Биыл 2744 адам көшіп кеткен
Облыстық ІІД көші-қон полициясының мәліметіне сүйенсек, соңғы 9 айдың ішінде облысымыздан шет мемлекеттерге 2744 адам көшіп кеткен.
Басқарма басшысының орынбасары Максим Пупковтың айтуынша, шекара асып кеткендердің басым бөлігі Ресей Федерациясына ат басын бұрыпты, олардың саны – 2622 адам. Ал Германияға – 71 адам, Монғолияға – 13, АҚШ-қа – 9, Белоруссияға – 9, Канадаға – 4, Украинаға – 3, ҚХР – 3, Чехияға – 3, Испанияға – 2, Израильге – 2, Иранға – 1, Финляндияға – 1 адам қоныс аударған.
Еуропаға көшіп кетіп, туған жерлеріне қайта оралып жатқандар да бар екен. Мысал келтіре кететін болсақ, биылдың өзінде Германиядан алты адам қайта көшіп келген, олардың барлығы – бұрынғы Қазақстан азаматтары.
Елімізде заңсыз жүрген шетел азаматтары да жетерлік. Максим Пупковтың айтуынша, арнайы жүргізілген бес күндік рейд нәтижесінде әкімшілік жауапкершілікке 945 шетел азаматы тартылған. Олардың 76-сы Қазақстан шекарасынан аластатылды, заңсыз келімсектердің басым көпшілігі Өзбекстан азаматтары.
– Күршім ауданында құрылыста заңсыз жұмыс істеп жүрген Өзбекстанның он азаматын ұстадық. Қалталарында мүлдем ақшалары жоқ екен, олардың депортациялық шығындарын мелекет қаржысы есебінен өтеуге тура келді. Құрылыс қожайынына 100 АЕК көлемінде айыппұл салынды,-дейді басқарма басшысының орынбасары.
Дарын Нұрсапаров