Қоғам

Биыл облысқа 381 адам көшіп келеді

Айна Ескенқызы

Қазақстанда көші-қон саясатының іс жүзінде жүзеге асырылуы 1991 жылы этникалық қазақтардың жаппай өз тарихи Отанына оралу үрдісінен басталған болатын. 1991 жылдан бастап 18 481 отбасы немесе 62 мың 13 этникалық  қазақ тарихи Отаны ретінде біздің өңірге оралып, қандас мәртебесін алды, бұл облыс халқының жалпы санының 4,4%-ын құрайды.

Қандастардың ең көп қоныстанған жері – Зайсан ауданы (31,2%), Ұлан ауданында – 27,7%, Тарбағатай өңірінде – 13,0% және басқа аудандарда – 28,1% қоныстанды. Бұл орайда барлық қандастарға әлеуметтік көмек қоныстандыру ауданына қарамастан бірдей көрсетілгенін айта кеткен жөн. Жаңа көші-қон саясатының стратегиялық тәсілдері шетелде тұратын отандастарды отанына қайтаруға, Қазақстан үшін қажетті жоғары білікті мамандарды, сондай-ақ ұлттық еңбек нарығында ерекше сұранысқа ие мамандықтары бар талантты жастарды тартуға ықпал ететін болады.

Көші-қон саясатының тағы бір бағыты – еңбек күші тапшы өңірлерді жұмыс күшімен қамтамасыз ету. Өңірлік сәйкессіздіктерді және демографиялық теңгерімсіздіктерді жою мақсатында «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы шеңберінде ерікті қоныс аударушыларға жәрдем көрсетіледі, соның нәтижесінде еңбек ресурстарының аумақтық ұтқырлығы ынталандырылады.

Үкімет қаулысымен Шығыс Қазақстан облысы 2016 жылдан қандастар мен қоныс аударушылар үшін қоныстандыру өңірі ретінде анықталған болатын. Қоныс аударушылар Алматы, Жамбыл, Маңғыстау, Түркістан, Қызылорда облыстары мен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларынан  біздің өңірден басқа Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан,  Ақмола және Қарағанды облыстарына көше алады.

– «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы шеңберінде 2022 жылы облысқа 381 адам қабылдау жоспарланған. Олардың 274-і  жұмыс күші артық өңірлерден қоныс аударушылар  болса, қандастар саны – 107 адам.

2022 жылғы 16 қыркүйектегі жағдай бойынша қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасына 330 адам енгізілді, оның ішінде қоныс аударушылар – 267 адам, қандастар – 63 адам. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасуда, – деді облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы халықты жұмыспен қамту бөлімінің бас маманы Дина Иксанова.

Осы айдарда

Back to top button