Қоғам

Биыл қандай ТҮСТІ КИІМДЕР сәнге айналады?

Биыл қандай ТҮСТІ КИІМДЕР сәнге айналады?
2014 жыл – қазақ үшін қасиетті Жылқы жылы. Жылқы – бекзат, ақсүйек, мәртебелі жануар. Сондықтан бұл жыл басқа жылдармен салыстырғанда әсіресе, қыз- келіншектер қауымы үшін мерекелік киімдеріне салмақпен, жауапкершілікпен қарайтын жыл.
Келер жыл Шығыс күнтізбесі бойынша көпшіліктің аузында «көкшіл түсті жылқы жылы» делініп жүр. Ол – байлық пен дарқандықтың, кербездіктің, жомарттықтың символы. Сол себепті сәнгерлер жаңажылдық мерекелік кештерге көк, көкшіл және жасыл түсті киімдер киюге кеңес беріп отыр. Сонымен бірге олар ашық көк түс пен қайың түстес, аспан, теңіз түстес киімдер киюді де хош көруде. Көк түсті көйлектерге табиғи немесе жасанды гауһардан жасалған әшекейлер жарасады.
Желден жүйрік, сымбатты жануарды қадірлеп келе жатқан Еуропа елінің сәнгерлері 2014 жылы Грето Гарбо, Мэрлин Манро, Анджелина Джоли секілді әйгілі бикештердің өз уақытынан озық жүрген қайталанбас сәнді стильдерін назарға алуды ұсынуда.
Ал өзіміздің отандық сәнгерлер қандай көйлек таңдасақ та, әуелі матаның сапасына мән бергеніміз дұрыс деп санайды. Мата барқыттан, жібектен, тіпті, жүннен болса да, сапалы, жеңіл әрі романтикалық болғаны жөн. Шаш үлгіңізді үстіңіздегі киіміңізбен үйлестіруді естен шығармаңыз. Қанша әдемі әрі сәнді болса да, синтетикалық матадан тігілген киімдерге қызықпаңыз! Жылды табиғи былғарыдан жасалған киімдермен қарсы алғанның да әсері айрықша. Оларды әдемі, жинақы сөмкемен, сәнді аксессуарлармен сәйкестендіру керек. Аяққа киген былғары етігіңіздің, туфлиіңіздің өкшесі биік болғаны дұрыс.
Қараша айында Алматыда өткен «Kazakhstan Fashion Week» мәдени-сәнді көрме-шарада қазақстандық сәнгерлер Саят Досыбаев пен Алексей Чжен Жылқы жылындағы көктем, жаз мезгілдерінің негізгі трендтері – түрлі-түсті гүл бейнеленген киімдер екендігін, ал ер адамдарға дәл осындай түсті галстуктер таққан жарасатынын айтты. Қара-көк, қою көк немесе көк түсті классикалық костюммен мұқият үтіктелген жейде үйлеседі.
Шаш демекші, Жылқы жылын қарсы алу кешіне төгіліп тұрған, жайылған шаштар тән. Толқынды шаштар батыл, бірбеткей жануарды еске салады. Шашты ағаштан жасалған, декоративті шаш қыстырғыштармен қыстыруға, өріп, әдемі ленталармен байлап қоюға да болады.
Еліміздің сән индустриясында аты белгілі бола бастаған сәнгер Аида Қауменова болса алдағы жылға арналған өзінің жеке коллекциясында ұлттық ою-өрнектерге басымдық беріпті. Ал оның өзге әріптестері 2014 жылы әдеттегідей ашық түстердің де жоғары ба-ғаланатынын, теріден жасалған киім киген-дердің көлеңкеде қалмайтынын атап айтты.

Әзірлеген – Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button