Бізді оң өзгерістер күтіп тұр

5 маусымда елімізде Республикалық референдум өтеді. Бұл оқиға қазір қоғамда кеңінен талқыланып жатыр. Президенттің бұл шешімі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» концепциясына сай келеді және оның міндеті – қоғамды саяси өзгерістер төңірегіне біріктіру. Референдум – азаматтардың өз еркін тікелей білдіруіне мүмкіндік беретін ең демократиялық жол.
Атап айтар болсам, конституциялық реформа билік тармақтары арасындағы қарым-қатынастың тепе-теңдігін және оңтайлы болуын қалыптастырады. Сондай-ақ президенттік институттың барынша дербес болуын қамтамасыз етеді. Ата Заңымыздың 43-бабына 3-тармақ қосылатын болады. Онда «Қазақстан Республикасының Президенті өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезеңінде саяси партияда болмауға тиіс» деп көрсетіледі. Осы логикаға сәйкес Конституциялық Соттың, Жоғарғы Соттың және өзге де соттардың төрағалары мен судьяларына, Орталық сайлау комиссиясының Жоғарғы аудиторлық палатасының мүшелеріне де осындай тыйым салынады. Саяси бәсеке артып, барлық саяси партияларды дамытуға бірдей жағдай қалыптасады, дербес әрі әділ шешім қабылдауға жол ашылады. Мемлекет басшысы барлық азаматқа тең мүмкіндік берілуінің мызғымас кепілі болуға тиіс. Сол себепті Конституцияның 43-бабына 4-тармақ қосылады. Онда «Президенттің жақын туыстарының мемлекеттік саяси қызметшілердің, квазимемлекеттік сектор субъектілері басшыларының қызметін атқаруға хақысы жоқ» деп көрсетілетін болады.
Мен референдум туралы тереңірек зерттеп білгенде, оның тек саясат үшін ғана керек дүние емес, жалпы халық үшін маңызды оқиға екенін айқын ұғындым. Бұл ең алдымен халық үшін жасалады. Қазір шынымен де нағыз референдум өткізетін уақыт. Президентіміздің: «Біз жаңа Қазақстанды құрып жатырмыз және бұл жұмысқа әрбір адам белсене атсалысуы керек» деп атап айтқанындай, өз басым баршамызды оң өзгерістер күтіп тұрғанына бек сенімдімін!
Армен Карапетян
Күршім ауданы ішкі саясат бөлімінің бас маманы