Қоғам

Биыл мыңнан астам салымшы баспаналы болады

Биыл мыңнан астам салымшы баспаналы болады


Баспана алуға ниетті жандар үшін бірнеше тиімді бағдарлама бар. Олар қандай? Жеңілдікпен несие төлеп, арзан пәтер сатып алуға болатын ол бағдарламалардың шартын «Тұрғын үй» құрылыс жинақ банкі облыстық филиалы директорының орынбасары Рауан Баяш түсіндіріп берді. Биыл бұл бағдарламалар бойынша банктің мыңнан астам салымшысына пәтер кілті табысталмақ.

Біріншісі – «Нұрлы жол» бағдарламасы. Құрылысы жаңадан ғана аяқталған жаңа пәтерді жылдық несие қайтарымы 5 пайыз болатын сыйақы мөлшерлемесімен, жеңілдікпен алу үшін салымшы сол пәтер бағасының 30 пайызын депозитке салуы тиіс. Бағдарламаның тағы бір басты талабы- пәтер алушы салымшының жекеменшік үйі, пәтері болмау керек. Бүгінде «Нұрлы жол» бағдарламасымен облыс орталығында екі көпқабатты тұрғын үй салынып жатыр. Олар 2018 жылы қолданысқа беріледі.

Екінші бағдарлама – «Жайлы тұрғын үй» атты өңірлік бағдарлама. Жекеменшік тұрғын үйі бар салымшылар үшін қолайлы бағдарлама осы болмақ. Оның басты ерекшелігі – салымшының жекеменшік тұрғын үйі болуына шектеу қойылмайды.

Үшінші бағдарлама – «Өз үйім». Бұл бағдарламада да салымшы меншігінде өз үйінің болу, болмауы шарт емес. Бағдарламаның ерекшелігі: тұрғын үй бағасының 30 пайызы салымшының депозитінде жинақталған кезде ғана несие беріледі. 2018 жылы салымшылар арасында осы бағдарлама бойынша 876 пәтер арнайы бағамен, несие беру талаптары бойынша бөлінбек.

– Ол – біздің банктің жеке бағдарламасы. Халықтың тұрғын үй жағдайын жақсартып, баспаналарды қолжетімді етуі үшін бұл да тиімді, – дейді Рауан Баяш.
Аталған бағдарламалардың барлығы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы іске асуда. Халықты баспанамен қамтамасыз етіп жатқан бұл банк несие беру нарығында көш бастап тұр. Өткен жылы берілген барлық ипотекалық заемдер көлемі бойынша бұл банктің үлесі 67 пайызды құрайды.

Биыл «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық дамыту бағдарламасы бойынша 559 салымшы, «Жайлы тұрғын үй» өңірлік бағдарламасы бойынша 450 салымшы, «Өз үйім» бағдарламасы бойынша 133 адам, жиыны 1 142 отбасы баспанамен қамтамасыз етілмек.

Тасқын Болатұлы
Өскемен.

Осы айдарда

Back to top button