Қоғам

Биыл да баспаналар салынады

2020 жылы Ақсуат, Ақжар ауылдық округіндегі әртүрлі санат бойынша біраз жылдан бері кезекте тұрған отбасылар баспаналы болған еді. Осы үрдіс биыл да жалғасын тауып, тағы да жаңа үйлер салу қолға алына бастады.

– Өткен жылы облыс әкімі Даниал Кенжетайұлының қолдауымен әлеуметтік аз қамтылған көпбалалы отбасыларға жоспар бойынша үйлер берілгені көпшілікке мәлім. Биыл  да тұрғын үймен қамту – басым бағыттардың қатарынан саналады. Қазіргі таңда қазықтары қағылып, құжаттары әзірленуде. Атап айтқанда, Ақсуат ауылына қоспәтерлі 11 үй, Ақжар ауылына қоспәтерлі алты үй және шекара маңындағы ауылдарға  қоспәтерлі 5 үй салу көзделіп отыр,-дейді Тарбағатай ауданы әкімінің орынбасары Ерсін Ескендіров.

Ақсуат ауылының тұрғыны Айжан Тілеулинова да былтыр үйлі болып, қуанышқа кенелген көпбалалы аналардың бірі. «Кейінгі кезде бүгінгі қоғам талабына сай бой көтеріп жатқан үйлер ауылдарымыздың ажарын кіргізіп қана қоймай, әлеуметтік қолдауға мұқтаж жанұялардың тірлігін түзеуге айтарлықтай ықпал етуде. Былтыр өзім де бала-шағаммен жаңа үйге көшіп келдік. Қалай болғанда да, бұл еңсеңді көтереді, көңілге қуаныш ұялатады. Мына біз тұрып жатқан аумақ әжептәуір мөлтек ауданға айналып келеді деуге болады. Келешекте дүкен, балабақша секілді халыққа керекті нысандар да салынады деп жатыр. Бұл түптеп келгенде ананы құрметтеу, демографиялық өсімге жағдай туғызу деп ойлаймын»,-дейді А.Тілеулинова.

Ауыл тұрғыны Қайрат Сағындықов та кезегін күткен үміті ақталып, үй алған көпбалалы отбасының отағасы. Шынайы қолдауды сезіну де  Тәуелсіздіктің тарту-таралғысы дейді. «Өз үйім, кең сарайдай боз үйім» деп кеудесін шаттық кернеген отбасылар қатары  көбейе берсін деген тілегін де білдірді.

Ерлан Бапанов

Осы айдарда

Back to top button