік жүктеледі. Бүгінгі оқушылар – Жаңа Қазақстанның жарқын болашағы, – деген облыс әкімінің орынбасары Ш.Бұқтұғұтов аймақтың білім беру жүйесін реформалау жұмыстарының әлі де жалғасып жатқанын айта келіп, білім беру саласында таяу уақытта шешілуі тиіс бірқатар мәселеге де тоқталды.

Жалпы, Шығыс Қазақстан облысы – республикадағы 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен 100 пайыз қамтып отырған аймақтың бірі. Биыл 2-3 жастағы балаларды мектепке дейінгі мекемемен қамту көрсеткіші 88 пайыздан 98 пайызға артыпты. Кезекте әлі де 2200 бала тұр. Оның 41%-ы, яғни  904 бала – өскемендік.

Облыс әкімінің орынбасары облыста үш ауысымды және апатты жағдайдағы мектептердің мәселесі шешімін тапқанын айтты. Мемлекет басшысының Қазақстанда мың мектеп салу туралы тапсырмасына сәйкес «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2025 жылға дейін аймақта 7580  орындық 20 білім ошағы салынатын болады.

Биыл төрт мектеп пайдалануға берілсе, олардың екеуі Күршім ауданының Ұрынхай және Жолнұсқау ауылдарында ашылмақ. Әрине, жаңа салынған мектептер халықаралық талаптарға сай заманауи құралдармен жабдықталатын болады. Бұдан бөлек облыс әкімінің орынбасары 1 млрд. теңгеге биыл  40 білім беру нысанына ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілгенін айтты. Тұтас алғанда, соңғы екі жылда 152 мектеп, 114 кітапхана, 112 асхана жаңарып, жаңғыртылып, 70 мектептің жиһазы жаңаланыпты, сондай ақ 273 жаңа физика, химия, биология кабинеттері ашылыпты.

Ш.Бұқтұғұтов облыста бес жылдың көлемінде көптілді білім беруді дамыту бағдарламасы іске асырылып келе жатқанын, осынау іске еліміздің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының ғалымдарымен бірге шетелдік серіктестер де тартылғанын  айтты.

Соңғы екі жылда аймақта қолға алынған «Білікті маман» жобасы аясында облыс мектептеріне 284 жас маман келген. Мектеп түлектерінің сыртқа ағылуы алты есе тежелген. Егер 2016 жылы мектепті бітірген 1800 түлек шетелге білім іздеп кетсе, биыл олардың қатары – небары 298. Жыл сайын колледждерде тегін білім алу үшін мемлекеттік тапсырыстың көлемі 10 пайызға ұлғайып отыр. Биыл шалғайдағы ауылдан келіп оқитын студенттер үшін 488 орындық екі жатақхана пайдалануға берілетін болады.

Облыс әкімінің орынбасары өз сөзінде білім саласындағы жетістіктерді саралайтын республикалық мониторинг нәтижесі бойынша біздің өңір мақтаулы үштікке кіретінін де тілге тиек етті. Дарынды, талантты өрендерді қолдау жұмысы әрі қарай да өз жалғасын табатын болады. Облыста оқушыларды қосымша біліммен қамту көрсеткіші – 91%.

Сондай-ақ тамыз кеңесінде облыс әкімінің орынбасары білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік, көпбалалы және аз қамтылған отбасы балаларын әлеуметтік қолдау, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамыту мәселелеріне де тоқтала келіп, білімнің мемлекет үшін өте маңызды стратегиялық ресурс екенін қадап айтты.

Дәстүрлі тамыз кеңесіне қатысушыларды Қазақстан Парламенті Сенатының депутаты Ольга Булавкина құттықтап, ізгі тілегін білдірді. Депутат Қазақстандағы білім беру саласын дамытуға соңғы он жылда 20 триллион теңге бөлінгенін айтты. Тек биылдың өзінде жоғары оқу орнына түсушілер үшін 73 мың грант бөлінсе, оның 60 пайызы техникалық жоғары оқу орындарының үлесінде. 2020 жылдан бастап жыл сайын педагогтардың жалақысы 25 пайызға өсіп отыр. О.Булавкина табысқа жетудің кілті білімде деп санайды.

Мектептерде жаңа лауазым пайда болды

2022-2023 жылғы жаңа оқу жылының ерекшеліктері қандай? Тамыз кеңесінде бұл туралы облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Алима Ақылбек баяндады. Биыл оқу жылының ұзақтығы 34 апта емес, 36 апта. Оқушылар 173 күн оқып, 192 күн демалады. Егер бұрын бастауыш сынып оқушылары қатарынан  үш тілді оқыған болса, биылдан бастап бұған да өзгеріс енгізілген. Өзін-өзі тану пәні мектеп бағдарламасынан алынып тасталды. Мектептерде жаңа лауазым – орта және негізгі мектептерде кәсіпке бағдарлау педагогы пайда болды. Бастауыш сыныптарда көркем еңбек пәні бейнелеу өнері және еңбек пәні болып екі бөлек оқытылады. Баяндамасын осы секілді жаңа оқу жылының ерекшеліктерінен бастаған Алима Ақылбек білім саласындағы өзге де мәселелерге тоқталып өтті. Айтуынша, бүгінгі таңда облыста 200 мектепке дейінгі мекеме бар болса, оның  85-і жекеменшік. Балабақшалар желісі 10 бірлікке артыпты. Бүгінгі күні мемлекеттік тапсырыс есебінен 11 967 мектеп жасына дейінгі бала жекеменшік балабақшаға барады. Бұл – 47%.

Биыл облыс мектептері республикалық «Тірек мектебі –магниттік мектеп» қанатқақты жобасына қатыса бастапты.  Бұл жобаның негізгі мақсаты – ауылдағы шағын жинақты мектеп оқушыларының білімін көтеру.

Жалпы, 2025 жылға дейін аймақта салынуы тиіс 20 мектептің сегізі шалғайдағы ауылдарда  бой көтермек.

Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Алима Ақылбек биыл барлық мектептің оқушылары оқулықпен қамтамасыз етілетінін айтты.  202 407  дана оқулық алу үшін биыл 456 млн. қаражат бөлінген. Мектептердегі көркем әдебиет қоры – 2 миллион 600 мың дана.

Биыл ҰБТ-ға 7 536 түлек қатысыпты. Түлектердің 63 пайызы жоғары оқу орнының студенті атанған болса, оның ішінде 450 бітіруші облыс әкімінің грантына ие болыпты.

Облыстың білім басқармасының басшысы міндетін атқарушы Алима Ақылбек сонымен қатар оқушылардың интеллектуалдық қабілетін дамыту бойынша жұмыстардың жүйелі түрде жүргізіліп келе жатқанын айтты. Облыс командасы халықаралық және республикалық білім додаларында намысты қолдан берген емес. Әрине, әрбір жетістікке жеткен оқушының артында тәлімгер мұғалімнің тұрғаны анық. Бүгінгі күні 9132 педагог жаңа жүйе бойынша аттестаттаудан өткен. 412 педагогтың магистр дәрежесі бар. Жалпы, биыл «Е-портфолио» жүйесінің енгізілуі педагог жұмысына игі ықпал етіпті. Бұл жүйе – педагог біліктілігінің  деңгейін ғана емес, жұмыстың ашықтығы мен тазалығының да көрсеткіші. Осы  күнге дейін осы жүйе бойынша 438 мұғалімнің құжаты қабылданыпты.

Облыста 7337 ерекше білімге қажеттілігі бар оқушы бар. 2025 жылға дейін облыс орталығында тағы бір психо- медициналық-педагогикалық концультация мен Алтай қаласы, Самар және Ақжар ауылдарында психологиялық- педагогикалық коррекция кабинеті ашылмақ.

Тамыз кеңесінде сондай-ақ ағылшын тілі бойынша халықаралық тренер, Англия азаматы Томас Кевин Джордан сөз алып, аймақта іске асырылып жатқан көптілділікті дамытудың кешенді бағдарламасы туралы өз ойын ортаға салды. Аймақтағы ағылшын тілі мұғалімдері халықаралық емтихандарда жоғары нәтиже көрсетіп, сертификаттарға ие болған.

Сондай-ақ техникалық және кәсіптік білім беру саласында мамандарды даярлаудағы әлеуметтік серіктестердің бірі «VK Development Group» ЖШС-нің бас инженері Владимир Титаренко, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің құрылыс мамандығы бойынша 2021 жылғы түлегі, жобалаушы инженер Екатерина Иванова да сөз алып, білім саласында іске асырылып жатқан жобалардың артықшылықтарын санап берді.

Қонаев мектебі үздік

Әрине, тамыз кеңесі марапатсыз бола ма? Осы шарада  «Ең үздік білім беру ұйымы» облыстық байқауының жеңімпаздарының аты аталып, сертификаттарға ие болды. Бірінші орынға Риддер қаласындағы Қонаев атындағы №3 орта мектеп ие болып, 20 миллион теңгенің сертификатын қанжығасына байласа, екінші орынды Самар ауданы Көкжыра ауылындағы Амангелді атындағы орта мектеп иеленіп, 16 миллион теңгенің сертификатына қол жеткізді. Үшінші орынға Глубокое ауданындағы №1 Предгорное орта мектебі ие болып, 12 миллион теңгенің сертификатымен марапатталды. Сондай-ақ бірқатар мұғалім «Шығыс Қазақстан облысының білім беру ісіне қосқан үлесі үшін» құрметті атағын алса, тағы біразы «Шығыс Қазақстан облысының еңбек сіңірген ұстазы» төсбелгісін кеудесіне қадады. Марапат иелеріне облыс әкімінің 600 мың теңге көлемінде сыйақысы табысталады. Сонымен бірге «Ы.Алтынсарин атындағы» төсбелгімен, «Мейірім – әлемге махаббатпен», «Білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Еңбек ардагері» медальдары да өз иелерін тапқанын айта кеткеніміз жөн. Сондай-ақ «Мектепке жол» қайырымдылық акциясына белсенділікпен қатысқан өңірдегі меценаттар мен демеушілер де марапатсыз қалмады. Олардың арасында Шемонайха ауданындағы ірі щаруашылық басшысы, меценат Владимир Акулов, «Казцинк» металлургиялық кешенінің директоры Тұрарбек Әзекенов, Ұлан ауданындағы «Дружба» шаруа қожалығының жетекшісі Василий Гладышев, риддерлік жеке кәсіпкер Елена Каирденова бар.

Мейрамтай Иманғали

 

 

Осы айдарда

Back to top button