Биылғы төрт айда 63 адам жарақаттанған

Ағымдағы жылдың төрт айында өндірісте барлығы 56 жазатайым оқиға орын алып, 63 адам жарақаттанса, оның ішінде 5-уі адам өлімімен аяқталған. Өндірістік жарақаттанудың деңгейі былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бір деңгейде қалып отыр.
Бұл туралы аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бақытбек Қизатов айтып берді.
Басқарма басшысының мәліметінше, 2018 жылдың өткен кезеңінде мемлекеттік еңбек инспекторларымен 813 арыз қаралып, 316 тексеру өткізілген. Нәтижесінде 1379 бұзушылық анықталып, 232 нұсқама берілген және 27 млн. теңгенің 192 әкімшілік айыппұлы салынған. Адам өліміне соқтырған оқиғалар өңірдің өндіріс, құрылыс салаларында және бюджеттік мекемеде (жол-көлік апаты) орын алған. Марқұмдардың отбасыларына заң аясында тиісінше барлық көмектер көрсетілген.
– Еңбекақы берешегін өтеу, жұмыс орындарының қысқартылуы, ұжымдық шарттардың талаптарын орындау, облыстық келісімді орындау секілді мәселелер облыстық дағдарысқа қарсы штабтың және әлеуметтік әріптестік жөніндегі үшжақты комиссияның отырыстарында тұрақты түрде қаралады. Атқарылған іс-шаралар нәтижесінде жыл басынан бері 103 кәсіпорындағы 3110 жұмысшыға тиесілі 361,1 млн. теңгенің ағымдағы еңбекақы берешегі өтелді,- деді басқарма басшысы Бақытбек Қизатов.
Бұдан бөлек, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ағымдағы жылда «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында үш ауқымды жобаны іске қосып отыр. Бірінші жоба – әлеуметтік-еңбек саласының бірыңғай ақпараттық жүйесін дамыту болса, екінші жоба – бұл электрондық еңбек биржасы. Үшінші жоба – электрондық еңбек шарттарын тіркеу жүйесін енгізу.
Сондай-ақ басқарма басшысының айтуынша, алдағы уақытта электронды еңбек кітапшалары да пайда болмақ. Еңбек кітапшасымен бірге еңбек шарттарын да электронды нұсқада жасау көзделіп отыр. Бұл жаңалықтар бірінші кезекте жұмысшының мүддесін қорғауға бағытталған. Жалпы, әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыру елеулі экономикалық нәтижелерге жетуге мүмкіндік бермек.
– Көп ретте жұмыс берушілер еңбек шарты жоғалып қалды немесе әу баста жасалған жоқ деп сылтауратып, жұмысшының тиесілі еңбекақысын бермей кетеді. Еңбек шарты болмаған жұмыскер талап ете алмайды. Ал электронды нұсқа енгізілсе, олай болмайды. Себебі барлық мәліметтер ортақ базаға енгізіледі. Қазір тиісті заң жобасын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әзірлеуде. Қазан айына дейін дайындап ұсынулары тиіс, – деді Бақытбек Қизатов.
Мұнымен қатар жұмысшылардың еңбегін қорғау мақсатында облыста өңірдің кәсіподақ, еңбек инспекциясы, құқық қорғау, денсаулық сақтау және кәсіпкерлік саласы өкілдерінің қатысуымен бесжақты меморандумға қол қойылған.
Дәурен Аллабергенұлы