Қоғам

Биыл 39 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріледі

Биыл  39 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріледі

Кеше облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ төрағалығымен кеңейтілген аппараттық кеңес өтті. Жиында Еуропа даму және қайта құру банкімен бірлескен инвестициялық жобалардың іске асырылу барысы, өңірдегі тұрғын үйлер мен әлеуметтік-мәдени нысандардың құрылыс қарқыны, сонымен қатар, Өскемен мен Семей қалаларындағы абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары қарастырылды.

Еуропалық банкпен ынтымақтастық дамып келеді

Шығыс Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік-жекеменшік серіктестік орталығының басқарма төрағасы Шәкәрім Бұқтұғұтов баяндамасында өңірде 19 концессиялық жоба қолға алынғанын, оның ішінде Өскемен мен Семейдегі 11 балабақша бойынша жобаның іске асырылғанын мәлім етті. Қазіргі кезде жалпы құны 50 миллиард теңгені құрайтын қалған 8 жоба бойынша жұмыстар жүргізілуде. Оның екеуі денсаулық сақтау нысаны – Өскемендегі 300 төсек-орындық аурухана мен Семейдегі 200 орындық балалар ауруханасы. Бесеуі – облыс орталығындағы балабақшалар. Біреуі – Зырян қаласындағы жылу көзін жаңғырту жұмыстары.
Еуропа даму және қайта құру банкімен бірге құны 155 миллиард теңге тұратын 23 жоба жоспарланған. Оның ішінде 12-сі – басым бағыттағы жобалар. Олар Семейді сумен және жылумен қамту, Өскеменді сумен қамту, Өскемен мен Семейдегі көшелерді жарықтандыру жүйелерін жаңалауды көздейді.
– Біз алдағы уақытта да Еуропа даму және қайта құру банкімен осылай тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуіміз керек. Қазіргідей бюджет қаржысының тапшылығы кезінде қосымша қаржы көздерінің мүмкіндіктерін барынша тиімді пайдаланған жөн. Мен орталық жұмысына оң баға беремін. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде облысымыздағы концессиялық және инвестициялық жобалардың жалпы құны шамамен 300 миллиард теңгені құрап отыр, – деді облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ.
Бүгінгі таңда облыста 99 көппәтерлі тұрғын үй мен 24 мәдени-әлеуметтік мақсаттағы нысанның құрылысы жүріп жатыр. Олардың жалпы құны 103 миллион теңгеден асады. Сонымен бірге, аталмыш ғимараттарға инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды тарту бойынша 53 жоба іске асырылуда.
Құрылыс басқармасының басшысы Мәди Отарбаевтың айтуынша, осы жылы пайдалануға 39 көпқабатты тұрғын үй, 1355 жеке үй берілуі тиіс. 24 мәдени-әлеуметтік нысанның 14-і биыл салынып бітуі керек, қалған 10-ы келесі жылдарға ауысады. Аяқталатын ғимараттардың ішінде 7 мектеп, 1 балабақша, Семейдегі радиология орталығы, Семей қаласы Знаменка ауылындағы амбулатория, Зырян ауданы Грехов кенішінің әкімшілік корпусы, Семейдегі Затон полиция бөлімшесі мен ақаба суларын тазалау ғимараты, Тарбағатай ауданындағы спорт модулі бар.
– Облыстағы тұрғын үйлердің салыну қарқыны және іске қосылуы жаман емес. Алдын ала болжамдар бойынша, осы жылдың 5 айында 126 мың шаршы метр баспана қолдануға берілмек, бұл өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 4 пайызға артық, – деген аймақ басшысы құрылысшылардың есіне бірқатар міндеттерді салды. Ол – жаңадан салынып жатқан көпқабатты үйлердің алдындағы жолдарды кеңейту және әр пәтерге 1,5 автокөлік есебімен автотұрақтар жасау. Аймақ басшысы жаңа шағын аудандарды жоспарлаған кезде қызмет көрсету орындарын, сауда нүктелерін енгізу керектігін де тапсырды.

Өскемен мен Семей абаттандырылады

Биыл  39 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріледі

Жиында облыстағы екі ірі қаланың әкімдері сөз алып, абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарының барысын баяндады.
Өскемен қаласының әкімі Ерлан Аймұқашев жаз айларында ауқымды абаттандыру жұмыстары атқарылатынын жеткізді. Атап айтсақ, Стрелка ықшам ауданындағы «Даңқ» мемориалының маңайы, Протозанов пен Крылов көшелері арасындағы Үлбі жағалауы және «Сәулетай» балалар бағының аумағы өзгеше түрге енбек. Бұл жерге жаңа жарық бағаналары орнатылады, жаяу жүргіншілер жолдарының плиталары ауыстырылады, газон, ағаш көшеттері, веложол, балаларға арналған түрлі ойын алаңдары салынады. Сонымен қатар, бұл аудандарда «Стрит воркаут» типті тренажерлері бар спорт алаңдары пайда болмақ. Жобаны жүзеге асыруға қала қазынасынын 550 миллион теңге бөлініп отыр.
Мұнымен қоса, Суретшілер үйінен Амурская көшесіне дейінгі аралықтағы Комендантка өзенінің жағасы жаңартылады. Бұл жерде де шамдар, орындықтар, қоқыс жәшіктері, жаяу көпірлер орнатылып, жүргіншілер жолы кеңейтіледі, ағаштар егіледі, тренажерлы спорт алаңы мен веложол салынады. Өзен сағасы бекітіліп, бірнеше су тоғаны жасалады. Жобаға тұрғындар мұқтажына қарай екі әжетхана да енгізіліпті. Абаттандыру жұмыстары Назарбаев зияткерлік мектебінің, Металлургтер Мәдениет үйінің маңын, Тәуелсіздік даңғылы бойындағы аллеяны және де Молдағұлова көшесінен Прииртышская көшесіне дейінгі аумақты да қамтитын болады.
Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов те Семей қаласында қолға алынған абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарының барысымен таныстырып өтті. Оның айтуынша, қала басшылығы жұмыстарды бұрынғыдай шеткері аумақтарда емес, шаһардың орталығына қарай топтастыруды шешкен. Бұл жұмыстардың сапасын аймақ басшысы алдағы айларда өзі барып тексеретінін жеткізді.
– Өткен жылдары бізге Өскемен қаласының көшелеріне арналған шамдалдарды Ресейден тасуға тура келген болатын. Биыл оларды біздің тапсырымыз бойынша Өскемендегі «Қазцинкмаш» пен «Востокмашзауыт» кәсіпорындары жасап отыр. Осы абаттандыру жүргізілген аумақтарда тегін Wі-Fі желісі таратылуы тиіс. Ал воркаут типті спорт алаңдары енді әр аудан орталығында орнатылулы керек. Бұл тапсырманы мен орынбасарым Жақсылық Омарға жүктеймін, – деген аймақ басшысы аталмыш жұмыстардың қарқынын ширата түсуді қадап айтты.
Бұдан соң облыс әкімінің орынбасары Димитрий Гариков 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» бағдарламасының инфрақұрылым құрылысына қатысты бөлігінің жүзеге асырулы барысы жайында ақпарат берді. Атап айтсақ, бүгінгі таңда тұрғын үйлер мен әлеуметтік сала нысандарына инженерлік желілерді тарту бойынша 13 миллион теңгенің 21 жобасы, жылумен және сумен қамту нысандарын жаңғырту бойынша 8 миллион теңгенің 26 жобасы атқарылуда. Облыстағы инфрақұрылым нысандарының 60 пайызы, жылу желілерінің 50 пайыздай ескірген, сондықтан аталмыш жобалардың орындалуына жіті көңіл бөлініп отыр.
– Келесі аппараттық кеңесте осы «Нұрлы жол» бағдарламасының, оның ішінде «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының іске асырылуына жеке-жеке тоқталатын боламыз. Барлық нысандарға ең алдымен жергілікті әкімдер жауап береді. Осы жиынды пайдалана отырып, Сіздерді әрдайым жеке орындаушылық тәртіпке аса мән беру қажеттігі турасында қатаң ескертемін, – деп түйіндеді кеңесті облыс әкімі.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button