Қоғам

Биыл облыста қанша балабақша ашылады?

Биыл облыста қанша балабақша ашылады?

Кеше аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВТІҢ төрағалығымен облыс әкімдігінің кеңейтілген аппараттық кеңесі болып өтті. Жиында білім беру мекемелерінің алдағы оқу жылына дайындығы, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу және күзгі жиын-терін жұмыстарының барысы талқыға салынды.
Кеңесті ашқан облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасының іске асырылуында артта қалушылық байқалатынын айтып, жиналғандар назарын осы мәселеге аудартты. Әсіресе, осы мемлекеттік бағдарлама аясында бөлінген қаржының игерілу қарқыны көңіл көншітпейді. Дей тұрғанмен, алда төрт ай уақыт бар, егер қолға алынған шараларды ширатар болса, жоспардың орындалуына толық мүмкіндік бар. Бұл ретте алдағы уақытта аймақ басшысына аудан-қала әкімдері мен басқарма жетекшілері толық есеп беретін болады.
Өңірімізде атқарылып жатқан келесі бір бағдарлама – «Жаңарудың» шеңберінде 145 денсаулық сақтау нысаны жөнделуде. Осы бағдарламаның тиімділігін тілге тиек еткен облыс әкімі оны келер жылы да жалғастыру қажет екенін міндеттеді.
Жиынға қатысушылар алдында аймақ басшысы Сібе мен Алакөл көлдеріндегі жағдай жөнінде мәселе көтерді. Облыс әкімінің тапсырмасына сай Ұлан ауданы аумағында орналасқан Сібе көлдерінің аумағын абаттандыру бойынша құрылған комиссияға жұмысты үдете түскен жөн. Бұл бағытта облыстық Табиғатты қорғау және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына артылар міндет зор. Ал Алакөл жағалауында қазіргі кезде 136 демалыс нысаны жұмыс істеп тұр. Олардың тек 4-уі ғана талапқа сай әрі толық абаттандырылған көрінеді. Көпшілігінде өрт қауіпсіздігі мүлдем дерлік сақталмайды. Сонда ондағы меншік иелері тиісті органдардан қалай рұқсат алған және оларға кім рұқсат берген деген заңды сауал туындайды. Көлдің жағасы антисанитария, қатты ластанған, қоқысқа толы.
– Осы аптада арнайы комиссия құрылып, Үржар ауданына аттануы тиіс. Демалыс аумағындағы жағдайды ретке келтіру ісімен орынбасарым Жақсылық Омар және Үржар ауданының әкімі тікелей шұғылданатын болады. Келесі аптада салалық басқарма басшыларын ертіп, өзім барып жағдайды көзіммен көріп қайтамын. Әлбетте, кәсіпкерлікті қолдау қажет, бизнес саласына мемлекет тарапынан жан-жақты көмек көрсетіліп те жатыр. Бірақ, санитария ережелерін, заң талаптарын сақтау – баршаға міндет, – деп ескертті осы ретте аймақ басшысы. – Бүгінгі таңда Алакөлде 200 мыңға жуық адам демалуда. Туристердің лайықты демалысын ұйымдастыру және қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету мәселесі басты назарда болуы шарт.
Сонымен қатар, аймақ басшысы Глубокое ауданындағы Зимовье интернат-үйі ғимаратының мемлекеттік комиссия тарапынан қабылдануы ақылға қонымсыз екенін алға тарты. Комиссия мүшелері жыл басында құрылысында көптеген кемшіліктері бар аталған нысанды актіге қол қойып, қабылдапты.
– Мен өзім ол ғимаратта үш рет болдым. Нысанда олқылықтар жетіп артылады. Біразы жөнелді, десек те толық аяқталмаған болатын. Атап айтсақ, оның тазарту құрылғысы іске қосылмаған-ды. Аталмыш ғимарат науқастар мен персонал үшін қауіп туғызатын. Мен арнайы комиссия құрып, осы жайтты түбегейлі тексеруді тапсырамын. Актіге қол қойған лауазым иелерінің әрқайсынан түсініктеме алынсын. Кінәлі тұлғалар анықталып, олар заңға сәйкес жазаларын алуы, қажет болса қызметтерінен босатылуы керек, – деді облыс әкімі.

Балабақшамен қамтылу көрсеткіші 99 пайыздан асты

Биыл облыста қанша балабақша ашылады?

Келесі кезекте облыстық білім басқармасының басшысы Айжан Садықова мекемелердің оқу жылына дайындығы туралы есеп берді. Басқарма басшысының айтуынша, бүгінгі таңда облыста 664 күндізгі жалпы білім беретін орта мектеп бар. Биыл Ұлан ауданында екі және Шемонайха ауданында бір ауылдық мектеп бала санының аздығына байланысты жабылған. Қалғандары жұмыстарын жалғастырады, көпшілігі орташа және күрделі жөндеуден өткізілді. Облыс аумағында бірақатар мектептер салынуда, оның ішінде Курчатов қаласындағы 600 орындық мектеп құрылысын атап өтуге болады.
Мектеп оқушыларының саны алдағы оқу жылында 6500 балаға көбейіп, 183 мыңды құрамақ. Мектеп табалдырығын 22 981 бүлдіршін аттайтын болады.
Өңірде 794 мектепке дейінгі білім беретін мекеме жұмыс істейді. Облыста балабақшамен қамтылу деңгейі 99,2 пайызды құрайды. Бұл – республика бойынша үздік көрсеткіштердің бірі. Бұған қоса алдағы қыркүйек айында облыста тағы 29 балабақша ашылады. Тапшылық тек Өскемен мен Семей сынды қалаларда байқалуда.
Облыс мектептерінде 23 мыңнан астам мұғалім еңбек етеді. Мамандарға деген сұраныс әлі де өткір байқалуда. Қазіргі кезде математика, физика, химия, орыс тілі пәндерінің 1377 мұғалімі қажет. Білім басқармасы осы тапшылықты жою мақсатында кешенді жұмыстарды қолға алған.
Тамыз айында облыс аумағында «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы жүріп жатыр. Жиында облыс бойынша 12 баланың мектепке мүлдем бармайтыны белгілі болды. Олар оқуға құлықсыз, көп жайда проблемалық отбасылардан шыққан жеткіншектер екен. Аймақ басшысы ата-аналармен жан-жақты жұмыс жүргізіп, мәселені түпкілікті шешуді қадап тапсырды.
Тағы бір мәселе – оқулықтармен қамту. Салалық министрлік тарапынан оқулықтар кешігіп бекітілгендіктен республика баспалары оқулық шығаруды тек маусымда ғана қолға алған. Сол себепті олар қазір кітап шығарып үлгере алмай жатыр. Десек те, оқу жылының басына дейін тиісті оқу құралдары толық жеткізілуі тиіс.
– Мен басқарманың жұмысын оң бағалаймын. Әлбетте кемшіліктер де жоқ емес. Бірақ мақсаттыж ұмыс жүргізіліп жатыр. Назар аударатын мәселе – мектеп түлектерінің көршілес Ресей елінің жоғары оқу орындарына кетуі. Мәселен, Мәскеудегі Бауман атындағы техникалық университетте немесе Ломоносов атындағы университетте оқып жатса бір сәрі. Оларда әлемдік деңгейдегі білім беріледі. Ал Барнаулдың университетінде өзім болғам, біздегі білім ордаларына ілесе де алмайды. Сол себепті оқушылар арасында түсіндіру жұмысын түбегейлі жүргізіп, олардың кейін жұмыспен қамтылуларына жағдай жасау керек, – деді Даниал АХМЕТОВ.

Медициналық сақтандыру жүйесі енгізілетін болады

Ел Үкіметі келесі жылдан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізуді көздеп отыр. Осы тақырып бойынша облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ғалия Жуаспаева баяндады. Оның айтуынша, жыл сайын Қазақстан медицина саласына жалпы ішкі өнімнің 2,2 пайызын жұмсайды, бірақ сапалы қызмет көрсету қосымша қаржының қажет етеді. Сол себептен келер жылдан бастап әлемнің көптеген озық елдерінде баяғыдан жұмыс істеп келе жатқан осы міндетті сақтандыру жүйесі бізде де қолға алынбақ. Аталмыш жүйе талаптарына сәйкес жұмысшы жалақысының 1 пайызы осы сақтандыру қорына түседі, мемлекет әр азаматқа 4-7, жұмыс беруші 5 пайыз төлейді, азаматтардың кейбір топтары, мысалы әскерилер, зейнеткерлер, мүгедектер мен жұмыссыздар аталған міндетті төлемнен босатылады.
Қазіргі кезде облыста арнайы жұмыс тобы құрылған, ол өз жұмысының бірінші кезеңін аяқтады, яғни, медицина саласы қызметкерлері арасында түсіндіру-насихат шараларын жүргізді. Медиа-жоспар әзірленіп, баспасөз мәслихаты, брифингтер өткізілген.
– Бұл орайда мына бір мәселеге көңіл аудару керек – заң бойынша жұмыссыз азаматтар міндетті медициналық сақтандыру қорына төлем жүргізбейді. Осы ретте көпшілік азаматтардың жұмыссыз статусын алуға ұмтылары анық. Мұндайда не істеу керек?! Әр аудан әкімі еңбекпен қамту басқармасымен бірлесе отырып, жұмыссыздар санын тексеріп, жағдайды қатаң бақылауға алуы тиіс. Өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған азаматтардың да жұмыссыздар санатына қосылып кетпеуін қадағалаған жөн, – деді облыс әкімі.
Кеңес соңында көктемгі жиын-терін жұмыстары жөнінде де айтылды. Облыста 600 мың гектер дәнді дақыл, 22 мың гектар картоп алқабы бар. Болжамдар бойынша, биылғы түсім жаман болмауы тиіс. Бұл мәселе 24 тамызда өтетін арнайы жиында жан-жақты талқыланатын болды.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button