Қоғам

Биыл елу жас мемлекеттік қызметші іріктеледі

Дәурен Аллабергенұлы

Ағымдағы қыркүйек айында Президенттік жастар кадрлық резервіне үміткерлерді екінші рет іріктеу басталады. Биыл барлығы 50 адам іріктеуден өтеді деп жоспарлануда.

Бұл жөнінде тікелей эфирде өткен брифинг барысында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстық департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Нұрлан Еркебаев пен Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалының директоры Сергей Ковалев мәлім етті.

Олардың айтуынша, биыл Президенттік жастар кадрлық резервіне іріктеу қағидалары күшейтілген. Үміткерлер үшін жас және жұмыс өтілі бойынша талаптар арттырылған. Тапсырмалар жаңартылып, қазақ тілін білуі міндеттеліп отыр. Бірден айтайық, конкурсқа «А» корпусының мемлекеттік қызметшілері, министрлер мен комитет төрағалары, 2019 жылғы іріктеудің резервшілері қатыса алмайды. Ал керісінше, жобаға Қазақстанның кез келген азаматы қатыса алады. Басты талаптар – 35 жастан аспаған, жоғары білімді, жалпы жұмыс өтілі 5 жылдан кем емес және мемлекеттік тілді білу деңгейі туралы ортадан төмен емес (B1) нәтижесі бар сертификатының болуы шарт. Үміткерлердің құжаттарын қабылдау қыркүйектің 1-і мен 30-ы аралығында pkrezerv.gov.kz интернет-порталында жүргізіледі.

– Оған қол жеткізу үшін әрбір кандидатқа тіркелу қажет. Бұл жолы электрондық пошта ғана емес, ЭЦҚ да қажет. Осы жылдың соңына дейін порталда әрі қарай әрекет ету үшін қол қою қажет болатынын атап өткім келеді. Сондықтан үміткерлерден ЭЦҚ-ның жұмысқа қабілеттілігін алдын ала тексеруді сұраймыз, – деді брифингте Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалының директоры Сергей Ковалев.

Іріктеуге қатысу үшін жеке кабинетте сауалнаманы толтыру қажет. Ыңғайлы болуы және қателіктер мен бұрмалаушылықтарды болдырмау үшін ақпараттың бір бөлігі автоматты түрде толтырылып, тексеріледі. Бірақ кейбірін кандидаттар өздері толтырады. Сонымен қатар бірқатар құжаттарды жүктеу керек болады. Болашақта сауалнамадағы ақпаратты өзгерту немесе толықтыру мүмкін болмайтынын атап өткен жөн. Барлық көрсетілген деректер мен салынған құжаттар мұқият тексеруді қажет. Сондай-ақ дұрыс емес ақпарат анықталған кезде немесе деректер жалған болған жағдайда кандидаттар кез келген кезеңде конкурстан шығарылады.

– Үміткерлердің мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу, ахуалдық міндеттерді шешу қабілеті тексеріледі. Олардың құзыреттеріне баға. Қатысушыларға құндылық бағдарларын анықтайтын ішкі уәждеме мен құзыреттерді анықтауға, сараптамалық комиссияда әңгімелесуге бағытталатын жеке терең сұхбаттан (елдің кәсіби HR-менеджерлерін тарта отырып) өтуге тура келеді. Ал қорытынды кезеңде Президенттік жастар кадрлық резервіне қабылдау Ұлттық комиссияның отырысында шешілетін болады, – деп толықтырды әріптесінің сөзін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстық департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Нұрлан Еркебаев.

Қоса кетейік, тестілеу қашықтан өткізіледі. Бірақ прокторинг жүйесі талаптардың сақталуын автоматты түрде қадағалайды. Сонымен қатар бақылауды кандидаттардың тестілеуді өткізуін бақылайтын арнайы адамдар жүзеге асырады. Ауыстыру фактілерінің алдын алу үшін жүйеде сәйкестендіру жүргізіледі. Президенттік жастар кадрлық резервіне өткен 50 үміткер 2021 жылғы 25 желтоқсаннан кейін белгілі болмақ.

 

Осы айдарда

Back to top button