Қоғам

«Биші» субұрқақ балар күніне базарлық болды

«Биші» субұрқақ  балар күніне базарлық болды

Облыс орталығында Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «әрі әнші, әрі биші субұрқақ» ашылды. Кеше кешкілік облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ жаңадан қоданысқа берілген нысаның басында болып, қала әкіміне шаһар сәулетіне қатысты жаңа тапсырмалар жүктеді.
Ертістің сол жағалауында бой көтерген жаңа драма театрдың алдына жоба бойынша гүлзарлар егілуі керек еді. Соңғы сәтте жобаға облыс басшысының тапсырмасымен өгерістер еніп, гүлзарлардың орнына қос субұрқақ салынған. Облыстағы тұңғыш «биші субұрқақ» балалар күнінде халық игілігіне беріліп отыр. Театрға бет бұрған адамды салқын да саф ауасымен, сиқырлы сылдырымен, әуезді ән, нақышты биімен қарсы алатын қос субұрқақ қытайлық технология бойынша салыныпты.
Құрылыс телімінің басшысы Тәуірбай Мырзақанов бұрын-соңды дәл осындай жоғары технологияға негізделген субұрқақ қойып көрмегендіктен, қарамағындағы ұжымға шаруаны кестеден кешіктірмей аяқтау қиынға соққанын айтады. Әйтсе де қатарынан сегіз тәулік үзіліссіз жасаған жұмыстың арқасында нысан уағдалы уақытта қоданысқа беріліп отыр.
-Жалпы театрдың маңайында 18,5 мың шаршы метр жер абаттандырылатын болады. Қатар тұрған қос субұрқақты ғана әрлеу үшін 31 тонна гранит жұмсалды. Екі фонтанның ортақ қуаттылығы 50 Кват болады. Субұрқаққа қажет су жүйесі мен электр қуаты дербес көзден алынады. Мереке қарсаңында қала жұртшылығына осындай сыйлық жасай алғанымызға біз де қуаныштымыз. Алдағы 10 күнде бүкіл театр аумағын толық абаттандыруды аяқтасақ деп отырмыз. Ол үшін абаттандыру жұмыстарына 150 адам тартылған, – дейді Тәуірбай Мырзақанов.
Субұрқақтың орналасқан орны мен жарық түстерінің үйлесімділігін жағымды бағалаған аймақ басшысы әуенге қатысты бірқатар ескертулер жасады.
-Біріншіден, субұрқақтың қимыл ырғағы қойылған әуезбен үйлесіп тұруы шарт. Ол үшін нақты репертуар болуы керек. Субұрқақтың қимылы сол композицияларға сәйкестендірілуі тиіс. Бұл жерде репертуардың сауатты таңдалғаны маңызды. Көше әндеріне ұқсас арзанқол әуендер мен сазы да, сөзі де түсініксіз дүниелер қоюдың қажеті жоқ. Бұл жерге серуендей келген халық өзіміздің Шәмші Қалдаяқов пен Құрманғазының, әлемдік дейгейдегі Антонио Вивальди, Иоганнес Брамс сынды композиторлардың классикалық туындыларымен сусындауы керек, – деді аймақ басшысы.
Сондай-ақ, облыс басшысы қала әкімшілігіне Ертіс көпірі мен теміржол өткелінің аралығында бой көтерген жаңа ауданға тұрғын үйлерді кіріктіру бойынша тапсырмалар берді.
-Ауданда мәдени және спорттық инфрақұрылым сапалы салынғанымен тұрғындардан оқшау қалып қойған. Бұл тамаша орындарға тұрғындар арнайы келуге мәжбүр. Халықтың өмір сапасы жақсару үшін, пайдалы орындарға келу оңтайлы болуы үшін осы инфрақұрылымға тұрғын үй кешенін кіріктіретін боламыз. Сонда ғана әлемдік деңгейде қалыптасқан заңдылықтарға сәйкестенеміз. Мен өткенде студенттермен, сәулетшілермен кездесіп, қала сәулетіне байланысты қызықты жобалар ұсынуға шақырдым. Алдағы уақытта Комендантка және Үлбі өзендерінің жағасы да Ертіске қарап бой түзейтін болады. Ал осындай субұрқақтың ең үлкенін орталық алаңға қоюды жоспарлап отырмыз. Семей қаласында да қытайлық теххнологияға негізделген субұрқақ қойылатын болады. Бұл да алдағы 4-5 жылда облыс қалаларының көркін әлемдік талаптарға сәйкестендіру жөнінде жиі айтылып жүрген жұмыстардың бір парасы, – дейді аймақ басшысы.
Қараңғының қоюланғанына қарамастан субұрқақтың ашылуын тағатсыздана күткен қарапайым тұрғындар да мәр-сәре.
-Бұл фонтан біздің Айару сияқты жас бөбектер үшін үлкен сый болды. Нысанның іске қосылуын бірінші болып көру үшін отбасымызбен арнайы келдік. Дәл мереке қарсаңында осындай орынның ашылуы, мемлекеттің келер ұрпаққа деген қамқорлығы қатты қуантады, – дейді қала тұрғыны Эльвира Қозыханова.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button