Қоғам

Бизнесіңізді тегін әрі онлайн тіркей аласыз

Ержан Әбіш

Бұрын бизнесті тіркеуден бастап, оған тиісті рұқсаттама құжаттарды алу мәселесі, тағы да басқа әкімшілік кедергілер көп болатын. Жасыратыны жоқ, кей жағдайларда әлгіндей әурешіліктен құтылу үшін кәсіпкерлер біреулердің «қолдарын майлап» жататын кездер де болғаны рас. Осы орайда электронды қызметтердің бизнес өкілдеріне тиімді болып отырғаны анық. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының негізгі бір мақсаты да сол – сыбайлас жемқорлықтың тамырына балта шабу.

Заңды тұлғаны онлайн мемлекеттік тіркеу – ең көп талап етілетін мемлекеттік қызметтің бірі.

Бүгінде шығынсыз әрі жедел тіркелу үшін заңды тұлғаға ХҚО-ға жүгінудің қажеті жоқ. Шағын және орта бизнес субъектілерін тіркеу, коммерциялық заңды тұлғаларды қайта тіркеу не тарату қызметтерін eGov.kz порталы арқылы алуға болады. Электронды өтінішті толтыру жеткілікті. Бір күн ішінде тіркеушінің жеке кабинетіне тіркелгені туралы электронды анықтама немесе бас тарту түрінде жауап келеді. Қажет болса бизнесті тіркеу туралы куәлікті басып шығаруға болады.

– Бизнесті тіркеу процедурасы мемлекеттік қызметтерді автоматтандырудың және оңтайландырудың арқасында жеделдетілді. Егер бұрын өтініш беруші мемлекеттік органға бес не одан да көп құжатпен келіп, деректері тексерілгенше 5 күнге дейін күтсе, бүгінде электронды түрде барлық рәсім бір күннен аспайды және еш құжат талап етілмейді, – дейді «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясы облыстық филиалы директорының орынбасары Меруерт Тарыбаева.

Сондай-ақ мына қызметтер де портал арқылы онлайн көрсетіледі – шағын және орта бизнес субъектілерін, олардың филиалдары мен өкілдіктерін бастапқы тіркеу, коммерциялық заңды тұлғаларды қайта тіркеу, заңды тұлғаларды, олардың филиалдары мен өкілдіктерін тарату, жеке кәсіпкерлік субъектісінің орналасқан жерін өзгерту.

Сонымен қатар заңды тұлғаның басшысын ауыстыру – ең кең таралған қызмет. Қазіргі уақытта eGov.kz порталында бұл қызмет іске қосылған. Айта кетсек, жыл басынан корпорация 2 мыңға жуық заңды тұлғаны тіркепті.

Осы айдарда

Back to top button