Биылғы додаға он команда қатысты

Ұлан ауданында волейболдан 2002-2003, 2004-2005 жылдары туған қыздар арасында спорт ардагері Азамат Жақыповты еске алуға арналған облыстық турнир өтті. Дәстүрлі жарыс биыл төртінші рет ұйымдастырылды.
Турнирге барлығы он команда қатысқанын айтқан жөн. Жарыстың салтанатты ашылуына Ұлан ауданының әкімі Д.Батырбаев пен облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы А.Можанов келіп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Аса тартысты өткен жарыс қорытындысы бойынша 2002-2003 жылдары туған қыздар бәсекесінде бірінші орынға спортта дарынды балаларға арналған облыстық мектеп-интернатының командасы көтерілсе, екінші сатыға Абай ауданының волейболшы қыздары тұрақтады. Үздік үштікті Жарма ауданының командасы түйіндеді.
Облыстық спорт мектеп-интернатының командасы 2004-2005 жылдары туған қыздар сайысында да үздік шықты. Ал екінші және үшінші орындарға Абай мен Ұлан аудандарының волейболшылары ие болды.
Жарыс жүлдегерлері арнайы медальдармен, сондай-ақ бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Сәрсен Қабылым