ТОП

   Биылғы тестілеуде қандай өзгерістер бар?

Оқу жылының аяқталуына санаулы айлар ғана қалды. Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеу форматында қандай өзгерістер болады? Тестілеу жылына неше рет өтеді және мектеп бітірушілерге қандай онлайн-платформаларда дайындалған тиімді? Оқырмандарымызды толғандырған осы сауалдарға Ұлттық тестілеу орталығының аймақтық филиалының басшысы Динара Мейірғазықызы жауап берген еді.

Ұлттық бірыңғай тестілеу – жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына түсуге арналған іріктеу емтихандарының бір нысаны. Қазір республика бойынша аймақтық тестілеу орталықтарының саны  – 43. Біздің өңірдегі тестілеу орталықтары Өскемен, Семей қалаларында және  Үлкен Нарын ауылында орналасқан.

Аймақтық тестілеу орталығының басшысы Динара Мейірғазықызының айтуынша, оқуға түсушілер тестілеу күнін, уақытын және орнын таңдай алады. ҰБТ барысында бір және бірнеше дұрыс жауабы бар тест тапсырмалары беріледі. Атап айтқанда, Қазақстан тарихы, математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы және екі бейіндік пәннен барлығы 120 тест тапсырмасын орындайды. Төрт сағаттық тестілеудің арасында сағат сайын 2-3 минуттық үзіліс болады.

Тестілеудің нәтижесі тестілеу аяқталған соң бірден беріледі. Апелляцияға тест мазмұны бойынша өтініштер тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде, ал техникалық себептер бойынша өтініштер тестілеу барысында беріледі.

Тестілеу орталығына тестке қатысушылар бір-бірден, арнайы сканер арқылы сәйкестендіріліп, жеке басын куәландыратын құжатпен кіреді. Тестілеу барысында өз орнына бөтен адамды кіргізуге әрекет еткен түлектерге ағымдағы жылы ҰБТ тапсыруға рұқсат етілмейді.

Металл іздегішпен тексеру аймағында тыйым салынған заттар табылған жағдайда хаттама толтырылып, түсуші тестілеуге жіберілмейді. Тестілеуге алып өтуге тыйым салынған заттар: ұялы байланыс құралдары, ноутбук, плейер, модем, радио-электрондық байланыстың кез келген түрі, сымды және сымсыз құлаққаптар, шпаргалка, оқу-әдістемелік әдебиеттер, Менделеев кестесі және тұздардың ерігіштігі кестесі, калькулятор. Бұл ретте тестілеу өткізілетін компьютердің интерфейсіндегі калькуляторды, Менделеев кестесін және тұздардың ерігіштігі кестесін пайдалануға рұқсат етіледі.

Өткен жылғы бастаманы жалғастыру мақсатында Ұлттық тестілеу орталығы QazBilim, EduCon, DarynOnline, SamgaOnline білім беру орталықтарымен бірлесіп, тікелей эфирде әрбір пән бойынша ҰБТ-ға дайындалу үшін тегін онлайн-сабақтар өткізеді. Онлайн сабақтар білім беру орталықтарының Youtube каналында өткізіліп, барлық сабақтар сақталады. Тікелей эфир кезінде сұрақ қою мүмкіндігі бар.

                 ҰБТ форматында қандай өзгерістер болады?

Аймақтық тестілеу орталығының басшысы Динара Мейірғазықызы түсіндіріп өткендей, білім сынағы арнайы пункттерде «1 тест тапсырушы-1 компьютер-1 камера» қағидаты бойынша электронды форматта өткізіледі. Түсуші тестілеу жүйесіне әрбір кіру және шығу кезінде компьютерде орнатылған фронтальды камера арқылы адам бетінің көлемдік-кеңістіктік формасының сканері арқылы авторизациялаудан өтеді.

Тестілеу кезінде электр қуаты ажыратылған жағдайда немесе тестілеу жазбасы жүргізілмейтін басқа да форс-мажорлық жағдайларда, тестілеуді тоқтата түру және ауыстыру туралы акт жасалады.

Мүмкіндігі шектеулі балаларға тестілеуге қосымша 40 минут уақыт беріледі.

Қазақстан тарихы пәні бойынша тест тапсырмаларының құрамына контекс мәндегі тест тапсырмалары енгізілді. Былтыр олар тек бейіндік пәндерде ғана болатын.

Шығармашылық дайындықты талап ететін білім беру бағдарламалары тобына түсушілер үшін тестілеудің ұзақтығы 70 минут болып өзгертілді.

SAT, ACT, IB халықаралық стандартталған тест сертификаттары бар тұлғалар қалауы бойынша кейбір анықталған пәндерден ҰБТ тапсырудан босатылады. Яғни сертификат балдары ҰБТ балдарына ауыстырылады.

Аталған халықаралық стандартталған тест сертификаттары бар тұлғалар алдымен ҰБТ-ға өтініштер қабылдау базасына сертификаттардың көшірмелері мен мәліметтерді енгізуі және өтініш беруі қажет.

Тестілеудің бейнебақылау жазбаларын және іс-қимыл журналын тексеру жылдың соңына дейін жүзеге асырылады.

Тағы бір жаңалық  – бұдан былай ҰБТ тапсырушыларға қорытынды балмен бірге тақырыптық талдау қорытындысы берілетін болды. Бұл туралы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Facebook парақшасында жазды. Бұл жаңалық наурыз айындағы ҰБТ кезінде қанатқақты режимде енгізілген. Министрдің айтуынша, енді түлектер тестілеуді аяқтағаннан кейін жинаған ұпайларының нәтижесімен бірге қандай тақырыптарды білетіні және қайсына көңіл бөлу қажеттігі туралы қосымша талдау алады.

– Дәл осындай талдауды мектепке де, нақты пәнге қатысты да, аудан, облыс және жалпы республика көлемінде де жүргіземіз.  Бұл не береді? Бұл шешім тест тапсырушыға қандай тақырыптарға назар аудару, қандай тақырыптарды күшейту керегін көруге мүмкіндік береді. Яғни сынаққа қатысушылар қазірдің өзінде өздерінің әлсіз тұстарын анықтап, жеке тақырыптарға көбірек уақыт бөліп, қателермен жұмыс істей алады. Талдауға байланысты оқу бағдарламаларын пысықтау, мұғалімдердің мақсатты түрде біліктілігін арттыру, біліктілікті арттыру бағдарламаларын өзгерту бойынша шешімдер қабылдай аламыз. Жазғы ҰБТ қорытындысы бойынша әрбір мектеп, облыс, мұғалім және түлек осындай талдау алады, –дейді  министр.

ҰБТ-ға өтініш беру

Тестілеуге өтініштер Ұлттық тестілеу орталығы сайтындағы жеке кабинет арқылы онлайн режимде беріледі. Ол үшін app.testcenter.kz жүйесіне тіркеліп, жеке кабинет ашу қажет. Дербес деректерді өңдеуге келісім беріп,  тестілеу кезінде тәртіп сақтау ережелерімен танысады. Қажетті деректер Ұлттық білім беру деректер қорынан алынады. Ал ұялы телефон номері, бар болған жағдайда халықаралық сертификаттары бойынша және мүгедектігі туралы деректерді өтініш берушілер өздері толтырады. Ары қарай тест тапсыру тілін, орны мен уақытын, бейіндік пәндерді таңдайды және бір сағаттың ішінде 5640 теңге тестілеу төлемін төлейді. Өтініш берген соң логин мен құпия сөзді сақтап алу керек.

                                        ҰБТ-ның мерзімі

Ұлттық тестілеу жылына төрт рет өткізіледі. Өтініштерді қабылдау мерзімі 24 желтоқсан  – 5 қаңтар, 20 ақпан  – 10 наурыз, 1 мамыр  – 10 маусым, 15  – 30 шілде аралығы.

Тестілеудің мерзімі 10 қаңтар  – 10 ақпан, 1  – 31 наурыз, 1  – 30 маусым, 10  – 20 тамыз аралығы.

Қаңтар айында ҰБТ тапсыратындар:

-мектептің 11 (12) сынып бітірушілері;

-Жоғары оқу орнына академиялық кезеңге қабылданған студенттер (шартты түрде қабылданған);

-ЖОО-да шығармашылық дайындықты талап ететін білім беру бағдарламалары тобының студенттері және басқа білім беру бағдарламалары тобына ауысуға ниет білдірген студенттер;

-ЖОО-да басқа білім беру бағдарламалары тобында оқып, педагогикалық білім беру бағдарламаларына ауысуға ниет білдірген тұлғалар.

Наурыз, маусым айларында ҰБТ тапсыратындар:

-мектептің 11 (12) сынып бітірушілері;

-мектептің өткен жылғы бітірушілері мен техникалық және кәсіптік немесе орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының бітірушілері;

-шетелде білім алған 11 (12) сынып бітірушілері;

-ҚР азаматы емес, ұлты қазақ адамдар (диаспора);

-Жоғары оқу орнына академиялық кезеңге қабылданған студенттер (шартты түрде қабылданған);

Тамыз айында ҰБТ тапсыратындар:

-мектептің 11 (12) сынып бітірушілері;

-мектептің өткен жылғы бітірушілері мен техникалық және кәсіптік немесе орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының бітірушілері;

-шетелде білім алған 11 (12) сынып бітірушілері;

-ҚР азаматы емес, ұлты қазақ адамдар (диаспора);

-Жоғары оқу орнына академиялық кезеңге қабылданған студенттер (шартты түрде қабылданған);

-ЖОО-да шығармашылық дайындықты талап ететін білім беру бағдарламалары тобының студенттері және басқа білім беру бағдарламалары тобына ауысуға ниет білдірген студенттер;

-ЖОО-да басқа білім беру бағдарламалары тобында оқып, педагогикалық білім беру бағдарламаларына ауысуға ниет білдірген тұлғалар.

Лицей ҰБТ балы бойынша алғашқы орында

Өскемендегі Құмаш Нұрғалиев атындағы №43 мектеп-лицейінің директоры Шаянбаева Жанагүл Асқарқызының айтуынша, лицейде бейінді оқытуға байланысты жұмыстар жүйелі жолға қойылған. Негізгі орта білім курсын аяқтауға даярлықтан бастап, Ұлттық бірыңғай тестілеуге де даярлықтарын күшейтеді. Әр түлек өзінің болашақ мамандығына қажетті пәндер бойынша 5-11-сынып материалдарын қайталап, білімдерін бекіте бастайды. Қиындық туғызатын пәндері бойынша мұғалімдер жекелей қосымша сабақтар өткізеді.

Кейінгі үш жылдағы түлектердің грантқа түсу көрсеткіші жоғары деңгейде. Білім берудің сапасын арттыру мақсатында жүргізілетін жыл сайынғы мониторингке сүйенсек, 2018-2019 оқу жылында 35 түлектің 32-сі, 2019-2020 оқу жылында 20 түлектің 18-і, 2020-2021 оқу жылында 27 түлектің 23-і грант иегері атанды. Соңғы оқу жылдарында лицей қала мектептерінің ішінде ҰБТ балы бойынша 1-орынды иеленіп отыр.

2020-2021 оқу жылында Амангелді Зерянханов С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың халықаралық қатынастар мамандығының грантын жеңіп алса, биылғы оқу жылында 11-сынып түлегі Еркежан Ақбанова республикалық ғылыми-практикалық конференцияда І дәрежелі дипломмен марапатталып, ол да аталған университеттің грант иегері атанды. Санжар Жұмағалиев информатика пәні бойынша облыстық олимпиададан бас жүлдені жеңіп, университеттің «Информатика» оқу бағдарламасы бойынша білім грантын жеңіп алды.

Лицейдің білікті ұстаздары ұлттық бірыңғай тестілеу енгізілгеннен бері жыл сайын оқушыларды ҰБТ-ға  жүйелі  даярлап келеді. Атап айтсақ, оқу сауаттылығынан Айжан Ахметова, Әсел Төкенова, Гүлжан Нұрсолтанова, Салтанат Боккутова, тарих пәнінен Роза Чекетаева, Мадина Жақсыбаева, физика пәнінен Анар Мұртазалиева, математика пәнінен Гүлгүл Рамазанова, Талшын Раханова, ағылшын тілінен Гүлнар Мұсабекова, Нәзигүл Мұхамадиева, химия мен биология пәндерінен Раушан Жетпісова, географиядан Гүлнафис Зейнолдина даярлайды.

Биылғы оқу жылында 25 түлек мектеп бітіреді. Олардың ішінде екі оқушы «Алтын белгіге» үміткер, екі оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер.

Айжанат Бақытқызы, Өскемен

Осы айдарда

Back to top button