Өскемен гарнизоны 27943 әскери бөлімі тәрбие бөлімінің аға офицері, капитан Сырым Ақтаев Сағадат Нұрмағанбетов және Рақымжан Қошқарбаевтың 100жылдығына орай №49 орта мектебінде ерлік сабағын өткізді, деп хабарлайды Didar aқпарат сайты.
Өскелең ұрпақтың бойындағы патриоттық сезімді, ұлтжандылық пен Отаншылдықты тарихтағы нар тұлғалардың өміріне, олардың ерлігіне саяхат жасау арқылы да оятуға болады. Есімдері ел тарихында мәңгі сақталатын, нағыз батыр тұлғалардың бірі – Сағадат Нұрмағанбетов пен Рақымжан Қошқарбаев.
Сағадат Нұрмағамбетов – Бірінші «Халық Қаһарманы» атағының иегері, тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі, Қарулы күштердің құрылуы мен қалыптасуында аса маңызды рөл атқарған алғашқы армия генералы. Ал Рақымжан Қошқарбаев екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Рейстагқа КСРО туын тігіп, соғыстың соңғы нүктесін қойған Халық Қаһарманы, қазақ батыры.
Оқушылармен кездесуде қос батырдың Ұлы Отан соғысындағы ерліктері айтылып, Отанға деген сүйіспеншіліктің нағыз сипаттары көрсетілді.
– 25 мамыр күні Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы тәуелсіз Қазақстанның бірінші Қорғаныс министрі армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің туғанына 100 жыл, 19 қазан күні Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың туғанына 100 жыл толады. Бұл батырларымыздың ерлігі Отанын қорғауда алдына жан салмайтын жас сарбаздар үшін ерең. Сондықтан біз оқушыларға батырлардың келбетін тарихи тұлғалар ретінде емес, әскери адам ретінде ашуға тырыстық, – деп атап өтті 27943 әскери бөлімі тәрбие бөлімінің аға офицері, капитан Сырым Ақтаев.
Оқушылар ерлік сабағына белсенді қатысты. Олар Отан қорғау шарттарына, Ұлы Отан соғысына байланысты білікті маманға өз сұрақтарын қойды.
Айта кету керек, Өскемен гарнизонының 27943 әскери бөлімі Халық Қаһармандарының 100 жылдығына орай жыл көлемінде көптеген іс-шаралар өткізуді жоспарлап отыр.