Елімізде, облыста «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы бойынша жыл сайын кәсіпкерлерге 2 млн. теңгеден 5 млн. теңгеге дейін қайтарымсыз мемлекеттік гранттар беріліп жатыр. Бизнесті қолдау мақсатында ісін, кәсібін жаңа бастаған кәсіпкерлерге өтеусіз негізде ұсынылатын қаржыны кімдер, қалай алуына болады?
Айгүл Шәкірова, Өңірлік кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлерді қаржылай емес қолдау бөлімінің басшысы:
– «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында бизнес субьектілеріне 2 миллионнан 5 миллионға дейін инновациялық гранттар беріледі. Гранттың аты айтып тұрғандай жаңадан ашылатын бизнестің ерекше бір жаңашылдығы болуы керек. Бағдарламаның операторы – кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы. Гранттар жыл сайын екі траншпен, яғни, екі кезеңмен көктемде және күзде беріліп келеді. Әзірге ИС Qolday жүйесі арқылы құжаттар қабылдау қашан басталатыны хабарланған жоқ. Осы жерде мына жайтты айтпай кетпеске болмас.
Біріншіден әлеуметтік әлсіз топтарға жататын көпбалалы, толық емес отбасылар, зейнеткерлер, мүгедектер тағы да басқалар «Бизнестің жол картасы-2025» конкурсына қатысу үшін олардан жобаға 10 пайыз көлемде өз қаржысын салу талап етілмейді. Бизнес-жоспарда инновациялық жаңашылдықтарды ұсыну да міндетті емес, бірақ сонымен бірге оларға бөлінетін грант үлесі небары 20 пайызды құрайды. Облыста грант алуға жыл сайын 600-ге жуық адам өтінім береді. Ал бір траншта бөлінетін грант саны 20-30 ғана. Осылайша, әлеуметтік жағынан әлсіз топтардың ішінен 5-6 адам ғана мемлекеттік қаржыландыруға, грантқа ие болады. Грант оңды-солды үлестіретін қаржы емес, конкурс. Тағы бір ескертетін нәрсе, бизнес-жоспарды жасауға 15-30 күн кетеді. Сондықтан оны қазірден бастап қолға алу керек.
Маманның айтқанындай грантқа үміткерлер бизнес-жобаны даярлауға бір ай бұрын тапсырыс беруі керек. Өйткені бизнес-жоспар маңдай терді қажет ететін, күрделі жұмыс. Оның үстіне орталықтағы екі маркетолог айына 100 бизнес-жоспар даярлап үлгермейтіні де белгілі. Дайын құжатты тапсыруға он күн ғана беріледі. Үміткер хабарландыру жарияланғаннан кейін барып қана келетін болса, он күн ішінде оған ешкім бизнес-жоспар жасап үлгермейді. Себебі, жоғарыда жазылғандай хабарландыру жарияланғаннан кейін құжат қабылдауға он күн уақыт қана беріледі.
Сонымен, конкурс аяқталған соң, сәтін салып жеңіске жеткен қатысушы мен «Даму» қоры, сондай-ақ кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы арасында үшжақты келісімшарт жасалады. Онда грант алушы қаржы берілген күннен бастап алты ай ішінде өзінің құрал-жабдық, мал, тағы да басқа қажеттіліктерді сатып алғаны туралы тиісті құжаттарымен бірге есеп беруі керектігі көрсетілген. Сонымен қатар 10 пайыз (әлеуметтік жағынан әлсіз топтардағыдан басқа) мөлшердегі жеке қаржымен бірге барлық ақша жеткізушіге қолма-қол емес, банктік шот арқылы төленуі керек. Грантқа берілген қаржының бірде-бір тиынын банктік шоттан шешіп алуға болмайды. Одан соң бір жыл көлемінде үшжақты келісім шартқа қатысушылар тарапынан сатылып алынған құрал-жабдықтардың, малдың тағы да басқалардың болуы тексеріліп, мониторинг жасалып отырады.
Грант алушы бизнес-жоспарда көрсетілген құралдарға ғана есеп береді. Мысалы, бизнес-жоспар бойынша қатысушы пилорама цехын іске қосуы керек болды делік. «Даму» қоры өкілі келіп тексеріп, қарағанда жаңадан ашылған өндіріс орнында құжатта көрсетілген қажетті құралдар емес, жалғыз трактор ғана тұрған болса, онда грантты алған адам оны қайтадан өз еркімен немесе сотпен мемлекетке қайтаруы керек.
Кәсіпкерлерді қолдау орталықтарында кәсіпкерлерге тегін маркетингтік қызметтер көрсетіледі. Кәсіпкерлер бұл орталықтан бизнес жобаларды жасау, жазу, заңгерлік, бухгалтерлік қызметтер, сондай-ақ мемлекеттік сатып алуға қатысты түрлі көмектерді тегін алады. Бірақ бұл қызметтер тек бизнес субъектілеріне ғана көрсетіледі. Орталықтың көмегіне жүгінушілер кеңесшіге жеке кәсіпкерліктің тіркелгендігі немесе заңды тұлға екендігін растайтын құжат көрсетуі тиіс.
Облыстың барлық қалалары мен аудандарында кәсіпкерлер мен тұрғындарға бизнесті қолдаудың мемлекеттік бағдарламаларына қатысу шарттары туралы жан-жақты ақпарат беретін «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының кеңесшілері бар.
Мемлекеттік грантты алуға үміткер адам конкурстық комиссия алдында қорғайтын бизнес-жоспарын жасауға тапсырыс беру үшін Өскемен мен Семейдегі кәсіпкерлерге қызмет көрсету (ЦОП) орталығына хабарласуына болады, сонымен бірге өтінімді өз компьютерінен, смартфонынан беруге де болады. Ол үшін интернет-браузердің мекенжайды іздестіру жолына g4b дегенді жазып, енгізе отырып, электронды сандық қолтаңба (ЭЦП) кілті арқылы сайтқа кіру керек. Өтінім беру кезінде кәсіпкерде қандай да бір қиындықтар туындаған болса өз ауданындағы кәсіпкерлер палатасы құрамындағы кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығынан (ЦОП) көмек сұрауға болады.
Айта кетейік, қазіргі күні «Бастау бизнес» жобасымен оқуға және «Еңбек» бағдарламасы арқылы гранттар алуға қатысты аталған бағдарламаға өзгерістер енгізіліп жатқандықтан әңгіме тек «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы турасында ғана болып отыр.
Мақсат Сәрсенбаев, «Oskemen-Atameken» ЖШС шағын несие ұйымының несие менеджері:
– «Кәсіпкерлік негіздері» курсын оқыған кәсіпкерлер, тұрғындар «Бастау бизнес» жобасы бойынша 6 пайыз жеңілдікпен несие алуына болады. Өскемен мен Семей қалалары үшін кепілдік мүлік көрсеткіші 0,8 пайыз, қалған қалалар мен аудандарда 0,5-0,6 пайыз. Өскемен, Семей, Алтай, Риддер, Курчатов қалалары үшін несиенің ең жоғары сомасы 19 млн. 900 мың теңге (6 500 АЕК), аудандарда – 7 млн. 657 мың 500 теңге (2 500 АЕК).
Негізінен қазір бізде несиенің 80 пайызы ауыл шаруашылығына бағытталған, несие ірі қара, ұсақ мал, жылқы, құс сатып алуға, қысқасы құрылыстан басқасының бәріне беріледі. Айналым қорын толтыруға арналған несие мерзімі үш жылға дейін, мал алуға жеті жылға дейін, бизнестің басқа түрлеріне бес жылға, егін шаруашылығына үш жылға дейін беріледі. Мал шаруашылығы бойынша несие демалысы – 1 жыл. Бизнестің өзге түрлеріне – 6 ай. Несие алған адам қаржы қолына тиген соң 90 күн ішінде несиенің мақсатты түрде пайдаланылғаны туралы тиісті құжаттарды, чектерді, шот-фактураны, келісімшартты басқа да құжаттарды көрсетуі қажет.
Кәсіпкерлер өздерінің сауалдары бойынша Өскемендегі Әуезов даңғылы 26/1 мекенжайындағы өңірлік кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына (1 қабат), кәсіпкерлікті қаржылай емес қолдау бөліміне және «Oskemen-Atameken» ЖШС-на хабарласуына болады.
Грант алуда бизнестің қай саласына басымдық беріледі? Бизнес-жоспарды үміткердің сенімді өкілі қорғауына бола ма? Жекеменшік үйіңнен бизнес ашуға бола ма? Грант бөлуді қарайтын комиссияның құрамында кімдер болады? Бөлінген гранттан бас тартуға бола ма? Грант алған соң бизнесі жабылып қалса қайтеді? Бизнес-жоспар жасағанда неге мән берген дұрыс? Кәсіп көзін тапсам, грант алсам деп жүрген жандар, кәсіпкерлер өздерін толғандырар жоғарыдағы сауалдардың жауабын «KASIPKERдің» келесі шығарылымынан таба алады.
Жанаргүл Мұқатай