Қоғам

Біздің мақсатымыз – инновацияларды дамыту

Президенттің төрағалығымен Шетелдік инвесторлар кеңесінің 34-ші пленарлық отырысы өтті. Жиынға ірі трансұлттық компаниялардың, мемлекеттік органдардың басшылары мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Отырыстың күн тәртібінде экономиканы көміртегінен арылту ісін дамыту және көміртегін аз пайдалану технологияларын енгізу мәселелері қарастырылды.

Мемлекет басшысы бүгінгі отырыс халықаралық ахуалдың шиеленіскен жағдайында өтіп жатқанын атап өтті.

– Жаһандық логистика жүйесінің бұзылуы, сауда соғыстары, бұрын-соңды болмаған инфляциялық қысым – мұның бәрі бүгінгі күннің шынайы көрінісі. Мұндай жағдайда мемлекет пен бизнес жаңа ойын ережелеріне тез бейімделуі керек. Біз тек осылай ғана бәсекеге қабілеттілігімізді сақтай аламыз, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіліп жатқан ауқымды демократиялық реформалар, жуырда өткен жалпыұлттық референдумның негізгі мақсат-міндеттері туралы айтты. Президенттің пайымынша, жүргізіліп жатқан саяси реформалар кешенді экономикалық жаңғырумен қатар жүруге тиіс.

Президент экономиканы көміртегінен арылту және көміртегін аз пайдалану технологиясын енгізудің өзектілігіне назар аударды. Атап айтқанда, климаттың өзгеруіне, бидай өнімінің азаюы және су ресурстарының жеткіліксіз болу қатерлеріне байланысты проблемаларды шешу үшін шұғыл түрде жүйелі шаралар қабылдау мәселесіне тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы барлық парниктік газ қалдықтарының 80 пайызы қазба отындарын пайдалану арқылы энергия өндірумен байланысты және бұның еліміздің климатына кері әсер ететін негізгі фактор екенін атап өтті. Оның айтуынша, энергетика саласын жаңғыртудың айтарлықтай маңызы бар.

Қазақстан Президенті инвестициялық ахуалды одан әрі жақсарту және инвесторлардың заңды құқығын қорғау жүйесін жетілдіру мемлекетіміздің стратегиялық міндеті екенін атап өтті.

– Былтыр шетелдік серіктестер біздің экономикамызға шамамен 24 миллиард доллар инвестиция салды. Бұл оның алдындағы жылмен салыстырғанда 38 пайызға көп. Бір айта кетерлігі, шетелдік инвестицияның 60 пайыздан астамы қазірдің өзінде экономиканың шикізаттық емес секторына тиесілі. Біз бұл инвестицияларды жоғары бағалаймыз және шетелдік серіктестер алдындағы барлық міндеттемемізді мінсіз орындауға бар күшімізді саламыз. Қазақстан инвесторлар үшін ашық есік саясатын күшейте түседі, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік компаниялармен тікелей ықпалдастықты жолға қою, соның ішінде оларды елімізге көшіру немесе бірлескен кәсіпорындар ашу үшін барлық институционалдық жағдайларды жасауға дайын екенін мәлімдеді.

– Біздің мақсатымыз – инновацияларды дамыту және еліміздегі адам капиталының деңгейін арттыру. Шетелдік инвесторлар кеңесі бұл жерде, әсіресе, өзара тиімді шешімдерді табу және ынтымақтастықтың өзекті бағыттары жөнінде тәжірибе алмасу тұрғысынан өзіне тиісті рөлін атқаруы керек деп есептеймін. Үкімет осы кеңеспен бірлесе отырып, аталған мәселелерді шешудің нақты шараларын талдап, әзірлеуі қажет, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі жүйелі жұмыс ауқымды реформалармен ұштасатынын айтты. Бұл жерде адал бәсекелестікті дамыту, сыбайлас жемқорлықты жою, тиімді мемлекеттік басқару, адам капиталының сапасын арттыру және сот жүйесін реформалау мәселелері сөз болды.

Мемлекет басшысы өз сөзінде 2060 жылға дейін көміртегінен бейтараптыққа қол жеткізу үшін күш жұмылдыру керек екеніне ерекше назар аударды. Сондай-ақ ауқымды экономикалық, технологиялық және әлеуметтік жаңғыруларды қамтитын тиісті стратегиялық жоба әзірленіп жатқанын жеткізді. Бұл жыл соңына дейін қабылдануға тиіс.

Президент Еуропа одағының 2030 жылға қарай парниктік газ қалдықтарын 55 пайызға азайтуға және 2050 жылға қарай көміртегінен бейтараптыққа қол жеткізуге ниетті екенін еске салды. Бұл ретте Мемлекет басшысы 2026 жылдан бастап қазақстандық экспорттаушылар Еуропа одағының бюджетіне шекаралық көміртегі салығын төлейтініне және бұл отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігіне әсер етуі мүмкін екеніне назар аударды.

Мемлекет басшысы экономиканың экспортқа бағытталған секторларына арналған квоталарды ақылы түрде бөлуге кезең-кезеңімен көшу қажет екенін атап өтті. Президенттің пікірінше, квота саудасының отандық жүйесі парниктік газ қалдықтарын өлшеу және тексеру бойынша сенімді деректерге негізделуі керек.

– Алайда, іс жүзінде, біз мүлде олай емес екенін көріп отырмыз. Парниктік газ қалдықтарын тексеру және анықтау жөніндегі органдар берілген есептерді қашықтан куәландырып, қондырғылар орнатылған операторлық учаскелерге бармайды. Осылайша, елдің әртүрлі аймағында олар бір уақытта жиырмаға жуық есепті тексере алады. Мұндай есептердің дұрыстығы күмән тудырады. Сондықтан Үкіметке парниктік газ қалдықтарын тексеру және анықтау жөніндегі органдардың жауапкершілігі мен құзыретін күшейту жөнінде пәрменді шаралар қабылдауды тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы.

Президент елімізде газ тұтынуға сұраныстың артқанын атап өтіп, көмірді пайдалануды азайту ісінде газ саласының маңызды рөл атқаратынын айтты.

– Газ экспортына қарағанда ішкі қажеттіліктерді қамтамасыз ету маңызды екенін қадап айтқым келеді. Үкіметке Теңіз кен орнының акционерлерімен бірлесе отырып, экспортталатын екі миллиард текше метр газды ішкі нарыққа қайта бағыттауды тапсырамын, – деді Қасым-Жомарт  Тоқаев.

Мемлекет басшысы жаңартылатын және баламалы энергия көзін дамыту әлеуетінің артып келе жатқанына тоқталды. 2030 жылға қарай еліміздің энергия теңгеріміндегі жаңартылатын энергия көзін кемінде 15 пайызға дейін арттыру міндеті қойылды.

Сонымен қатар Президент атом энергиясын пайдаланудың маңызды екенін атап өтті. Оның пікірінше, жаңартылатын энергияның тұрақсыз және газ тарату ісі шектеулі болған жағдайда «залалсыз» атом үздіксіз энергия берудің жалғыз көзі болады.

Қазақстан Президенті сөзін қорытындылай келе, Кеңес мүшелерін «жасыл» жобаларды жүзеге асыру, ESG инвестициясын тарту және орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу жөніндегі іс-қимылдарды жандандыруға шақырды.

 Аkorda.kz

Осы айдарда

Back to top button