Биыл жазда Шығыс Қазақстанда қанша шақырым жол жөнделеді?
Аймақ басшысының бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағановтың төрағалығымен өткен облыс әкімдігінің мәжілісінде негізінен өңір жолдарын жөндеу және күту, жолаушылар тасымалын дамыту мәселелері қарастырылды. Мұнымен қоса, бірқатар мемлекеттік бағдарламаны іске асыру барысы, балық шаруашылығы мен тұрақтандыру қорының жағдайы туралы ақпараттар берілді.
Естеріңізге сала кетсек, облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ тапсырмасы бойынша биыл жолдарды қалпына келтіруге бөлінген қаржы күрделі жөндеуден орташа жөндеуге бағытталады. Бұл облыстық, қалалық және аудандық маңыздағы автокөлік жолдарының көп бөлігін қалыпты жағдайға келтіру үшін жасалуда.
Сібе көлдері мен Алакөлге баратын жолдар жөнделеді
Егер жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының барлық жоспары іске асса, онда жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 76,5 пайызды құрамақ.
– Осы жылы қаржыны қайта қарастыру есебінен облыстағы 228 шақырым жолды орташа жөндеу жоспарланып отыр. Бұл бірінші кезекте, Сібе көлдері және Алакөл сияқты демалыс орындарына баратын жолдарға қатысты. Бүгінгі таңда жұмыстардың 10 пайызы атқарылды, толық аяқтау 15 тамызға жоспарланған, – деп атап өтті ведомство басшысы Берік Бейсеқанов.
Биыл жолдарды күтіп ұстауға 1 миллиард 700 миллион теңге қарастырылған. Бұл қаражатқа бірқатар елді мекендегі барынша тозған көшелер жамалып, өшіп қалған жолақтар сызылады, жол белгілері жаңартылады.
Баяндамашы сонымен қатар, осы жылы Ертіс көпірінің жөндеу жұмыстары аяқталатынын атады, бұл жаңалықтың әсіресе таңертең және кешке көпір үстіндегі кептелісте тұратындарды қуантары анық. Алайда, Берік Бейсеқанов жолдарды күтіп ұстауға және ағымдағы жөндеуге қаржы жеткіліксіз бөлінетінін атап өтті, ал бұл өз кезегінде асфальттың және жол шетіндегі қоршаулардың, белгілердің ескіруіне әкеліп соғады. Сондықтан жолдар өзінің күйін сақтап, тозбас үшін қалалар мен аудандар әкімдеріне жаңа қаржы көздерін іздестіруді қолға алған жөн.
Жолаушы тасымалдау туралы айтар болсақ, мұнда да шешімін күткен мәселелер жетерлік. 752 елді мекеннің тек 445-і ғана тұрақты автобус маршруттарымен қамтылған. Барынша күрделі жағдай тоғыз ауданда байқалады, олардың арасында Бородулиха, Бесқарағай, Аягөз, Абай аудандары бар. Нақ осы өңірлерде заңсыз жолаушы тасымалы және бейресми автобекеттер «өркен жайып» келеді. Басқармада әкімшілік және көліктік полициямен бірге тұрақты рейдтер өткізетін, сонымен қатар, жолаушы тасымалдау заңнамасын түсіндіретін жұмыс тобы құрылған.
– 2020 жылға дейін Бородулихада автобекет салу керек. Мұнымен қоса, облыста жолаушыларға қызмет көрсететін 18 бекет пайда болады. Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін әкімдіктерге мемлекеттік-жекеменшік серіктестік тегершіктерін қолдану қажет, – деп атап өтті Берік Бейсеқанов.
«Защита – Зырян» және «Защита – Лениногор» сияқты екі темір жол маршрутының тиімсіздігі де бұрынғысынша өткір мәселе болып қалуда. Мемлекет тасымалдаушыларға субсидия бөліп отыр, алайда, олар шығындарды жаба алмайды.
Әуе тасымалы саласында да бірқатар проблема бар. Ағымдағы жылдың қаңтарынан бастап «Өскемен – Семей – Үржар» және «Өскемен – Зайсан» тұрақты рейстері тоқтап тұр. Себеп – осы бағыттарға қызмет көрсетуге келісіп отырған тасымалдаушының жоқтығы. Бұрын осы маршрутты иеленген «СКАТ» әуе компаниясы ендігәрі өңір тұрғындарын облыс ішінде тасуға мүдделі емес. Қазір «Жетісу» әуе компаниясымен келіссөздер жүргізіліп жатыр, бірінші маусымнан бастап рейстер қайтадан іске қосылуы ықтимал.
Су көлігі саласында айтарлықтай өзгеріс жоқ. Облыста бұрынғысынша екі паромды өткел жұмыс істеп тұр, Ертіс бойынша кеме қатынасы іске қосылмаған.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов атап өткендей, қалалар мен аудандар әкімдерінің ірі кәсіпорындармен және шаруашылықтармен жұмысын ширату қажет, олар автомобиль жолдарын жөндеуге және күтіп ұстауға билікке көмектесулері тиіс. Шағын және орта бизнес мемлекеттен жан-жақты қолдау көріп отырғандықтан, өңірдің дамуына септесуі керек.
Мәжіліс барысында «ҚазАвтоЖол» АҚ облыстық филиалының басшысы Серік Ақтановтың баяндамасы тыңдалды. Оның айтуынша, осы жылы Зырян – Рахман қайнары жолының Берел телімі күрделі жөндеуден өткізілетін болады. Сондай-ақ, «Ауыл» және «Уба» бақылау-өткізу бекеттерін халықаралық стандарттарға сәйкес қайта құру қарастырылған.
«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында екі мектеп салынады
«Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыруда негізгі басымдық білім беру нысандарының құрылысына беріліп отыр. Айталық, құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысы міндетін атқарушы Қанат Мұқановтың айтуынша, 2017 жылға дейін ұлттық қор желісі бойынша қаржыландырылған алты білім беру нысанын іске қосу жоспарлануда. Бұл үш ауысымдық оқытуды және апатты мектептерді жою үшін жасалмақ.
Мәселен, осы жылы үш оқу орнының құрылысы аяқталады. Риддердегі балабақшамен шешілмеген мәселелері бар мердігердің есеп-шоттары бұғатталған, салалық басқарма жауапсыз құрылысшылармен келісімшартты бұзу үшін сотқа талап арыз берген.
Үстіміздегі жылы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Глубокое және Шемонайха аудандарында екі мектептің құрылысы басталады.
– Ұлттық қордан бөлінетін қаржы ерекше бақылауда болуы қажет. Олардың игерілуі мәселесін Президент Әкімшілігі тексереді. Сондықтан әр теңге үшін жауап беретін боламыз, – деп қадап айтты Нұрымбет Сақтағанов.
Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндет атқарушы Алма Қайрақанова бағдарлама аясында жоспарланып отырған сумен, жылумен қамту және канализация желілерінің инфрақұрылымын қайта құру туралы мәлімет берді.
Биыл өзен-көлдерден жеті мың тонна балық ауланады
Балық шаруашылығының жағдайы туралы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының міндетін атқарушы Виталий Чернецкий мәлім етті.
Оның айтуынша, осы жылғы балық аулаудың лимиті – 7 177 тонна. Алдағы бес жылда бұл көрсеткіш 7-9 мың тонна деңгейінде сақталады деп жоспарлануда. Аулаудың айтарлықтай үлесі Зайсан көліне және Бұқтырма су қоймасына тиесілі (93 пайыз). Ауланатын балықтың негізгі түрлері – табан, көксерке және алабұға.
– Барлық балық аулаушы шарттағы міндеттемелерді орындауда. Олар су қоймаларында балық санын арттыру уақытында жүргізіліп келеді. Жеті кәсіпорын қазіргі кезде балықты қайта өңдеумен айналысып, отыз шақты өнім түрін шығарады. Негізінен бұл сүбе ет, тұтас ет, тартылған ет және мұздатылған балық. Заңсыз балық аулау мәселесі де бар, алайда, біз құқық қорғау органдарымен тығыз байланыстамыз, браконьерліктің алдын алу бойынша бірқатар іс-шара өткізіп келеміз, – деді Виталий Чернецкий.
Аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВТІҢ тапсырмасы бойынша, балық шаруашылығы саласын жақсарту және оңтайландыру бойынша комиссия жұмыс істейді, оның мақсаты балық аулауды қарапайым адамдар үшін барынша қолжетімді ету. Басқарма қызметінің тағы бір ісі – балық өсіру. Бүгінгі таңда мұнымен облыста бес кәсіпорын шұғылданады.
Тұрақтандыру қорындағы көкөністің 60 пайызы сатылды
Жиында «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы басқарма төрағасының міндет атқарушы Нұрлан Нығметов тұрақтандыру қоры айналасындағы жағдайды айтып берді. Бүгінгі таңда қордағы 9 700 тонна көкөністің 5 943 тоннасы немесе жалпы көлемнің 61 пайызы сатылған. Алайда, әлі шешімін таппаған бірнеше проблемалық мәселе бар. Олар бірінші кезекте, сатылған өнімге қаржы төлемегендерге қатысты. Нұрымбет Сақтағанов осы бағыттағы жұмысты ширатуды, тұрақтандыру қорындағы картопты сату мерзімін ұзартуды ұсынды.
Мұнымен қоса, жиында «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының бірінші бағытын іске асыру туралы ақпарат берілді.
– Облыстың көптеген аудандарында оң қарқын байқалады. Осы жылға жоспарланған 250 жобаның 229-ы бойынша конкурс жарияланған. Тек бұл жұмыс Семейде, Ұлан және Глубокое аудандарында әлсіз жүріп жатыр, – деді жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Самал Мырзабаева.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бірінші бағытының басты мақсаты – бюджеттен бөлінген қаржының игерілуін қамтамасыз ету және тұрғындарды еңбекпен қамту орталықтары арқылы жұмыс орындарын құру.
Ержан Әбіш