ҚоғамТОП

Биыл АПВ-ға қарсы вакцина салу басталады

 Астанада Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен Ұлттық иммундау бағдарламаларының басшылары, жетекші клиницистер, республикалық және өңірлік деңгейдегі денсаулық сақтауды ұйымдастырушылар үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының адам папилломасы вирусына қарсы вакцинациялау мәселелері жөніндегі апталық республикалық семинар-тренингі өтіп жатыр.

Шығыс Қазақстаннан семинарға облыстың штаттан тыс бас эпидемиолог дәрігері К.Ахтанова, мектеп медицинасының үйлестірушісі Ж.Әбілмажинова, Өскемен қалалық №2 емханасының жалпы практика дәрігері З.Ахмадиева, балалар гинеколог-дәрігері Л.Касымханова және Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің эпидемиологиялық бөлім басшысы Ш. Қалыков қатысты.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының ақпараты бойынша, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бір апталық тренингі аяқталғаннан кейін аймақтан қатысқан мамандар жергілікті медицина қызметкерлеріне оқыту семинарларын жүргізетін болады.

Семинардың қатысушыларына аталмыш вирусқа қарсы вакцинаның қауіпсіздігі мен тиімділігі, онкологиялық аурулардың, әсіресе жатыр мойны обырының профилактикасы,  вакцинациялауға деген сенім туралы жаңартылған ақпараты бар оқу модульдері ұсынылды.

– Бүгінгі таңда иммундау еліміздің халық денсаулығын сақтау саласындағы ұлттық саясаттың маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. АПВ-ға қарсы вакцинациялау адам папилломасы вирусымен зақымдану деңгейін және онкологиялық аурулардың, әсіресе жатыр мойны обырының дамуын төмендетеді. Қазақстанда жыл сайын бұл сырқаттың 1900-ге жуық жаңа жағдайы тіркеледі, бұл аурудан жыл сайын 600-ден астам әйел қайтыс болады, – деп атап өтті Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Зәуре Ахметова.

Мамандар адам папилломасы вирусына қарсы вакцинациялау әйелдердегі онкологияның өсуін тоқтатуы мүмкін екенін айтып отыр. Адам папиллома вирусы  – жатыр мойны обырын тудыратын жұқпалы вирус. Алайда  жатыр мойны қатерлі ісігі – вакцинамен қорғануға болатын обырдың жалғыз түрі. Вакцинаның көмегімен жатыр мойны обырының жиілігін айтарлықтай төмендетуге болады.

–        Қаржылық тиімді және дәлелді медициналық-санитариялық іс-шараларды, соның ішінде қыздарды адам папилломасы вирусына қарсы вакцинациялауды, сондай-ақ обыралды зақымданулардың скринингі мен емдеуді жүргізу және обырдың инвазивті түрлерін диагностикалау мен емдеуге қолжетімділікті кеңейту арқылы біз жатыр мойны обырын қоғамдық денсаулық проблемасы ретінде жоя аламыз және бұл ауруды өткен кезеңге қалдыра аламыз. Жатыр мойны обырынан бірде-бір әйел өлмеуі керек. Біздің күш-жігерімізді біріктірейік. Жатыр мойны обырын жоюға  барлық елдердің күші жетеді, – деп атап өтті тренингте Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстан Республикасындағы елдік офисінің басшысы Скендер Сыла.

Айта кетсек, адам папилломасы вирусына қарсы вакцина 15 жылдан астам уақыт бойы қолданылып келеді және әлемнің 135 елінде, соның ішінде Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстанда қолданылады. Оған қарсы вакциналарды Еуропа, АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Аустралия және Латын Америкасы елдерінің көпшілігін қоса алғанда, әлемнің 117 елі өздерінің ұлттық иммундау бағдарламаларына енгізген.

Ал Қазақстанда вакцинациялау жүргізу 2024 жылдың үшінші тоқсанына жоспарланып отыр. АПВ-ға қарсы вакцинациялау үшін қажетті топ – 9-14 жас аралығындағы қыздар. Еліміздің Ұлттық вакцинациялау күнтізбесіне сәйкес 11 жастағы қыздарға вакцинациялау жүргізілмек. Бұл жас Дүниежүзілік  денсаулық сақтау ұйымының, онкологтардың ұсынымдарына сәйкес таңдалған, өйткені 11-14 жаста вакцинация ересек жастағы вакцинациямен салыстырғанда неғұрлым тиімді, тұрақты иммунитет қалыптасады екен.

Сонымен қатар елімізде қыз-келіншектер арасында жатыр мойны обырының алдын алу  және ерте анықтау мақсатында  скринингтік тексерулер де жүргізілмек. Қазір адам папилломавирусына скринингтік тексеру енгізу мүмкіндігі, қай жас аралығын қамту қажеттігі зерделеніп жатыр. Одан бөлек ниет білдірушілерге екпені ақылы түрде салғызу мәселесі де қарастырылуы мүмкін.

Осы айдарда

Back to top button