Руханият

Біз шанышар дәстүрін білесіз бе?

Салт-дәстүрдің астарында қазақтың сан ғасырлық ғұрпы мен әдеті, танымы мен тарихы көмкерілген. Күні бүгінге дейін өзектілігін жоймай, өмір сүру қағидамыздан қалмай келе жатқандары жетерлік. Алайда уақыт ағымына ілесе алмай жаһандық үрдіске жұтылып кеткендері де бар. Соның бірі біз шанышар дәстүрі.

Дәстүрдің діңінде ұлттың рухани қазынасы бар. Сондықтан да оған кешегі кер замандағы ескіліктің әдеті деп көз жұма қарамауымыз керек. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Наурыз мейрамын атап өту тұжырымдамасын жасап, көктем мерекесінің мазмұнын байыта түскен жөн. Бүкіл қоғамды ұйыстыратын құндылықтар неғұрлым көп болса, бірлігіміз де соғұрлым бекем болады» деген еді. Қоғамды ұйыстырып, берекені арттыратын құндылықтардың бірі – қонақжайлық. Қазақтың қонақжайлыққа қатысты дәстүрлерінің қатарында біз сөз етіп отырған Біз шанышар дәстүрі бар.

Қазақтың дүниетанымында қонақ құт саналады. Сондықтан да келген қонағын құрметпен қарсы алып, риза қылып қайтаратын. Қонған қонағын дұрыс күте алмағаны үшін айып арқалап, сын еститін болған. Тіпті табаққа тартылған еттің безі алынбай қалса да айып арқалаған. Түн жамылып келсе, құдайы қонақ, түс әлетінде келсе, құпия қонақ деп білген. Көбінде күндіз келген қонақтар түс ауа аттанып кететін болған. Ал біз шаншуға келген қонақтар  ешкіммен сөйлеспей, аттарының ер-тоқымын бір жерге жинап, түскі астан соң да кетпей қояды екен. Ондайда үй иесі қонаққа арнап мал сояды. Қонған адам ертеңінде күн көтеріле үн-түнсіз аттанып кетеді. Көбінде көпті көрген қариялар бұл дәстүрді атқаратын көрінеді. Қонақ кеткен соң, үйдегілер бұл жағдайды түсіне қойып, дереу сырмақ қағады. Қайрағын іздейді. Содан сырмаққа шаншылған бізді көрсе, қайрақтың жоғалғанын біледі.

Бұл – «Ұл ержетті, қыз бойжетті. Қосқұлақ бала бізде  бар. Қас сұлу сізде бар. Жегжат болайық»  дегені. Егер қызы бар үй қайрақты сұрамаса, әлгі қонақ болып кеткен жақ келіп құда түседі.

Жалпы қайрақ – ұл бала қолданатын сайман. Ал ине – қыз балаға тиесілі. Қариялардың сырмаққа біз шаншуы – бізде бір ұл бар, осы шаңыраққа ұл болса дегенді тұспалдап білдіруі. Ал қайрақты алып кетуі – құда болайық дегені екен.

Қызырбек Дүргінбайұлы

Осы айдарда

Back to top button