Қоғам

Биыл облысымызға 400 мыңнан астам турист келіпті

Биыл облысымызға 400 мыңнан астам турист келіпті

Бүкіл әлемдік туризм күніне орай Өскемендегі этноауылда мерекелік концерт, бал және панты жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
Бүкіл әлемде аталып өтіп жатқан туризм күнімен қалалықтарды облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов құттықтады.
– Шығыс Қазақстан қай кезде де тамаша табиғатымен мақтана алады. Суы шипалы Алакөліміз, аспанмен таласқан Мұзтауымыз бар. Облысымызға Еуропа елдерінен арнайы келіп, демалып жатқан туристер көп. Жалпы, аймағымызда тау шаңғысы, альпинизм жақсы дамып келе жатыр, – деді облыс әкімінің орынбасары. Сонымен қатар, туристерге қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында облысымыздың жоғары оқу орындары туризм саласы мамандарын дайындап жатқандығын да атап өтті.
Нұрымбет Сақтағановтың айтуынша, биыл облысымызға 400 мыңнан астам саяхатшы келген. Республика бойынша туристерді қабылдаудан біздің аймақ Астана мен Алматыдан кейінгі орында екен. Облысымызда ерекше қорғалатын 14 аумақ бар. Ол жерлерде экотуризмді дамыту қолға алынған.
Шара барысында облыс әкімінің орынбасары Аягөз ауданынан келген «Ұлы керуен» ЖШС жетекшісі Әсел Жұмағазыны аймақтағы туристік агенттіктердің арасынан үздік шыққаны үшін ұлттық сертификатпен және «Сала көшбасшысы-2014» белгісімен, «Қазақстан экономикасы. Даңқ жұлдызы» орденімен салтанатты түрде марапаттады. Ал Әселдің әкесі Жұмағазы Тоқыжанов «Сіңірген еңбегі мен жетістіктері үшін» медалімен марапатталды.
– Туризмді дамыту үшін Қытайға үш күнге дейін визасыз турлар жасаймыз. Қытай азаматтарын Қазақстанға әкеліп, еліміздің көрікті жерлерін көрсетеміз. Сонымен қатар, Аягөз ауданында 5 гектар жерге таудан шаңғымен сырғанау базасын салуды жоспарлап отырмыз. Жобаның құны – 350 млн. теңге. Бәрі сәтімен жүзеге асатын болса, 2016 жылға дейін аяқтаймыз, – дейді облысымыздағы туризмнің дамуына зор үлесін қосып жүрген Әсел Жұмағазы.
Ал әр ауданнан келген туризм саласының мамандары өз өңірлерінде атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады. Көңілді концерт барысында викториналық сұрақтарға жауап бергендер саяхатқа қажетті құрал-жабдықтар ұтып алды. Бұдан өзге «Ақсу-Дэен», «Екі дос» ЖШС-нің панты өнімдері, қолөнер шеберлерінің қолынан шыққан бұйымдар көрмеге қойылды.

Мерей Қайнарұлы

Осы айдарда

Back to top button