Биыл көмірден тарықпаймыз

Ол үшін барлық шаралар жасалып жатыр. Бүгінгі таңда шығысқазақстандықтарды көмірмен қамтамасыз ету 96 пайызға орындалған. Өңір тұрғындарының барлық қажеттілігі 1 млн. 140 мың тонна болса, аймақтың қалалары мен аудандарына 1 млн. 90 мың тонна көмір жеткізілді.
Бұл жайында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы Нұрлыбек Тілеубеков «Шығыс – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінде өткен дискуссиялық клубтың отырысында баяндады.
Басқарма өкілінің сөзіне қарағанда, облыс тұрғындары биылғы қыста тоңбауы керек. Әзірге көмірмен толық қамтылмаған тек облыс орталығы екен, өскемендіктер қажетті отынның 80 пайызына ғана қол жеткізген. Бұған көмірді дер кезінде сатып алмайтын қалалықтардың өздері кінәлі дегендей сыңай білдірді басқарма өкілі.
- Биыл біз көмірді сатуды ерте, маусым айында бастап, тұрғындарды хабардар еткен едік. Өздеріңіз білесіздер, халық арасында отынмен қамдануды тек суық түскен кезде қолға алатындар аз емес. Бір жағынан қаржы тапшылығынан да болар. Міне, алғашқы қар түсіп еді, көмір сататын жерлерде де сауда қыза бастайды. Алайда алаңдауға негіз жоқ. Өскемен қаласындағы теміржол тұйығында 3200 тонна, Семейде 4мың, Глубокое мен Шемонайхада үш мың тоннадан, барлығын есептегенде, облыстағы теміржол тұйықтарында 15 мың тоннаға дейін көмір тұр.Әр тұйықта он тасымалдаушы көлік бар. Отын сәуір айына дейін сатылады, – деді бөлім басшысы.
Басқарма өкілінің айтысына қарағанда, әзірге тұрғындардан көмірдің сапасына қатысты шағымдар түспеген. Егер тасы көп болып жатса, онда тұтынушылар отынды ауыстырып алуларына болады. Алыпсатарларға қатысты арыздар да болғанымен, қазір жағдай толық бақылауда. Көмір сататын жерлерде полиция қызметкерлерінің кезекшілігі ұйымдастырылған.
Ал облыс орталығын жылумен қамтамасыз етуге келетін болсақ, жылу беру биыл 1 қазаннан басталыпты. Алдымен денсаулық мекемелері мен білім беру орындары сияқты әлеуметтік нысандар қосылған. Дегенмен жылусыз отырған өскемендіктер де бар екен. Өткен жұма күнгі деректер бойынша, облыс орталығының төрт тұрғын үйіне әлі жылу берілмепті. Бұлар – «Исток», «Бажов, 89» пәтер иелерінің кооперативіне қарайтын және «КШТ» жеке кәсіпкерлігі, «Мария» жеке кәсіпкерлігінің қарамағындағы үйлер.
-Пәтер иелерінің кооперативтері тұрғын үйлерді жылу маусымына дайындап үлгермеген. Қазір кемшіліктер жойылып жатыр. Бір-екі күнде жылу берілуге тиіс , – деді Нұрлыбек Тілеубеков.
Айна Ескенқызы