
Бизнес саласына бөлінген ерекше назардың арқасында кәсіпкерлік нысандарының саны, өндірілетін тауар түрлерінің ассортименті артты.
Салықтық төлемдерден босату, жеңілдікпен несиелеудің қолжетімділігі және карантин шараларының жұмсаруы арқасында бизнестің іскерлік белсенділігі артты. Осының нәтижесінде өңірде кәсіпкерлік субъектілерінің саны өткен жылмен салыстырғанда 8,3 мың бірлікке өсіп, 95 мың бірлікті құрады. Жалпы, облыс бойынша машина жасау және көлік салаларын қоспағанда, өнеркәсіп көлемінің тұрақты өсімі байқалды.
– Пандемия кезеңінің қиындықтарына қарамастан отандық өндірушілер қызметтің жаңа бағыттарын игеріп, тауарлардың жаңа түрлерін шығарып жатыр. Осылайша, 2021 жылы экспорттық сертификат алушылардың қатары көбейді. Тура сондай өсім СT-KZ сертификатына өтінімдерде байқалды. Бұл біздің кәсіпорындар көбірек өнім шығара бастағанын және экспорт көлемінің ұлғайғанын, сондай-ақ тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді сатып алудағы жергілікті қамту үлесінің өскенін көрсетеді, – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Қайрат Мамырбаев.
Жеңіл өнеркәсіп саласында облыстық білім басқармасымен бірлесіп, СТ-KZ сертификаты және мектеп формасы мен аяқ киім тігу бойынша индустриялық сертификаты бар жергілікті 13 тауар өндірушіге қолдау көрсетілді. Облыстық бюджеттен мемлекеттік тапсырысқа 1,3 млрд. теңге бөлініп, әлеуметтік жағынан осал отбасылардан шыққан балаларға арнап 44 мың жиынтық мектеп формасы тігілді.
Бұдан бөлек, республикалық жобалық кеңсе аясында тұрақты жұмыс жүргізіп жатқан кәсіпкерлер палатасы «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша жыл көлемінде жалпы сомасы 49,3 млрд. теңгені құрайтын 284 жобаны мақұлдады. Осылайша, аталмыш бағдарлама тауарларының сегіз саласы бойынша жергілікті қамтудың жалпы үлесі 79 пайызды құрап, көрсеткіш бойынша облыс өңірлер арасындағы рейтингте бірінші орынға шықты.
– Облыстық кәсіпкерлер палатасы соңғы жылдары бизнес құқығын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бойынша өңірлік палаталар арасында көш бастап келеді. Мысалы 2021 жылы бізге 377 өтініш келіп түссе, оның 336-сы оң шешілді. Нәтижесінде кәсіпкерлердің жалпы сомасы 1,1 млрд. теңгелік мүліктік құқығы қорғалды, – деді Қайрат Мамырбаев.
Атап айтсақ, прокуратура органдарымен бірлесе өткізілген шара барысында Өскемен қаласындағы сегіз сауда дүңгіршектерінің иелері жерді жалға алу шарттарын ұзартуға мүмкіндік алды. Сондай-ақ Өскемен, Зайсан және Риддер қалаларындағы көшпелі сауда орындарын анықтау мәселесі шешімін тапты.