Қоғам

Біздің бірегейлігімізді көрсетеді

Биылдан бастап күнтізбеден ұлттық мереке ретінде ойып тұрып орын алған 25 қазан – Республика күнін ел болып атап өткелі жатырмыз. Осынау айтулы мереке қарсаңында біз Өскеменнің көшелерін аралап, қала тұрғындарының Республика күніне қатысты пікірін сұрап, білген едік.

Шыңғыс Болатұлы, Назарбаев зияткерлік мектебінің кураторы:

– Бұл мереке мен үшін жаңалық емес, себебі ол 2009 жылға дейін тойланып келген. Маған мектеп кезінен таныс. Аталмыш мереке ешкімнің етегіне жармаспайтын егемен елдердің барлығында аталып өтеді. Тәуелсіздік жолында тәй-тәй басқан Қазақстан да бұл күнді тойлағаны орынды. Республика күні әлем елдерінің алдында біздің бірегейлігімізді көрсетіп тұруы тиіс.

Қастер Сайланбек, жеке кәсіпкер:

– Республика күнін атап өткенді құптаймын. Елдігіміздің, егемендігіміздің бір белгісі ғой бұл да. Осы күнге жету жолындағы тарихымызды өскелең ұрпақтың санасына сіңіру өте маңызды. Өткеніңді білмесең, келешекке қадам басу қиын. Сондықтан бұл күнді мереке ретінде тойлаған өте орынды. Облыс жаңалықтарын үзбей қарап отырамын. Республика күніне орай 500-ден астам іс-шара ұйымдастырылады деп жатыр. Оқып шығып бір марқайып қалдым. Өзім ұялы телефонды жөндеумен айналысамын. Ұлттық мерекемізден мен де шет қалмайын деген ниетпен мейрам күні шеберханаға келетін адамдарға тосынсыйлар мен арнайы жеңілдіктер қарастырып қойдым.

Талап Қабылашов, қала тұрғыны:

– Биыл 25 қазанда Республика күнін ұлттық мереке ретінде тойламақпыз. Өте құптарлық шешім болды деп ойлаймын. Кейбіреулер бұл күнді Тұнғыш Президент күнін алмастырған мейрам ретінде қарайды. Алайда түпкі мағынасына үңілер болсақ, елімізге нағыз керек мереке. Неге дейсіз бе? Өйткені Қазақстанның тәуелсіздік жолындағы алғашқы қадамы осы күннен бастау алған. Сондықтан ел болып, жұрт болып Республика күнін атап өтуіміз керек. Оның үстіне жұмысбасты халыққа тағы да бір күндік демалыс, көтеріңкі көңіл-күй артықтық етпейді.

Мақпал Жоламанқызы, ұстаз:

– Араға біраз уақыт салып қайта оралған Республика күні мерекесінің биылдан бастап ел көлемінде аталып өткелі жатқанына өте қуаныштымын. Бұл күн мемлекетіміздің туған күні іспеттес. Ұлттық рухты, халықтың бірлігін және ұлттар арасындағы ынтымақтастықты нығайта түсетін мереке осы Республика күні деп білемін. Оның үстіне аталмыш мейрам біздің балалық шағымыздың жарқын бір естелігінен құралған.

Әзірлеген – Ынтымақ Толқын

Осы айдарда

Back to top button