Қоғам

Биылдан бастап төрт бала туған аналарға 50 мың теңге төленеді

Биылдан бастап төрт бала туған аналарға 50 мың теңге төленеді

Кеше облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ Өскемендегі «Алтай» технопаркінде облысымыздың көпбалалы
аналарымен кездесті. Кездесу барысында алтын құрсақты аналарға ерекше құрмет көрсетілді.
Облыс басшысының кездесуіне өңіріміздің әр аумағында тұратын 35 көпбалалы ана мен бес жас отбасы шақырылған екен. Орайы келгенде айта кетейік, біздің облыста бүгінде «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегері немесе «Батыр ана» атағын алған және І, ІІ дәрежелі «Ана даңқы» белгісімен марапатталған 16 мыңнан астам әйел тұрады. Тағы бір сүйінішті жағдай, қазір облыста бала туу деңгейі айтарлықтай өсіп келеді. Мысалы, өткен жылы 22 мың 900 сәби дүние есігін ашқан екен. Бұл оның алдындағы он жылмен салыстырғанда 15 пайыз көп екенін көрсетеді.
Алтын құрсақты аналармен кездесуді ашқан облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ сөзін жақсы тілектермен бастады.
– Әр адамның өмірінде ананың алатын орны ерекше. Сондықтан да бар игіні Жер-Ана, Отан-Ана деп, сол аналармен қатар атайтынымыз шындық. Мемлекеттің дамуы мен болашағы да тек мына отырған сіздерге байланысты. Өйткені, қашанда қалт айтпайтын халықтың өзі: «Отан отбасынан басталады» деген ғой. Елбасымыз жыл сайынғы Жолдауында жергілікті жердегі билік басшыларына сіздерге жағдай жасау жөнінде нақты тапсырма беріп отырады. Кейінгі кезде экономикамыздың дамуына, тұрмыс-тіршілігіміздің жақсаруына байланысты бала туу саны өсіп келеді. Жалпы, әрбір ананың денсаулығын жылына бір рет тексеріп тұру керек. Біздің мақсатымыз – аналар өлімін азайту. Жыл сайын 8 наурыз – халықаралық әйелдер күніне орай аналарға жергілікті бюджеттен бір мезгілдік он мың теңге көлемінде материалдық көмек жасалып келеді. Алайда, біз аналарға құрмет көрсетуді тек мерекелерде ғана емес, барлық кезде жасау керектігін жақсы түсінеміз. Биылдан бастап, төрт бала туған аналарға 50 мың теңге төленетін болады. Жалпы, өңір экономикасының өсуіне байланысты бұл сома да көбейетін болады деп ойлаймыз. Біздің аймақ ел бойынша бірінші болып, осындай бастама көтеріп отыр. Біздің бұл бастамамызды ірі кәсіпорындар мен бизнесмендер де қолдайды деген сенімдеміз. Бұл тұрғыда көпбалалы жас отбасылар да көбейеді деген үміт бар, – деді облыс басшысы.
Кездесуде бірінші болып сөз алған 82 жастағы «Алтын алқа» иегері, бауырынан өрбіген сегіз баласынан 24 немере, алты шөбере сүйіп отырған Бибәтіш Рахымжанова енесімен 35 жыл бірге тұрып, екі көзі зағип болып қалған оны жетелеп жүріп, мәпелегенін сөз етіп, сол қарияға көрсеткен құрметін бүгінде келіндері мен ұрпағынан көріп отырғанын әңгімеледі. Осындай қиындықтарды бастан өткергенін қазір мемлекет те ұмыттырып отырғанын да айта кетті. Одан соң алғыс айту тізгінін алған 13 баланың анасы, тыл ардагері, 30 немере мен 17 шөберенің ақылшысы Сара Исмадилова, Ресейдің Алтай өлкесінде дүниеге келіп, Үржарда өсіп-өнген жеті балалы Надежда Симахина, төрт-жеті баладан тәрбиелеп өсіріп отырған Марал Еркінқызы, Шынаргүл Алханова, Оразхан Манабаева, Меруерт Исаева және Айгүл Мамырбекова ұрпақтарының сапалы білім алуына өздері қамқор болса, олардың ел игілігі үшін тер төгуіне мемлекет қамқор болып отырғанын жеткізіп, барлық жақсылықтары үшін Елбасыға, облыс әкіміне, жергілікті жердегі басшыларға ерекше алғыстарын айтты.
Бұл салтанаттағы құрметті қонақтар арасында белгілі хоккейші, Қысқы Азия ойындарының екі дүркін чемпионы, өткен жылы өмірге үшем әкелген бақытты ана Мария Федоренко да болды. Ол қазір отбасындағы бес адаммен ата-анасының екі бөлмелі үйінде тұрып жатқан көрінеді. Оның аузынан осындай мәселені естіп-білген облыс басшысы қала әкімдігіне оған төрт бөлмелі жайлы пәтер беруді тапсырды. Бұл қамқорлыққа ризалығын білдірген М.Федоренко әкімге ерекше толқи тұрып, алғысын жаудырды.
Ал осы кездесуге Үржар ауданынан шақырылған ең жас ана Дина Шәріпова:
– Менің жасым – 30-да, төрт ұл, үш қыздың анасымын. Балаларымның алды он жаста болса, әзірге кенжеміз болып саналатын баламыз жақында 2-ге толады. Тараз мемлекеттік университетінде оқып жүргенімде үржарлық азаматпен тұрмыс құрдым. Келешекте оқуымды жалғастырсам, балапандарымның барлығына жоғары білім әперсем деген арманым бар, – деді ағынан жарыла.
Шара соңында облыс басшысымен кездескендеріне ерекше қуанышты екендіктерін риясыз жеткізген ардақты аналардың қайсыбіріне ел көлемінде орналасқан шипажайларға жолдамалар көрсетілген сертификаттар, екі анаға Астана күнін тойлау салтанатына қатысатын жолдама берілсе, барлық анаға кешенді түрде тегін қызмет көрсетілетіні баяндалған құжаттар, сонымен қатар, сыйлықтар мен әр мерекенің сәні – әсем гүл шоқтары табысталды.

Ғафура Сәрсенбайқызы

Осы айдарда

Back to top button