Өңір мектептерінің жаңа оқу жылына дайындығы қандай? «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы қалай жүзеге асырылуда? Биылғы жаңа оқу жылының жаңалығы не? Осы және өзге де мәселелер туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық білім басқармасының өкілдері журналистерге кеңінен ақпарат берді.
Облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Алима Ақылбектің айтуынша, Абай облысы құрылып, жеке шыққаннан кейін біздің облыста 342 мектеп қалған. Осы мектептерде 2022-2023 жаңа оқу жылында 95 мыңнан артық оқушы білім алатын болады. Биыл облыста 9 728 бала бірінші сыныпқа бармақ.
Былтыр 13 қазанда Президент ұлттық жобалардың тізімін бекіткен. Мемлекет басшысы бекіткен 10 ұлттық жобаның бірі – «Білімді ұлт – сапалы білім беру» жобасы. Осы жобаны іске асыру аясында мектепке дейінгі мекемелерде де бірқатар жұмыс атқарылып жатыр. Атап айтқанда, балаларды балабақшамен қамтамасыз ету көрсеткіші өңірде жоғары деңгейде. Екі жастан алты жасқа дейінгі балдырғандарды балабақшамен қамту жоғарыда аталған ұлттық жоба шеңберінде жүзеге асуда.
Басқарма басшысының міндетін атқарушы А.Ақылбек биыл өңірде 1370 орындық бес мектеп ашылатынын айтты. Ал 40 мектепке ағымдағы және күрделі жөндеу жүргізілген. Сондай-ақ 22 мектепте жаңа модификациялық кабинет ашылмақ.
– Бұл оқушылардың білім деңгейін көтеруге ерекше ықпал етеді, – дейді А.Ақылбек.
Оның айтуынша, облыстағы ерекше білім алуға қажеттілігі бар балаларға да жақсы көңіл бөлініп отыр. Олардың саны – 1053.
Баспасөз мәслихатында А.Ақылбек техникалық және кәсіптік білім беру саласына да тоқталып өтті. 2020 жылдан бастап «Жас маман» жобасы аясында облыстағы төрт колледждің материалдық-техникалық базасы жаңартылған. Бұл сол колледж студенттері үшін ғана емес, өзге колледждің студенттеріне де тәжірибелік іс-шарадан өтуге мүмкіндік береді. Жалпы бүгінгі күні облыс колледждерінде 16 215 студент оқып жатыр. Биыл колледжге түсу үшін жергілікті бюджет есебінен 3705 орын бөлінген. Қазіргі күні Оқу-ағарту министрлігінің бұйрығымен колледждерге қабылдау мерзімі 25 тамызға дейін ұзартылды.
Сонымен бірге 2017 жылдан бері облыста «Білікті маман» жобасы іске асырылуда. Жоба аясында бүгінгі күнге дейін 2306 орын бөлініпті.
Биыл облыста 800-ден артық жас маман еңбек жолын бастаса, оның 223-і осы жоба бойынша жұмысқа орналаспақ. Олар тек Өскемен қаласында емес, шалғай аудандардағы мектептерге де орналасуға ниет білдіріп отыр.
Облыс мектептерінде биыл 12 мыңнан артық педагог қызмет ететін болады. Педагогтардың біліктілігін арттыру мақсатында да көптеген іс-шара өткізілуде. Биыл жазда орыс мектептерінде сабақ беретін 591 қазақ тілі мұғалімі облыс әкімдігінің қолдауымен арнайы курстан өткен.
А.Ақылбек облыс мектептерінде соңғы екі жылда IT сыныптардың да көбейіп жатқанын тілге тиек етті. IT бағытында оқушылар әртүрлі жобаларға қатысып, жақсы нәтиже көрсеткендері облыс әкімінің сыйлығымен марапатталып отырады.
Бұдан кейін облыстық білім басқармасының «Тұлғаны рухани-адамгершілік дамыту, тәрбие жұмысы және қосымша білім беру» бөлімінің басшысы Әсем Нүскенова 1 тамызда республика бойынша бастау алған «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы туралы журналистерге ақпарат берді. Айтуынша, «Дәулеттен», «Қазақстан халқына» секілді қорлар және «Самұрық-қазына» мекемесі осынау акцияға белсене атсалысып, жүз мыңдаған баланы мектепке дайындауға ерекше үлес қосуда. «Қазақстан халқына қоры» облыстың 3256 баласына 37 мың теңге көлемінде бір реттік көмек көрсетуге шешім қабылдапты. Әрине, ол көпбалалы, аз қамтылған отбасыларының балалары. Сондай-ақ «Мектепке жол» акциясына жергілікті кәсіпкерлер де белсене қатысуда. Жалпы бүгінгі күні 3345 балаға 22 506 миллион теңгенің материалдық көмегі көрсетілген. Бұдан бөлек, 16 миллион теңгеге 3200 балаға мектеп құралдары сатып алынған.
Мейрамтай Иманғали