Қоғам

Биыл Өскеменде бағдарламамен 54 жеке тұрғын үй салынбақ

Биыл Өскеменде бағдарламамен  54 жеке тұрғын үй салынбақ


Биыл «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасымен облыста бағдарламаның «Жеке тұрғын үй құрылысын дамыту» атты қанатқақты бағыты жүзеге асырыла бастамақ. «Нұрлы жер» бағдарламасының осы қанатқақты жобасы бойынша Өскеменнің іргесіндегі Шығыс ауылы маңындағы 28-ші ықшам ауданда 54 жер үй салынып, сатылмақ.

Аумағы 80, 100 және 130 шаршы метр етіліп салынатын жер үйлердің әр шаршы метрі бағдарламаға қатысатын тұрғындарға 120 мың теңгеден сатылмақ.
Үйлердің сыртқы келбеті, сәулеті біркелкі болады. Қазір ықшам ауданды сумен, электр жарығымен қамту жұмыстарын жүргізуге конкурс жарияланған. Үйлер салынбас бұрын, аудан толықтай барлық инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі.

– Қазір типтік жобамен салынатын бұл үйлердің үш түрлі жобасын жасап, бекіттік. Республикалық бюджеттен үйлерді салуға бөлінетін қаржының келіп түсуіне қарай құрылысты биыл, жаз айларында бастаймыз. Үйлер үш, бес ай көлемінде салынып бітеді. Биыл үйлердің суын, жарығын тартып бітіреміз. Қазір жобалау мекемесі 28-ші ықшам ауданды жарықтандыру, ішкі жол салу құрылысының жобаларын әзірлеп жатыр, бұл жұмыстар да биыл жүзеге асырылады, -дейді Өскемен қалалық құрылыс бөлімі басшысының орынбасары Асхат Өтебаев.

«Нұрлы жер» бағдарламасын түсіндіру мақсатында Өскеменде құрамына жер комитеті, құрылыс бөлімі және «Қазақстан тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі» басшылары, басқа да органдар өкілдері еніп отырған арнайы жұмыс тобы құрылып, бағдарламаны халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

«Нұрлы жер» бағдарламасын жүзеге асыруға байланысты құрылған жұмыс тобы журналистермен баспасөз мәслихатын өткізді. Бағдарламаны жүзеге асыруға қатысты, салынатын жер үйлер жобасының ерекшелігі, оларды сатып алудың шарттары жайында баспасөз мәслихатында белгілі болған келелі мәселелерді «Дидардың» келесі санынан оқи аласыздар.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button