Биылғы халықтық ойындар бұрынғыдан өзгерек
Өскемендегі «Восток» стадионында облыс әкімінің жүлдесі үшін ХХ халықтық спорт ойындарының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған биылғы байрақты бәсекенің тұсаукесеріне аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ қатысып, жиналған қауымды спорт мерекесінің басталуымен құттықтады.
Өз сөзінде облыс әкімі бүгінде елімізде халықтың бұқаралық спортпен айналысуы үшін бар жағдай жасалғанын ерекше атап өтті.
– Соңғы онжылдықтарда спорттың адамзат өміріндегі орны мен рөлі еселеп артқанын айқын аңғарудамыз. Бүгінде спорт дегеніміз тек бір ғана спортшының немесе команданың абыройы емес, бұл – бүкіл бір елдің, тұтас ұлттың беделі. Сондықтан мемлекетіміз соңғы жылдары бұқаралық спорт пен дене шынықтыруға барынша көңіл бөлуде. Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ 2020 жылға дейін Қазақстан халқының 30 пайызы спортпен жүйелі түрде айналысуы керектігін айтып, осы жөнінде алдымызға тиісті мақсаттар қойды. Расында да, Мемлекет басшысының «салауатты өмір салты – дені сау ұлттың кілті» деген сөзінің астарында үлкен мән бар, – деді облыс әкімі.
Аймақ басшысының осы сөздерінің бір дәлелі ретінде Шығыс Қазақстан облысы әкімінің жүлдесі үшін жылда өткізілетін халықтық ойындарды келтіруге де болар. Бұл ойындар қатардағы спорттық шара дәрежесінен әлдеқашан асып кеткен. Бүгінде аталмыш дода қазақстандық салауатты өмір салтының жарқын үлгісіне айналды. Кезекті ойындарға облысымыздағы барлық аудан-қалалардың спортшылары қатысып, бес күн бойы өзара мықтыны анықтайтын болады. Осы жолғы спартакиаданың бағдарламасына 16 спорт түрі енгізілгенін айта кеткен абзал. Сондай-ақ, биылғы дүбірлі доданың бір ерекшелігі, ойындар аясында тұңғыш рет Қазақстанды мекен еткен этностардың ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өткізілмек. Оның ішінде украинның «Колдун», әрменнің «Берд», татардың «Көрәш», орыстың «Лапта» сияқты ойындары да бар.
Қазіргі кезде облысымызда тұрғындарды дене шынықтырумен және спортпен айналысуға тарту мақсатында кешенді жұмыс жүргізілуде. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, бүгінде өңірде үш мыңнан астам спорттық нысан, 35 спорт мектебі жұмыс істеуде. Биыл, сонымен қатар, жаңа Жекпе-жек орталығы мен Семей өңірінің балаларына арналған спорт интернаты пайдалануға берілмек.
Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ халықтық ойындардың ашылуы барысында сөйлеген сөзінде 2015 жылдың өзінде ғана аймақта халықаралық деңгейдегі алты және Қазақстан Респбуликасының 60 спорт шебері дайындалғанын атап өтті. Бұған қоса, екі бапкер еліміздің еңбек сіңірген жаттықтырушысы атағына ие болды. Шығысқазақстандық саңлақтар халықаралық және республикалық додаларда 319 (130 алтын, 119 күміс және 70 қола) медаль жеңіп алған. Осы орайда ерекше атап өтер жайт, биыл облысымызда жаңадан құрылған «Алтай» клубының ерлер және қыздар волейбол командалары ұлттық біріншілікте топ жарып, ел намысын алдағы Азия чемпионатында қорғамақ.
– Алдағы жазғы Олимпиадаға облысымыздың бес спортшысы жолдама алды. Жерлестеріміз Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында жеңіл және ауыр атлетикадан, дзюдо мен ескекті слаломнан сынға түсетіні белгілі. Біз спортшыларымыз үмітті ақтайды деп сенеміз. Ал бүгінгі халықтық ойындар бәрімізге кейін әлемдік додаларда, олимпиадаларда жеңіс тұғырынан көрінетін саңлақтарды танытады деп үміттенеміз. Жеңіске нағыз мықтылар жетсін! – деп аяқтады құттықтау сөзін облыс әкімі.
Бұдан кейін кезек шараның салтанатты ашылу рәсіміне де келіп жетті. «Восток» стадионының футбол алаңына бірінен кейін бірі аудандар мен қалалардың спортшылары шығып жатты. Дәл осы сәтте трибуналарға жайғасқан, қолдарына түрлі-түсті шарлар мен жалаушалар ұстаған жанкүйерлердің айқайынан құлақ тұнды. Алаң ортасындағы сахнада әсем ән шырқалып, әдемі билер биленді. Тамаша театрландырылған концертпен басталған шара мерекелік отшашуға ұласты.
Халықтық ойындардың алғашқы жүлделерін жеңіл атлетшілер сарапқа салды. Облыс орталығындағы Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежінде ұзындыққа секіруден және түрлі қашықтыққа жүгіруден жарыстар өтті. Мәселен, қыздар арасында ұзындыққа секіруде рекордтық 4,93 метрге қарғыған өскемендік Полина Покладоваға тең келер ешкім болмаса, ерлер бәсекесінде Семейдің намысына қорғаған Иван Дмитриев үздік нәтиже көрсетіп, чемпион атанды.
Ал қашықтыққа жүгіруде Өскемен, Семей және Риддер қалаларының спортшылары қалған қарсыластарынан оқ бойы алда екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Атап айтқанда, 400 метрге жүгіруде 2015 жылғы ел чемпионы Владислав Лешин (Өскемен) топ жарса, қыздар арасында дәл осы қашықтықты бірінші болып Алина Савельева (Риддер) бағындырды.
Ал ең қысқа қашықтық саналатын 60 метрге жүгіруде қыздарда Арина Харламова (Риддер) чемпион атанса, ерлер сайысында Дмитрий Романов (Өскемен) үздік шықты.
Есесіне, Риддерлік жеңіл атлетшілер екі мың метрге жүгіруде алдына жан салмады. Әсіресе, Риода өтетін Олимпиадаға жолдама алған Ирина Смольникованың жеңісін атап өткен орынды.
Сондай-ақ, бұл күндері, Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежінің қасындағы Жекпе-жек сарайында еркін күрестен жарыс өтіп, бірнеше медаль комплектісі сарапқа салынған-ды. Аталмыш бәсекеде де облыс орталығының спортшылары мықтылығын мойындатты. Атап айтқанда, Өскемен қаласының намысын қорғаған Еламан Айдарханов (57 келіге дейін) пен Жанболат Мағзұмов (97 келіге дейін) өз салмақ дәрежелерінде қарсылас шыдатпай, үздік атанды.
Ал 65 келіге дейінгі салмақтағы балуандар бәсекесінде көпшілік күткендей Жарма ауданының мақтанышы, 2014 жылғы Азия біріншілігінің чемпионы Расул Қалиев жеңіс тұғырына көтерілді.
Ал жалпы алғанда, ең көп медальға семейлік балуандар ие болғанын айтқан жөн. Олар бес салмақ дәрежесінің төртеуінде жүлдегерлер қатарынан көрінді.
Меновное атшабарында ақ отаулар қалашығы құрылды. Сәні мен салтанаты бірі-бірінен асып түсетін ақ шаңқан киіз үйлердің алды ән мен күйге толы. Нағыз халықтық той осы жерде. Әр аудан белгілі бір тақырыпқа байланысты дайындалып келгенге ұқсайды. Мысалы, Шемонайха ауданы құрған киіз үй еліміздегі ұлттар достығын насихаттайды. «Қош келдіңіз!» деп қонағын қарсы алған шемонайхалықтар осы сөзді әр ұлттың тілінде жеткізіп жатты. Көптеген ұлттық дәстүрлер көрсетілді. Ал Көкпекті ауданының киіз үйінің алдында үстіне сауыт, басына дулыға киген батырлар халыққа рух беріп жатқандай. Мінберден Жәнібек пен Керей хандар сөз сөйлеп, жауынгерлер оған аруақтана үн қосты.
Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ киіз үйлер қалашығын аралап көріп, әр отаудың өзіндік ерекшелігімен танысты. Аймақ басшысының айтуынша, биылғы өткізіліп жатқан халықтық ойындар бұрынғыдан өзгерек.
– Бұл дәстүрлі бұқаралық шараға барлық ұлттардың ойындары кіргізілді. Нағыз халықтық ойындар осылай өтсе керек. Міне, өскелең ұрпақ облысымызда тұрып жатқан барлық ұлттардың ойындарын ойнап, олардың мәдениетімен танысып жатыр. Демек, халықтық ойындардың идеологиялық мән-мағынасы өте зор. Алдағы уақытта дәстүрлі ұлттық ойындармен қатар, еліміздегі барлық ұлттардың ойындары қатар жүргізілуі керек, – деді аймақ басшысы.
Абай ауданы бір-біріне жапсарлас үш үйді қатар тігіпті. Ақ отауға бас сұққан облыс әкімі оның ішіндегі кітапханаға ерекше назар аударды. Мұнда көбінесе Абай тағылымынан хабар беретін әдебиеттер қойылған. Облыс әкімі Ұлы ақынның тағылымын халыққа кеңінен насихаттау керектігін айтты. Сонымен қатар, аймақ басшысы кітапханадағы оқырман балалармен тілдесіп, Абай мұрасын тілге тиек етті.
Әкім бұдан басқа бірнеше ауданның ақ отауларына кіріп, онда қойылған қолөнер бұйымдарымен танысып, шеберлермен тілдесті.
Жоғарыда айтып өткеніміздей ХХ халықтық ойындардың жаңалығы – бағдарламалар құрамына әртүрлі ұлттар мен ұлыстардың 15 түрлі ойынының енгізілуі.
Оларды жіпке тізіп айтар болсақ, қазақтың «Асық ату» ойыны, орыстың «Лапта», «Городки», «Чехорда», «Вышибалы» сияқты ойындары. Сонымен қатар, украин халқының «Колдун», поляктың «Балықшы мен балық», татардың «Көрәш», белорустың «Потяг», немістің «3, 13, 30», кәрістің «Жолбарыс, аңшы, мылтық», әзірбайжанның «Орамал тарт», әрменнің «Берд» сияқты ойындары бар.
Балалар шаршы алаңдағы бұрын естіп көрмеген барлық ойындармен танысты. Әр ойынның өзіндік ерекшелігі бар.
– Маған әзірбайжанның орамалмен ойнайтын ойыны ұнады. Көп балалар қатысуға болады, жылдамдықты талап етеді екен. Сосын украинның «Колдун» деген ойынын ойнадым, ең қызығы осылар, – дейді өскемендік оқушы Әлихан Самат.
Дәл осы маңда гір спортының жеңімпаздары марапатталды. 63 келі салмақта үшінші орынды Юрий Белоноков (Бородулиха), екінші орынды Тимур Мүшкенов (Бесқарағай), бірінші орынды Ерзат Сақабанов (Тарбағатай) иеленді.
73 келі салмақта үшінші орынды Айдар Иманбаев (Семей), екінші орынды Фархад Бөлдекбаев (Тарбағатай), бірінші орынды Сұлтан Амантай (Өскемен) қанжығасына байлады. Ал 83 келі салмақта үшінші орынға Максим Никифоров (Өскемен), екінші орынға Сұңқар Қуанышев (Аягөз), бірінші орынға Нұрбол Биязбаев (Өскемен) табан тіреді.
Нұржан Кенжеұлы,
Дарын Нұрсапаров