Экономика

Биыл егіс алқаптары еселенеді

Кеше аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ төрағалығымен облыс әкімдігінің кезекті мәжілісі өтті. Онда негізінен облыстағы көктемгі егіс науқанына дайындық барысы, биылғы екі айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы және тағы басқа маңызды мәселелер талқыланды.

Биыл егіс алқаптары еселенедіОблыстың көктемгі егіс науқанына дайындық барысы туралы баяндама жасаған облыс Әкімінің орынбасары Владимир Кошелев биыл аймағымыздағы егіс алқаптарын кеңейту турасында келелі ойларын ортаға салды. Оның айтуынша, ағымдағы жылы дәнді және дәнді бұршақ дақылдарын егу жұмыстары 602,3 гектарға, күнбағыс – 335,0 гектарға, рапс – 20,0 мың, қытайбұршақ 7,6 мың гектарға арттырылмақ. Сонымен қоса, көктемгі eгic науқанын кешенді түрде жүргізу үшін қажетті тракторлар, топырақ өңдейтін және тұқым себетін техника мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. 2013 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша тракторлардың егіске дайындығы облыс бойынша шамамен 87%-ды құрайды.

Биыл тұқым құнын арзандату үшін облыстық бюджеттен 58,0 млн. теңге субсидия бөлінді. Облыстың тұқым шаруашылықтары тұқымды шектеулі бағамен босатады. Республикалық бюджеттен 244,0 млн. теңге субсидия бөлінді. Тұқым шаруашылықтары нақты сатып алынған элита тұқымдары үшін субсидияланады. Көктемгі егіс науқанын кешенді түрде жүргізу үшін қажетті дизель отыны 25 мың тоннаны құрайды.

Биыл көктемгі егіс науқанын жүргізуге Ауыл шаруашылығы министрлігі тоннасы 93975 теңге бағамен 24 мың тонна көлемдегі арзандатылған дизель отынын бөлді. Жанармай Павлодардан наурыз-мамыр айларында жеткізіледі. Бүгінгі күні дизель отынын жеткізетін операторлар белгіленіп, олармен шарт жасасу жұмыстары жүріп жатыр. Дизель отыны Мұнай және газ министрлігі бекіткен кестеге сәйкес жеткізілетін болады: наурыз айында – 5 мың тонна, сәуірде – 10 мың тонна, мамырда – 10 мың тонна.

Семей қаласының әкімі Айбек Кәрімов баяндамашыға сауал қойды. Оның айтуынша, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы Семей қаласы маңындағы егіс алқаптарын 10 мың гектарға ұлғайту жөнінде міндет қойып отыр. Бірақ қала маңындағы жерлердің біразы егін салуға жарамайды.

– Қала сыртында жарамсыз жерлер көп, біз оны еш кәдеге жарата алмаймыз, бірақ басшылық бізді мүмкіндігімізге қарамай сынға алады, – дейді Айбек Кәрімов.

Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ басқармалар мұндай жоспар-тапсырмаларды қалалар және аудан әкімдерімен бірлесе отырып қарастыру керектігін тапсырды. Сонымен қатар, облыс басшысы биыл егістік алқаптарын барынша ұлғайту керектігін айтты.

– Кәдеге жарамай бос жатқан жердің бәрін пайдаланамыз, егіс алқаптарын ұлғайта түсуіміз керек. Биыл облысымыздағы егіс алқаптары 1 млн. 310 мың гектардан кем болмауы керек. Ауыл шаруашылығы басқармасындағылар кабинеттерінде отырып бұйрық бергенді қойсын, олар аудандарды аралап, егістік басында жүруі керек. Сапалы тұқым мәселесін бірінші орынға қою қажет, – деді аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ.

Бұдан кейін сөз алған облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы Елена Ясинская 2013 жылдың 2 айындағы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындыларын баяндады.

Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ ағымдағы жылдың бірінші тоқсанын көңіл толарлық көрсеткіштермен аяқтау керек екендігін айтты.

– Біз дағдарысқа қарсы жоспарланған бағдарламаның бар екендігін естен шығармауымыз қажет. Аудандар мен қалалардың әкімдері аталмыш бағдарламаға сараптама жасап, жоспарға сәйкес жұмыс жүргізуі қажет. Өнеркәсіп саласында әрине, өсім бар, бірақ «Индустрияландыру картасы» бағдарламасына ұсынылып жатқан жобалар мүлдем аз. Мал басы өсіміне келер болсақ, мемлекет тарапынан бұл салаға барынша көмек жасалып, субсидия бөлініп жатыр. Сүт өнімдерін экспорттау мәселесіне ден қоюымыз қажет, қазір сырттан келетін сүт өнімдерін пайдаланып отырғанымыз шындық. Өзімізде барды барынша пайдалануға тиіспіз. Шағын және орта бизнес, инвестиция тарту мәселелерін назардан тыс қалдырмау керек. Құрылысқа келер болсақ, құрылыс көлемі тек қана өсе береді, бұл сала көрсеткіштері төмендемеуі тиіс. Бағаны тұрақтандыру қоры, моноқалалар мәселесі күн тәртібінен түспеуі тиіс, – деді аймақ басшысы.

Баламалы қуат көздерін дамытуға басымдық беріледі

Бұдан соң мәжілісте облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының бастығы Алмас Оңдақановтың энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, өңірдің дәстүрлі емес және жаңаратын энергия көздерін дамыту мәселелері туралы ақпараты тыңдалды.

Жиында айтылған мәліметтер бойынша, өткен жылы аймағымызда 6 891,8 миллион кВт/сағат электр энергиясы өндірілген екен. Облыстың электрмен қамтылуын арттыру мақсатында «KEGOC» акционерлік қоғамы осы жылы Екібастұз – Өскемен электр желісінің құрылысын бастапты.

Саладағы мәселелердің бірі – Қытай аумағында Қара Ертіс өзенінің молынан пайдаланылуы әсерінен Бұқтырма су электр стансасына құйылатын судың азаюы. Мәселен, былтыр Ертіс өзенінде су деңгейі төмендеп, Жоғарғы Ертіс СЭС каскадында 2011 жылмен салыстырғанда энергия 440 миллион кВт/сағатқа кем өндірілген.

Шығыс Қазақстан жаңартылатын энергия көздерін дамыту бойынша зор әлеуетке ие. Елбасының тапсырмасына сәйкес баламалы қуат көздерін пайдалану үлесі 2015 жылы энергия тұтынудың жалпы көлемінде 1 жарым пайызды құрауы тиіс. Облыстағы Тишин, Хариузов және Зайсан СЭС-тері жаңартылатын энергия көздеріне жатады. Бұлар былтыр отыз миллион кВт/сағат энергия өндірген. Осылайша, баламалы энергия көздерін пайдалану үлесі 2012 жылғы энергия тұтынудың жалпы көлемінде 0,34 пайызды құрады.

Соңғы екі жылда СЭС құрылысы үшін 15-тен астам жер телімі берілді. Қазіргі уақытта бұл жобалардың бастамашылары инвесторлар іздестіруде. Нәтиже де жоқ емес. Айталық, биыл Зырян ауданындағы Кутиха және Ұлан ауданындағы Тайынты өзендерінде шағын электр стансаларының құрылысы басталмақ.

– Бүгінгі таңда облысымыздағы электр энергиясының тапшылығы 2,2 миллиард кВт/сағатты құрап отыр. Сондықтан, біз қосымша қуат көздерін іздестіруіміз қажет. Ол үшін ең алдымен жұмыс істеп тұрған стансалардың қуатын арттыру керек. Бұған барлық мүмкіндіктер жеткілікті. Шағын су және жел электр стансаларын саламыз деп жер телімін алған компаниялар өз міндеттерін орындауы тиіс. Өңірімізде 700-дей тау өзені бар, Қазақстандағы су қорының 60 пайызы – біздің аумақта, дей тұрғанмен облыста бірде-бір шағын су электр стансасы жоқ. Биогаз өндіру, жылу сорғыларын шығару, жалпы баламалы қуат көздерін қолдану жұмыстарымен жөнді айналыспай жүрсіздер. Сонымен қатар, Үкімет алдында шекаралас мемлекеттермен Ертіс өзенін пайдалануды реттеу жөнінде мәселе көтерген жөн, – деген аймақ басшысы орынбасарларына осы бағыттардағы жұмысты ширату қажеттігін қадап тапсырды.

Достық үйлері неге концерт ұйымдастырумен ғана шектеліп жүр?

Мәжілісте Шығыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Еркінбек Аязбаев ұйымның атқарған жұмысы мен алдағы міндеттері туралы ақпарат берді.

– Достық үйлерінің материалдық-техникалық базасын нығайту мәселесі өзгеріссіз қалып отыр. Бүгінде облыстық Достық үйі мәдениет басқармасына тікелей бағынып, сол басқарма тарапынан қаржыланады, сонымен қатар, аудандар мен қалалардағы Достық үйлері мәдениет бөлімдері арқылы қаржыланады. Ұлттық-мәдени бірлестіктер өткізетін шараларды қаржыландыру кезінде қиындықтар туындап жатады. Сонымен қатар, жергілікті әкімдер тарапынан штатты кеңейту, іс-шараларды өткізуге қаражат бөлу мәселелері қарастырылмайды, – деді Еркінбек Аязбаев.

Облыстағы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының міндеттері Елбасының «Қазақстан – 2050» стратегиясында берілген тапсырмалармен айқындалады. Осыған сәйкес, 2013 жылғы негізгі мақсат облыста тұратын барлық ұлт өкілдерін мемлекеттік саясатты іске асыруға жұмылдыру, «Қазақстан – 2050» стратегиясын халыққа түсіндіру болмақ.

– Біздің көпұлтты облысымыз үшін этносаралық қарым-қатынас мәселесі өте маңызды, – деді облыс Әкімі. – Сондықтан, биыл былтыр атқарылған іс-шараларды жалғастыру керек. Шындығын айтқанда, этноауыл бойынша біздің ұлттық-мәдени орталықтар сылбыр жұмыс істеуде. Біз ол үйлерді, сондағы шеберлер ауылын солар үшін салғанбыз. Өкінішке қарай, бірде-бір ұлттық орталық олардың құрылысына қаржы бөлген емес. Енді этноауылды ұлттар мен ұлыстардың салт-дәстүрлерін, мәдениетін дамыту мақсатында барынша пайдалану қажет. Бірақ бүгінде барлық жұмысты, іс-шараларды этнопарк қызметкерлері атқаруда. Мен ұлттық-мәдени орталықтардың жетекшілерінен осы мәселеге көңіл аударуды сұраймын. Облыста сегіз Достық үйі бар, соңғы кездері аталған ұйымдар мәдени шаралармен, яғни, концерт ұйымдастырумен ғана айналысып жүр. Ассамблея хатшылығы ұлттық-мәдени орталықтардың жұмысын үйлестіріп, этносаралық жағдайды ұдайы бақылап отыруы тиіс. Ал Достық үйлерін ішкі саясат басқармасының қарамағына алу туралы мәселені қарастыруды бірінші орынбасарым Ермек Көшербаевқа тапсырамын.

Бердібек САПАРБАЕВ, облыс Әкімі:
– Ең бастысы, бірінші тоқсанды оң нәтижемен аяқтауымыз қажет. Барлық әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер былтырғы кезеңмен салыстырғанда жоғары болуы тиіс. Табыс көздерін де көбейткен жөн. Сонымен қатар, қыстан аман-есен шығуымыз керек, тағы айтамын, «күн жылынды, қар еріп кетті» деуге болмайды. Сондықтан, жекелеген аудандардағы су нысандарында кезекшілік жалғаспақ. Құрылыс саласы бойынша біз осы айда барлық конкурстарды аяқтап, былтыр аяқталмай қалған нысандарды сала бастаймыз. 1 мамырға дейін аудан-қалалардағы «Нұр Отан» партиясы филиалдарының жеке ғимараттары және көліктері болуы шарт, бұл – партия төрағасының тапсырмасы. Наурыз мейрамына дейін бірнеше күн қалды. Барша жоспарланған мерекелік іс-шаралар толықтай орындалып, мереке бүкіл елді мекендерде кең көлемде аталып өтуі керек.

Дарын Нұрсапаров,
Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button