Биыл үш жүзден астам отбасы баспаналы болады
Азамат Темірбеков
Биыл өңірімізде «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша салынатын тұрғын үйлер 300-ден астам отбасының баспана мәселесін шешетін болады.
Соңғы жылдары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сай ел аумағында халықты тұрғын үймен қамтуға арналған бірқатар бағдарламалардың жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Бұл бағытта ауыл-аймақ тұрғындарының жағдайын жақсартуға арналған «Ауыл – ел бесігі», «Ауыл аманаты» сынды бағдарламалар да өз септігін тигізуде. Бүгінде аймақ басшысының бастамасымен қолға алынған осындай бағдарламалардың бірі – «Бір қабатты Шығыс» өңірлік жобасы облыс халқының тұрғын үймен қамтылу деңгейін өсіруге бағытталған.
Жақында өңір басшысының төрағалығымен өткен кеңес барысында биыл облыс аумағында 316 үй салынса, оның 71-і – өткен жылдан бері жалғасып келе жатқан жобалар, 93-і ауылдық елді мекендерде, ал 152-сі қалаларда салынатыны белгілі болды.
– Алдыңғы жылдардағыдай осы бағдарлама бойынша тұрғын үйлер көпбалалы отбасыларға және халықтың осал топтарына, оның ішінде жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға беріледі, бұл мәселе менің жеке бақылауымда, – деді Даниал Ахметов. – Аудандарға келетін болсақ, Зайсан ауданында 25 үй салынады, 14 үй Күршім ауданында, жеті үй Глубокое ауданында, 11 үй Ұлан ауданында, тоғыз үй Тарбағатай ауданында, екі үй Шемонаиха ауданында, үш үй Самар ауданында салынбақ. Үйлердің сапасына, жақсы безендірілуіне ерекше назар аудару қажет, әкімдер мемлекеттік архитектуралық-құрылыс бақылау басқармасы өкілдерінің қолынсыз үйлерді пайдалануға қабылдамауы тиіс.
Сондай-ақ облыс әкімі білім және денсаулық сақтау басқармаларының өкілдеріне ауылдық елді мекендер бөлінісінде осы салалардың мамандарына қажеттілікті талдауды тапсырып, олар үшін де «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша тұрғын үй алу мүмкіндігін қарастыруды айтты.
Оған қоса, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жөніндегі тапсырмасына сәйкес, 36 жаңа медициналық мекеме пайда болатын ауылдарда үйлер салады.
Сондай-ақ ауылдық елді мекендерді интернетпен қамтамасыз ету мәселесін шешу де жалғасуда. Атап айтсақ, биыл интернет 73 елді мекенге тартылмақ.
Қоса кетсек, былтыр облыста тұрғын үй мен әлеуметтік нысандар құрылысының көлемін ұлғайту және инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту бағытындағы жұмыстар жалғасын тауып, 883 мың шаршы метр тұрғын үй салынды. Өстіп, жыл көлемінде 317 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Сонымен қатар жеке инвестициялар есебінен 67 коммерциялық үйдің құрылысы жүргізілді.
«Бір қабатты Шығыс» өңірлік жобасы аясындағы офтейк-келісімшарттар бойынша 132 үйдің құрылысы жүргізіліп, жыл қорытындысы бойынша жалға берілетін тұрғын үймен кезекте тұрған 432 адам қамтамасыз етілді. Сонымен қатар ауылдық елді мекендерде тұратын аз қамтылған көпбалалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін 36 үйдің құрылысы басталды. Бұдан бөлек, былтыр инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жақсарту бойынша 41 жоба жүзеге асырылып, жыл соңында оның 13-і пайдалануға берілсе, қалған 28-ін биыл аяқтау көзделді. Бұдан бөлек, әлеуметтік инфрақұрылымды жоспарлы түрде дамыту мақсатында 16 нысан қолға алынып, жыл соңына дейін тең жарымына жуығы пайдалануға берілді. Ал қалғанын биыл аяқтау көзделді.