Қоғам

Биылғы додаға бес елдің теннисшілері қатысады

Биылғы додаға бес елдің теннисшілері қатысады


Өскеменде теннистен «KAZZINC OPEN-2018» халықаралық турнирі басталды. Азиялық ATF Junior теннис сериясының бағдарламасына енетін аталмыш бәсекеге бірнеше елдің 14 жасқа дейінгі ұл-қыздары қатысуда.

Осымен сегізінші рет ұйымдастырылып отырған жарыстың ашылу салтанаты қаладағы «Smash» теннис орталығында өтті. Шара барысында «Казцинк» ЖШС-нің әкімшілік мәселелер жөніндегі атқарушы директоры Андрей Лазарев сөз сөйлеп, жас спортшыларды турнирдің басталуымен құттықтады.

– Өскемендегі сайысқа қатысуға ниет білдірген теннисшілер қатары жылдан-жылға молайып келеді. Бұл қуанышты жайтқа «Казцинк» компаниясы да өз үлесін қосып отырғанына қуаныштымыз. Алдағы уақытта азиялық серия бағдарламасына енетін аталмыш жарыс бұдан да жоғары деңгейде өтіп, қатысушылар саны еселеп артады деп сенеміз. Барлықтарыңызды «Казцинк» компаниясының басшылығы мен жұмысшылары атынан сайыстың ашылуымен құттықтаймын, – деген А.Лазарев облыс орталығында аталған спорт түрінің қарқынды дамуына байланысты компания келер жылы кешен жанынан тағы бірнеше теннис кортын салуды жоспарлап отырғанын мәлімдеді.

Айта кетейік, жаңа спорттық нысан 2018 жылдың көктемінде қолданысқа беріледі деп жоспарлануда. Ашық аспан астындағы болашақ теннис корттары жанынан 200 орындық жанкүйерлер трибуналары да бой көтермек екен. Мамандардың айтуынша, келешекте бұл жерде ITF Futures сериясының жарыстарын да өткізуге болмақ.

Ал биылғы додаға бес елдің, атап айтқанда, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан мен Үндістанның ұзын саны 64 спортшысы қатысуға ниет білдіріпті. Сайыста ел намысын өскемендік жас спортшылардан бөлек, өзге облыстардың теннисшілері де қорғауда. Соның бірі – алматылық Стефания Шалахова.

– Шығысқа осымен екінші рет келіп отырмын. Бұл жарысқа былтыр да қатысқан болатынмын. Өскемен қаласы да, жарыстың ұйымдастырылу деңгейі де қатты ұнады. Биылғы дода тартысты өтетін сияқты. Дегенмен мен өз күшіме сенімдімін. Қарсыластарым осал болмаса да, жеңіске жетуге тырысамын, – деген жас талап болашақта әлемнің бірінші ракеткасы болғысы келетінін де жасырмады.

Еске салайық, бір аптаға созылатын байрақты бәсекенің ойындары «Smash» теннис орталығында өтуде. Осы ретте, жас теннисшілердің өнерін тамашалаймын деушілерге кіру тегін екенін айта кеткен жөн.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button