Қоғам

Биылғы додада кімге үміт артамыз?

Астана күніне орайластырылған «Қазақстан барысы» ХІ республикалық турнирі алдағы жексенбіде, яғни 3 шілде күні «Барыс-Арена» мұз сарайында өтеді деп жоспарлануда. Бұл туралы «Қазақстан барысы» додасының фейсбуктегі парақшасында жазылған.

Дәстүрлі турнир елімізде ұлттық спортты дамыту арқылы салауатты өмір салтын насихаттау, Мемлекеттік рәміздердің 30 жылдығын атап өту, қала күнін мерекелеу және Балалар жылы аясында жастарды ұлттық спортпен шұғылдануға тарту, олардың бойында отансүйгіштік сезімін қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылады. Жарыс ережесіне сәйкес, сәуір-мамыр айларында ауыл, аудан және облыс (қала) деңгейіндегі және күш құрылымдары арасындағы іріктеу жарыстары өтіп, оған еліміз бойынша бес мыңға жуық спортшы қатысқан. Соның ішінен 36 балуан ақтық сынға жолдама алды. Олардың ішінде осыған дейін жеңіс тұғырынан көрінген Мұхит Тұрсынов, Еламан Ерғалиев, Ерасыл Қажыбаев пен Ғалымжан Қырықбаев та бар. Ал былтырғы доданың жеңімпазы Дәурен Нұралинов жарақатына байланысты турнирге қатыспайтынын мәлімдеді. Сондай-ақ екі дүркін «Қазақстан барысы» Айбек Нұғымаровты да бұл додадан көрмейміз, семейлік балуан спорттық мансабын аяқтағанын хабарлады.

Осы ретте, бұл жолы Шығыс Қазақстан облысының намысын қос бірдей саңлағымыз – Елдар Бейсембаев пен Әсет Ахметжанов қорғайтынын айтқан жөн.

Тағы бір атап өтер жайт, қазақ күресі ережесіне енгізілген өзгертулерге байланысты биылғы турнир «бүк» ұпайынсыз өтпек. Ал турнирдің жүлде қоры жылдағыдай, жеңімпаз балуанға 25 миллион теңге, алтын белбеу мен ауыспалы алтын «тайтұяқ» табысталады. Екінші орынға 5,5 миллион теңге, ал үшінші орынға 1,8 миллион теңгенің сертификаттары, сондай-ақ күміс және қола белбеулер қарастырылған.

Жанкүйерлер турнирді Qazsport арнасынан тікелей эфирде тамашалай алады. Дода сағат 12.00-де басталуы тиіс. Сондай-ақ zakazbiletov.kz сайтынан билет сатып алуға болатынын да айтқан абзал.

Сәрсен Қабылым

Осы айдарда

Back to top button