Спорт

Биатлоншыларымыздың дайындығы қалай?

Бейжіңде өтетін 24-ші қысқы Олимпиада ойындарында еліміздің намысын үш биатлоншы қорғайтын болады. Аталған үштік жалпы саны 12 жолдама жеңіп алған.
Белгілі болғандай, Қытай еліндегі додада Қазақстан атынан семейлік Галина Вишневскаядан бөлек, ерлер құрамасының екі өкілі Александр Мухин мен Владислав Киреев сынға түседі. Бұл туралы команданың бас бапкері Мақсат Шаранов айтты.
– Биатлоннан Олимпиада лицензиясы команданың маусымдағы көрсеткіштеріне қарай берілетін. Алайда пандемияға байланысты Халықаралық биатлоншылар одағы жарыс жоспарын түбегейлі өзгертті. Бұрын бірінші орыннан 20-шы орынға дейінгі командаларға – төрт квота, 20-23 орындағыларға – екі квота, 24-ші орыннан төмендегілерге Wild Card берілетін. Биыл тек 20-шы орынға дейінгі командалардың квотасы сақталып, одан төмен орналасқандар жекелей көрсеткіштері бойынша ғана жолдамаларға ие болды. Ал мұндай орындар саны бар болғаны 12 ғана еді. Тағы бір айта кетерлігі, Қытай командасы ТОП-20 қатарына енбегендіктен, жарысты қабылдаушы ел ретінде автоматты түрде Wild Card бойынша төрт квотаны иеленді. Нәтижесінде, сегіз бос орынға 35 команда таласты. Ал эстафетада 27 құрама бақ сынайды. Осыған орай, біздің қыздар командасының алдында төрт жолдама алу мақсаты тұрған. Алайда бізді Қытай құрамасы қуып жетіп, қолда тұрған квотадан қағылдық. Енді Олимпиадаға Қазақстан атынан Галина Вишневская ғана қатысады, – дейді бапкер.
Маманның айтуынша, ерлер командасының алдында екі жолдама алу мақсаты тұрған және олар бұл жоспарды орындады.
– Олимпиадаға Александр Мухин мен Владислав Киреев қатысады. Лицензия бүкіл командаға берілді. Бірақ осы екі спортшының еңбегі зор. Қазіргі сәтте олар құраманың үздіктері саналады, – деді М.Шаранов.
Айта кетейік, жерлесіміз Галина Вишневская үшін Бейжіңдегі ойындар спорттық мансабындағы үшінші Олимпиада болайын деп тұр. Бұған дейінгі екі додада да семейлік биатлоншы үздіктер қатарынан көріне алмаған. Жалпы, Вишневскаяның еншісінде 2014 жылғы жастар арасындағы Әлем чемпионаты мен Азия біріншіліктерінің алтыны сияқты жүлделер бар. Ол сонымен қатар, Азия ойындарының төрт дүркін чемпионы және 2017 жылы Алматыда өткен Универсиаданың жеңімпазы.
Сәрсен Қабылым

Осы айдарда

Back to top button