Қоғам

Биыл 600 орындық мектептің құрылысы аяқталады

Биыл 600 орындық мектептің құрылысы аяқталады
Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ жұмыс сапарымен Аягөзде болды. Аудан аумағында атқарылып жатқан жұмыстар, жоспарланған жобалар мен іс-шаралар туралы аудан әкімі Бақытжан Байахметов баяндағаннан соң, құрылыс жұмыстары жүріп жатқан 600 орындық мектепке барды.
Мектеп құрылысы көптен бері күн тәртібінен түспей келе жатқан мәселе болатын. Ел экономикасының өркендеуінің нәтижесінде тұрғындардың үздіксіз сұраныстары қанағаттандырылып, Бидайық, Қарағаш, Ақши ауылдарына жаңа мектеп салынғанымен, аудан орталығында орын тапшылығынан үш ауысымдық оқу жүйесімен білім беріп жатқан білім мекемелері туралы жиі айтылатын.
Аудандық атқарушы биліктің жұмыс жүргізуі, облыс әкімінің қолдауының нәтижесінде 2016 жылы 600 орындық мектеп құрылысы басталған еді. Қабырғасы бой көтеріп, қарқынды жүргізіліп жатқан игі істерді көрген аймақ басшысы құрылыс жұмыстарын сапалы әрі мерзімінде тапсыруды мердігерлерге міндеттеді. Аталмыш құрылыс нысаны ағымдағы жылы аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Сондай-ақ, облыс әкімі жалпы білім беретін №3 қалалық орта мектептің ескі ғимаратын қайта жаңғырту жұмыстарымен де танысты. Облыс басшысы биыл 600 орындық орта мектеппен қатар, қайта жаңарудан өткен осы нысанды пайдалануға беретінін атады. Сонымен қатар, тағы да салынады деп жоспарланған мектеп құрылыстарын ескеретін болсақ, ондаған жылдар бойы халықты алаңдатқан мектептермен қамту мәселесі шешіледі. Аймақ басшысы тұрғындарды ауызсумен қамтуда да бірқатар іс қолға алынған. Аягөздегі атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді.

Ермек Тұрсынұлы

Осы айдарда

Back to top button