Биыл 277 роботтық техника сыныбы ашылады

Облыс әкімдігінің кезекті мәжілісінде өңірдегі білім беру және денсаулық сақтау жүйелерін цифрландыру тақырыбы кеңінен талқыға салынды. Елбасының «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасына орай елдімекендерді Интернетпен қамту, барлық қызметтерді электронды нұсқаға көшіру жұмыстары жүріп жатыр. Бұл бағыттағы іс-шараларға Шығыста ерекше мән беріліп отыр. Аймақ басшысының мұрындық болуымен орта мектептерде роботтық техника сыныптары ашылып, оқушылар бағдарлама жасау ісіне үйретілетін болады.
Шығыс Қазақстанда 277 толық комплектілі орта мектеп бар, бүгінгі таңда олардың барлығы да «Менің мектебім» аймақтық деңгейдегі бірегей акция аясында роботтық техника сыныптарымен толық дерлік қамтылып отыр. Алдағы оқу жылынан бастап өрендер осы сыныптарда робот жасауға, ақпараттық технологияларды басқаруға, компьютерлік бағдарламаларды әзірлеуге машықтанбақ. Бұл мақсатта олардың мұғалімдері арнайы курстардан өтіп, компьютерлік модельдеуді, бағдарламалауды, сонымен қатар аталмыш сыныптардың құрал-жабдықтарымен жұмыс істеуді меңгерген. Осы курстардан өткен барлық ұстаздарға тиісті сертификаттар табысталыпты.
Қазіргі кезде орта мектептер алдына ақпараттық технологияларды оқыту міндеті қойылып отыр. Осыған байланысты облыс басшылығы ІТ сабақтарын роботтық техника сынаптарында өткізуді жоспарлауда. Сынып мүмкіндіктері 3D-модельдеу және мультимедиялық жүйелерді меңгеру пәндерін оқытуға да қауқарлы.
– Біз өзімізде бар роботтық техника сыныптары базасында ақпараттық технологиялар сыныптарын ашуды көздеп отырмыз. Сыныптардың бұған деген мүмкіндіктері жетерлік. Жалпы, Үкімет еліміз бойынша 1 мыңдай ІТ-сынып ашуды жоспарлауда, ал біздің облыс қазірдің өзінде 277 сынып ашуға әзір. Сондай-ақ білім беру саласындағы ақпараттық технологияларды біз облыстық «Восток» мектебінің базасында дамытатын боламыз, – деді осы тақырып бойынша ақпарат берген облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова.
Роботтық техника сыныптарының құрылғылары түрлі құлтемір үлгілерін құрастыруға мүмкіндік туғызады. Білім саласының мамандары «роботтық техника» сабағы балалардың техникаға, құрастыруға, бағдарламалауға деген қызығушылығын оятады, оларды зерттеушілік, өнертапқыштық жұмыстарға тартады деп топшылап отыр.
– Алдағы оқу жылының басына дейін осы істі пысықтап алу керек. ІТ-сыныптар мен роботтық техника сыныптарын қосу – өте тиімді шешім. Десек те, бізге оқу бағдарламасын дұрыс әзірлеу қажет, екі сыныптың сабақтары бір-бірлерін қайталамауы тиіс. Облыс оқушыларына тамаша мүмкіндіктер ашылып отыр. Олар енді осы сыныптарда отырып, өз қолдарымен робот құрастырып қана қоймай, олар үшін бағдарлама да жаза алатын болады. Яғни, теория мен іс-тәжірибені ұштастырады, – деді осы ретте аймақ басшысы Даниал Ахметов.
Мұнымен қоса, осы бір саланы барынша тартымды ету мақсатында жергілікті жоғары оқу орындарындағы «цифрлық технологиялар» мамандығына берілетін гранттар санын ұлғайту да жоспарланып отыр.
Денсаулық сақтау саласын цифрландыру туралы айтар болсақ, облыстағы 649 медицина нысанының барлығы Интернет желісіне қосылған. Тек компьютерлік техникамен қамтылу деңгейі ғана 60 пайыз шамасында. Бірақ облыстық бюджеттен бөлінген 96 миллион теңгенің арқасында бұл көрсеткіш осы жылы 100 пайызға жетуі тиіс. Салада еңбек ететін 19 мың персоналдың бәрі де компьютерді қажетті деңгейде меңгере алады.
Негізгі мәселе тұрғындардың электрондық қызметтерді жиі қолданбайтынында болып отыр. Айталық, 1 миллион науқастың тек 97 мыңы ғана емханалардың электронды кезегіне жазылған.
– Осы жайтты жіті тексеруді тапсырамын, қысқа мерзім ішінде талдау жүргізіп, мәселені шешіңіздер, – деді осы орайда аймақ басшысы.
Облыс әкімінің айтуынша, медицина саласындағы электронды қызметтер – болашағы зор бағыт. Бұл ұзынсонар кезекті құртып, қызмет сапасын, ашықтығын арттырады. Ендеше барлық денсаулық сақтау мекемелерінде науқастарды электрондық форматта қабылдау үлесін көтеру қажет деп санайды облыс басшылығы.
Ержан Әбіш