Биыл тоғыз ауылға түгел газ барады
Зайсан қаласына газ тартылғалы төрт жылдың жүзі болды. Бірақ аудан орталығында тұратындардың тең жартысы әлі күнге дейін көгілдір отынды көрген жоқ, баяғыдай көмір жағып отыр.
Күл шығарудан құтылып, газ жағып, отынға кететін ақшаларын үнемдеп жатқан өзгелерге қызыға қарап жүрген зайсандықтардың жартысының көкейіндегі «Бізге газ қашан келеді?» деген сауалын ауданы әкімінің орынбасары Марат Уәлиге қойдық.
– Республикалық бюджеттен газ құбырларын тартуға қажетті қаржы бөлініп, қолға тиді. Биыл Зайсан қаласы толық газдандырылып бітеді. Қазіргі күні қаланың ықшамаудандары көгілдір отынға кезең-кезеңімен қосылып жатыр. Мамыр айының аяғында Шевченко ықшамауданы толығымен газға қосылады. Маусымның аяғында Сауыр, одан соң Заречный ықшамауданы тұрғындарының үйіне газ жеткізіледі, – дейді аудан әкімінің орынбасары Марат Уәли.
Газдың қасында отырып, газсыз отырған қалған тоғыз ауылдың тұрғындары да биыл көгілдір отынға қосылмақ. Аудан әкімі орынбасарының бізге айтқанындай, жыл соңына дейін бұл тоғыз ауыл да түгел газ жағатын болады.
Зайсан ауданын газдандыру жобасы бойынша ауданда тағы 12 ауылға газ құбырларын тарту жоспарланып отыр. Қазіргі күні ол ауылдарды газдандырудың жобалық-сметалық құжатын жасауға тапсырыс беріліп, құжаттар жасалып жатыр. Құжат жасалған соң 12 ауылдың тұрғындары газға дәл қай жылы қосылатынын дөп басып айта қою қиын, өйткені, құбыр тарту жұмыстары тағы да қаржының бөлінуіне келіп тіреледі.
Қазіргі күні Зайсан қаласының көшелерінде жер асты, жер үсті газ құбырларын тарту жұмыстары тоқтаусыз жүргізіліп жатыр. Құбырларды тартып жатқан «СМУ Шығыс» ЖШС-нің прорабы Болатбек Шотаев пен өндірістік учаске басшысы Асхат Мұсанов магистральға қосылатын құбырларды тартуға өзіміздің жергілікті өнім – Өскемендегі полиэтилен зауытының құбырлары пайдаланылып жатқандығын, жобада көрсетілген жұмыстарды кестеге сай мерзімінде бітіретіндіктерін айтты.
Жанаргүл МҰҚАТАЙ
Зайсан ауданы.