ТОП

БИЫЛ ГРАНТ КӨЛЕМІ КӨБЕЙДІ

«Кәсіпкер» бетінің кезекті шығарылымын  оқырмандарды толғандырған сұрақтарға арнағанды жөн көрдік. Сауалдарға аймақтық кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлікті қаржылай емес қолдау бөлімінің басшысы Айгүл Шәкірова жауап береді:

Мен екі жыл бұрын «Бастау Бизнес» жобасы бойынша сертификат алғамын. Биыл осы сертификатпен гранттық конкурсқа қатыса аламын ба? Өзім көп балалы анамын. Биыл грантқа берілетін қаржы көлемі өсті дейді, ол қанша?

–  «Бастау Бизнес» жобасының сертификаты үш жылға жарайды. «Еңбек» бағдарламасы бойынша гранттық конкурсқа қатысуына болады. Ол үшін аудандағы жұмыспен қамту орталығына барып, солардың көмегімен конкурсқа қатысуға онлайн  тіркеліп, өтінім беруі керек. Конкурсқа қатысу үшін ЭЦК, жеке куәлігі және бизнес жоспары болуы қажет. Конкурстың өтетіні туралы хабарландыру мамыр айында шығады. Гранттық конкурсқа  көпбалалы ата-аналар, мүгедектер, қандастар, өзге өңірлерден көшіп келгендер, мүгедек жанды тәрбиелеп, бағып отырған отбасылар, 18 бен 29 жас аралығындағы  жұмыссыз жастар  қатысады. Бұл санаттарға жатпайтын жұмыссыз жүрген басқа тұлғалар жеңілдетілген  алты пайыздық несие алуларына болады. Биыл грант  көлемі екі есе өсіп, 400 АЕК болды, яғни, 1 млн. 225 мың  200 теңге. Былтыр грант көлемі 200 АЕК, 586 мың теңге  болатын. Бұл шағын гранттарды жұмыссыздар негізінен қызмет көрсету түрлерін ашуға алып жатыр. Бірақ грант алу үшін жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркелу керек және егер өзінің ЖК (жеке кәсіпкерлігі) болса, ол бір жылға жетпейтін мерзімде болуы керек, осы мерзімнен артық болса қатыса алмайды. ЖК жауып тастағандардың да жапқан мерзімі бір жылдан аспауы керек. Егер  үміткер нақты бір ауданнан немесе қаладан қатысатын болса, осы ауданда тіркеуде тұрған уақыты бір жылдан кем болмауы керек.

САРЫБЕЛ ЖАҚҚА ҮЙ САЛСАМ…

Самар өңірі жақтағы бұрыңғы Ново-Тимофеевка, қазіргі Сарыбел ауылының маңынан, Бұқтырма жағасынан демалыс үйін ашуды жоспарлап отырмын. Жерді қалай алуға болады? Бұл жерден демалыс үйін ашу тиімді ме?

– Ол үшін аудандық әкімдікке барып бос жер бар болса, алдымен жер алу керек. Жер учаскесін жеке тұлғалардан сатып алуға да болады.  Қазір ол жақта он сотық жер шамамен екі, үш млн. теңге тұрады, шамамен. Одан соң осы жерден салынатын демалыс үйінің жобалық сметалық құжатын даярлау қажет. Жағалау маңынан демалыс үйін салуға жеті, сегіз миллион, одан да көп қаржы (құрылыстың материалына, жобалануына қарай) кетуі мүмкін. Жалпы, ол жақтан  маусымдық бизнес түрлерін ашуға да болады. Мысалы, мен өзім  ол жақтан балмұздақ, азық-түлік, суға түсу, демалу жабдықтарын, ойыншықтар, тағы да басқаларды сататын  орындар ашар едім деп ойлаймын. Осындай қызмет көрсету орындарын Алакөл жағасынан да ашуға  болады. Мысалы, екі жыл бұрын бір жас бала «Еңбек» бағдарламасымен грант ұтып алып, осы Алакөл демалыс аумағында балмұздақ сатумен айналыса бастады. Кейіннен оның саудасы жүріп, жағдайы жақсарғанын естіп, біліп отырмын. Ол жақтан шаштараз, макияж, маникюр, кірпік жасау, тағы да басқа толып жатқан шағын бьюти-индустрия қызметі түрлерін ашуға мүмкіндік бар, себебі демалыс аумағы өте үлкен, соған орай сұраныс та мол болады.

Оңтүстік жақтан көшіп келіп, қазір Риддерде тұрып жатырмын. «Еңбек» бағдарламасы бойынша бөлінетін гранттар конкурсына қатыссам деймін, үлгеремін бе?

– Бизнес жоспарды жасаудың ешқандай қиындығы жоқ. «Еңбек» бағдарламасы бойынша 400 АЕК көлеміндегі грантты алу үшін бар жоғы үш, төрт беттік бизнес жоспар жасау керек. Оның үлгісі барлық жұмыспен қамту орталықтарында бар, соған барып, сол үлгіге қарап толтыруға болады. Тіпті жұмыспен қамту орталықтарына бармай-ақ та өтінім беруге болады. Ол үшін смартфоннан «Бизнес Еңбек» порталына кіріп, тұрғылықты жерін көрсете отырып гранттық конкурсқа қатысуға өтінім беруге болады.  Қазіргі күні Зайсан, Глубокое, Көкпекті аудандарынан грантқа өтінімдер беріліп қойды. Егер үміткер бизнес жоспарды өзі жасай алмаса, кәсіпкерлер палатасының маркетологына  барып өтінім береді, бизнес жоспар дайын болған кезде қызметкерлер өздері хабарласады. Гранттар кезең-кезеңмен беріледі. Алда әлі алты кезең бар, үлгереді, конкурстар мамыр, маусым, шілде, тамыз, қыркүйек, қазан айларына дейін созылады, мамырда үлгермесе шілдеде қатыса алады.

ҚЫЗ-КЕЛІНШЕКТЕР БЬЮТИ-БИЗНЕСКЕ ҚҰШТАР

Аудан орталығында тұрамын, қаладан массаж жасаушының оқуын тегін оқуға бола ма? Сауалға Өскемендегі «Әйелдер  кәсіпкерлігін дамыту»  орталығының кеңесшісі Жанар Елемесова (суретте) жауап береді:

– Орталық ашылғаннан бері бізге жүзден астам кәсіпкер әйелдер, сондай-ақ кәсіпкерлік бастамасы бар қыз-келіншектер кеңес алу үшін хабарласты. Қазіргі күні әйелдердің «Оқу қажеттілігі сауалнамасы» толтырылып жатыр, осы арқылы әйелдерге қандай тренингтер өткізу керектігін, олар үшін қандай мәселелер маңызды екенін алдын ала анықтап біліп жатырмыз.  Бізге хабарласып жатқан әйелдердің сұрақтары көбінесе осы оқу, мамандық алу, жаңа кәсіп көзін табу төңірегінде болып отыр. Осыған орай қазір қалалардағы оқыту орталықтарымен келісіп, мүмкіндікке қарай оларды қысқа мерзімдік, бір айлық оқыту курстарында оқытуды қолға алмақпыз, оқыту тегін. Әйелдер өздері қандай оқуды, мамандықты таңдады, соған қарай жинақтап, оқытамыз. Мамыр айынан бастап тігіншілерді оқытуды жоспарлап отырмыз. Өкінішке қарай, ауылдарда, аудандарда қаладағыдай оқыту орталықтары жоқ, әзірге. Қалада ұйымдастырылып жатқан оқу курстарына келіп оқуға болады. Тағы бір айта кететін нәрсе,  курстық  оқулар бір емес, бірнеше адамды қамту керек, яғни, мамандықтар сол мамандықты қажет етушілердің көлеміне қарай оқытылады. Әйелдер қандай мамандықтарды көп сұраса,  курстық оқулар соған қарай ұйымдастырылады. Қазіргі уақытта қыз- келіншектер тарапынан бьюти-индустрия түрлеріне, тігінші, массаж жасаушы мамандықтарына деген қызығушылық та, сұраныстар да көп бола бастағаны байқалып отыр. Барлық оқу курстарын жұмыс істейтіндігіне, істемейтіндігіне қарамастан, жаңа кәсіп бастасам деген кез келген әйелдердің оқуына болады. Алдағы уақытта қаладағы, аудандағы нақты бір кәсіпкер әйелдердің жекелеген бизнесін, шаруасын алға жылжытуға, өркендетуге бағыт-бағдар беріп, көмектесетін іс-шаралар жүргіземіз.

УАҚЫТЫҢ БОЛСА, МЕКТЕПКЕ БАР

14 сәуірде Өскеменде «Авангард плюс» жас кәсіпкерлер мектебі өз жұмысын қайтадан бастады. Оқу тегін.

Оқу қаладағы «Кәсіптік мектеп» ҚММ базасында ашылып отыр. «Авангард плюс» жас кәсіпкерлер мектебі 2016 жылы ашылып,   пандемия кезінде тоқтап қалған болатын.

– Шығыстағы іскер әйелдер өсіп келе жатқан ұрпақты кәсіпкерлікке баулуға өз үлесін қосу мақсатында, жастардың кәсіпкерлік бастамаларын дамыту мақсатында осы мектепті құрған болатын. Біздің коучтарымыз, оқуларымыздың бәрі тегін, – дейді «Авангард плюс» жас кәсіпкерлер мектебінің директоры Елена Березинская-Абилова.

Төрт жыл ішінде мектепте   671  адам оқып, 216 түлек сертификат алып, өз кәсіптерін бастаған. Жастарды бизнес қауымдастықтар өкілдерімен қатар қоғамдық ұйымдар мен мемлекеттік органдар өкілдері де оқытады. Екі айлық оқу курсы кезінде жастар бизнес-жоспар құруды, бизнесті қолдаудың мемлекеттік бағдарламаларына қатысуды, кәсіпкердің психологиясымен және бизнесті жүргізудегі мемлекеттік салық саясатымен танысып,  бизнесті алға жылжытудың қыр-сырына үйренеді.

Оқу кезінде жастар «Шығыс Сүт», «Why not Best» сұлулық салоны, «Best» білім беру орталығы сияқты көптеген шағын және орта бизнес нысандарына барып, кәсіпкерлердің өмірімен, жұмысымен танысады.

«Авангард плюс» мектебі оқуларының алғашқы сабағы «Бастаманы таңдау. Өз бизнесіңді тап» деген тақырыппен  өтіп, бизнес тренер Светлана Прыгова жастарға жеке кәсіпті бастаудағы алғашқы қадамдар туралы әңгімелеп берді.

Арнайы бетті әзірлеген  – Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button