Экономика

Биыл төрт мыңдай пәтер пайдалануға беріледі

Биыл төрт мыңдай пәтер пайдалануға беріледі

Алдын ала болжамдар бойынша 2017 жылдың соңында облыста барлық қаржыландыру көздері есебінен аумағы 389 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, 3 974 пәтер пайдалануға беріледі.

«Нұрлы жер» бағдарламасы басталды

Елімізде «Нұрлы жер» бағдарламасын жүзеге асыру басталды. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 2017 жылы біздің облыста барлық қаржыландыру көздері есебінен 851,9 мың шаршы метр тұрғын үй салынады. Соның ішінде жалпы аумағы 705, 4 мың шаршы метр болатын 9 183 пәтерлік 119 көпқабатты тұрғын үй құрылысы жүргізілмек. Оның 58-і өтпелі, 61-і құрылысы жаңадан басталғалы отырған тұрғын үйлер. 125 мың шаршы метр болатын жеке тұрғын үй құрылысының 5 мың шаршы метрі де «Нұрлы жер» қанатқақты жобасы аясында салынбақ.

Ағымдағы жылы қаржыландыруға ақша бөлініп отырған 91 (оның бесеуі бір қабатты) тұрғын үйдің құрылысын жүргізуге 49 млрд. теңге қарастырылған. Бұл қаржыға бір-екі жыл ішінде барлығы 7 191 пәтер салынып, пайдалануға берілмек.

Облыста салынып жатқан, салынатын баспаналар құрылысы турасында журналистермен баспасөз мәслихатын өткізген құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Инна Валлдың айтуынша, бұл тұрғын үйлер құрылысымен қоса жергілікті атқарушы органдардың облигациясы арқылы бөлінетін 1170 пәтерлік 13 несиелік тұрғын үй жобасы үшін биылға қосымша 2 млрд. теңге қаржы бөлуге инвестициялық ұсыныс жолданып отыр.

Қаржы бөлініп отырған 7 191 пәтерлік 91 тұрғын үй
құрылысының қаржыландырылуы келесідей бағыттар бойынша бөлінген: 2 714 пәтерлік 41 несиелік үй, соның ішінде 538 пәтерлік жеті үй облигациялар шығару арқылы, 880 пәтерлік 12 үй «Бәйтерекдевелопмент» АҚ арқылы, 176 пәтерлік төрт үй жергілікті бюджет есебінен, 1030 пәтерлік 17 үй «Ертіс» ӘКК» АҚ арқылы, 90 пәтерлік бір үй «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы қаржыландырылады. 3053 пәтерлік 31 жалға берілетін тұрғын үй, соның ішінде 290 пәтерлік тоғыз үй сатып алу құқығынсыз, 900 пәтерлік бес үй жергілікті атқарушы органдарда кезектер тұрғандарға, 288 пәтерлік екі үй жас отбасыларына беріледі. 747 пәтерлік төрт үй «КИК» АҚ арқылы, 658 пәтерлік сегіз үй «Самұрық қазына» қоры арқылы, 170 пәтерлік үш үй «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша, 643 пәтерлік жеті коммерциялық үй мемлекет-жеке меншік серіктестік негізінде «Самұрық-Қазына» АҚ арқылы, 792 пәтерлік 12 коммерциялық үй жекеменшік құрылыс компаниялары арқылы салынбақ.

Алдын ала болжамдар бойынша 2017 жылдың соңында облыста барлық қаржыландыру көздері есебінен аумағы 389 мың шаршы метр баспана салынып, 3 974 пәтер пайдалануға беріледі.

Статистикалық деректер бойынша, қаңтар-наурыз айларында облыста 77,1 мың шаршы метр баспана пайдалануға беріліп, былтырғы жылдың осы мерзімімен салыстырғанда салынған тұрғын үй аумағы 116 пайызға артқан.

Баспана бағасының 30 пайызын жинағанға – несие 5 пайыздан

-Өңірде «Нұрлы жол» бағдарламасын іске асыру аясында облыс әкімдігі мен тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған болатын. Осы бағдарлама бойынша қазір төрт үй салынып жатыр. Нысандар №19 жаңа ықшамауданда салынбақ. Бір шаршы метрінің құны-119 000 теңгеден 137 000 теңгеге дейін,- дейді «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Шығыс Қазақстан облыстық филиалының директоры Нұрлан Күзембаев.

Тұрғын үйлер «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ салымшыларына да, сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдарда үйдің кезегінде тұрғандарға да 50 де 50 пайыз қағидасы бойынша берілмек. Бұл бағыт бойынша пәтерге Қазақстан аумағында соңғы бес жылда баспанасы болмаған азаматтар қол жеткізе алады. Әкімдіктер кезекте тұрғандардың тізімін банкке беріп, баспаналарды бөлуді банк ішінен құрылған бірлескен комиссия жүргізеді.

«Нұрлы жол» бағдарламасымен пәтер алудың шарттары 2017 жылдан бастап біршама өзгертіліп отыр. Баспана алу жүйесіне енген басты жаңалық сол, былтырдан бастап енгізілген өзгеріс бойынша «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы несиеге пәтер алатындардың бәрі енді «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ салымшысы болуы керек. Былтырғы жылға дейін әкімдіктерде кезекте тұрғандар банкте депозит ашуға міндетті емес болса, енді бағдарлама шарты бойынша несиеге баспана алу үшін әкімдікте кезекте тұрғандардың бәрі банк салымшысы болуы тиіс.

Жылжымайтын мүлікті сатып алған кезде үй сатып алушының депозитінде пәтер құнының кем дегенде 30 пайызы болуы керек. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» тұрғын үйлерді сатып алуға тұрғын үй заемдарын жылдық 5 пайызбен береді. Осы уақытқа дейін есепшотта, депозитте жатқан ақшаның мөлшеріне қарай несие 5-8-9 пайыз жылдық өсіммен беріліп келсе, енді баспана құнының 30 пайызы жиналса болғаны (одан көп болса да) несие бірыңғай жеңілдікпен, жылдық 5 пайыздық өсіммен беріледі.

Биыл төрт мыңдай пәтер пайдалануға беріледі

Қазір Шығыс Қазақстан облысының өңірлік тұрғын үй бағдарламасы аясында Өскеменнің іргесіндегі Қ.Қайсенов кентінде 80 пәтерлі екі тұрғын үй құрылысы аяқталды. Оларға қашан дауыс беруге болатынын банк филиалы жақын күндері жарияламақ. Кенттегі үйлердің бір шаршы метрінің құны 119 000 теңге, бұл нарықтағы бағадан 45 пайызға арзан.

Облыс орталығында салынатын, салынып жатқан тұрғын үйлер жыл сайын көбейіп келеді. Соның нәтижесінде көктемнен бастап облыс орталығында ескі үйлердің бағасы тағы да түсе бастады. Биыл сонымен бірге, облыс әкімінің тапсырмасы бойынша Өскеменде облыстағы өңірлік бағдарлама аясында 298 пәтерлі төрт үй құрылысын салып, пайдалануға беру жоспарланып отыр. Нысандар драма театрының жанындағы ықшамауданда салынады. Бір шаршы метрінің құны – 165 000 теңге. Өңірлік бағдарлама аясында Семей қаласында бірден 333 пәтер салу жоспарланып отыр. Бір шаршы метрінің құны 130 000 теңгеден 155 000 теңгеге дейін. Бұл баспаналарды сатып алу үшін де тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшысы болу керек, сонымен қатар, салымшылардың шотында тұрғын үй құнының 30 пайызы жатуы тиіс.

Бүгінгі күні «Бәйтерек Девелопмент» желісі бойынша «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында тұрғын үйді сатып алушылар пулынан өткен Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің 317 салымшысы қоныс тойын тойлағалы отыр. Салымшылардың бәрі – жылдық 5 пайызбен берілген қолжетімді несиелерді пайдаланып, пәтер сатып алғандар.

Мемлекеттік бағдарлама бойынша пәтер алудағы тағы бір жағымды жаңалық биылғы жылдың 3 сәуірінен бастап «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ депозит ашуға және келісімшарт сомасын ұлғайтуға тағайындалған комиссиялық алымды мүлде алып тастады. Бұрын салымшылар жинайтын депозит көлеміне қарай жеке есепшот ашуға кем дегенде 3-5 мың теңге комиссиялық төлем төлейтін. Енді шот ашушылар мұндай комиссиялық төлемдер төлемейді.

Зайсандық жастар жаңа үйде тұрып жатыр

Тұрғын үйлер облыстың ірі қалаларында ғана емес Зайсан, Риддер, Зырян сияқты шағын шаһарларда да салынып, пайдалануға беріліп жатыр.
«Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша жыл басында Зайсан қаласында екі 60 пәтерлі тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді. Тұрғын үйлерді бөлу жөніндегі аудандық комиссияның оң шешімін алған 97 жас маман бүгінгі күні осы жаңа да жарық баспанада тұрып, еңбек етуде. Бұл екі тұрғын үйдің қалған бос тұрған пәтерлеріне «Нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерікті дамытудың 2017-2020 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында аудандағы ата-насының қамқорлығынсыз қалған жетім балалар қоныстандырылып жатыр.

Ауласы бөбектердің жарқын күлкісіне толған көпқабатты қос үй Зайсан қаласының көркін кіргізіп тұр.
– Бұл екі үй орналасқан ықшамаудан кішігірім жастар қалашығына айналып келе жатыр. Болашақта жастар тұратын бұл жердің инфрақұрылымын одан әрі дамытып, олардың отбасына, балаларына қажетті барлық жағдайларды жасау жоспарланып отыр. Мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған жаңа баспанада түрлі салада жұмыс істейтін жас мамандарымыз тұрып жатыр. Қазір ауданда мұғалім, дәрігер мамандары тапшылығы жоқ. Дипломмен ауылға келген жас мамандарымызға да осы әдемі, жылы да жайлы үйлерден пәтерлер берілді, -дейді Зайсан ауданы ішкі саясат бөлімінің басшысы Зумрад Дүйсенбаева.

Жанаргүл МҰҚАТАЙ

Осы айдарда

Back to top button