Бірыңғай уақыт белдеуіне көшудің әлемдік тәжірибеде тиімділігі дәлелденген
Бүгінгі таңда әлемнің 22 елінде ғана бірнеше уақыт белдеуі қолданылады. Қалған басым бөлігінде, яғни 175 мемлекетте бір уақыт белдеуі бекітілген. Ғалымдардың пікірінше, бірыңғай уақыт белдеуіне көшудің экономикалық және басқа да артықшылықтары көп. Бұл халықаралық тәжірибеде дәлелденген.
Республиканың аймақтарында тұрып жатқан халықтың ұсыныс, тілегін ескеріп және ұзақ жылдар бойы жемісін беріп келе жатқан халықаралық тәжірибені зерделей отырып Қазақстан билігі де бірыңғай уақыт белдеуіне көшуге шешім қабылдады. Ел тұрғындарының дені бұл шешімді қолдайтынын білдіріп жатыр.
Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, территориясы үлкен Үндістан бұрыннан ресми түрде бір уақыт белдеуіне қосылған. Сол сияқты жер көлемі ірі Қытай да бірыңғай белдеулік уақытпен жүреді. Жалпы Қытай елінің жер аумағы төрт уақыт белдеуінде орналасқан: UTC +9/+8/+7/+6. Соған қарамастан бүкіл ел тұрғындары, оның ішінде Шыңжаң, Тибет аймақтарының халқы да Пекин уақытымен (UTC+8) өмір сүреді. Дегенмен әр аймақ жұмыс, оқу және басқа да шаралардың уақытың күннің шығуына қарай бір-екі сағатқа кейін немесе ілгері белгілейді.
Дәл осындай тәжірибені біздің елде де енгізуді ұсынып отыр мамандар. Айталық, Қазақстанда бір ғана Астана уақыты болады, бірақ еліміздің батыс және шығыс өңірлерінде жұмыс жарты сағат ерте немесе кеш басталуы мүмкін. Мәселен, Батыс Қазақстанда жұмыс жарты сағатқа кеш басталса, Шығыс Қазақстанда керісінше жарты сағатқа ерте басталады.
– Уақыт белдеуін өзгерту бойынша өзіміздің өңірге қатысты айтар болсақ, әрине кездесулер өтіп, талқылаулар болып жатыр. Дегенмен бұл бастаманы объективті бағалау үшін әлі де тәжірибелік зерттеулер жүргізіп, тәуліктік хронометраж жасау керек деп ойлаймын. Біз «Еститін мемлекет тұжырымдамасы» туралы жиі айтамыз, сол себепті бұл жерде барлығын тәжірибемен, зерттеулермен дәлелдеу керек. – дейді «Өскемен әйелдер қауымдастығы» ЗТБ төрағасы, қоғам белсендісі Елена Абилова-Березинская.
Қытай мен Үндістаннан бөлек, Германия, Швеция, Аргентина Венесуэла, Египет, Ирак, Иран, Сауд Арабиясы, Алжир қатарлы елдерде де тек бір уақыт белдеуі пайдаланады. Өйткені, халықаралық тәжірибеде бірыңғай уақыт белдеуін қолданудың экономикалық және өзге де артықшылықтары бар екендігі дәлелденген.
Айталық, барлық мемлекеттік қызметтерді, көлік және басқа коммуникацияларды үйлестіруді жақсартуға мүмкіндік туады. Яғни, теміржол және әуекомпаниялардың жұмысындағы қолайсыздықтар жойылады. Бірыңғай уақыт ел аумағында өнеркәсіптік кәсіпорындар мен көліктің жұмыс істеуін жеңілдетеді. Халықтың жұмыс істеу қабілеттілігін арттыруға, экономикалық өсуіне септігін тигізеді.
Сонымен қатар бір уақыт белдеуінің болуы адамдардың денсаулығына да жағымды әсер ететіндігін медицина мамандары айтып отыр.
– Бірыңғай уақыт белдеуін енгізу адамның өмір сүру ұзақтығына да оң әсер етеді. Мәселен, биоритмологиялық өзегі бар адамдар, яғни белгілі бір уақытта ұйқыға жатып, белгілі бір уақытта тұратындар ұзақ өмір сүреді. Бұл жағдайда күн сәулесінің белсенділігіне байланысты адам ағзасында «дұрыс» гормондар түзіледі, – дейді дәрігерлер.
Бірыңғай уақыт белдеуіне көшу десинхроноздың болуына жол бермейді. Десинхроноз дегеніміз ол – биологиялық ырғақтың бұзылуы. Адамның шаршауы, күйзеліске ұшырауы, ұйқысыздық, жүрек-қан тамыр ауруларының болуы бәрі осы десинхрозға әкеліп соғады. Сондықтан ғалымдар бірыңғай уақыт белдеуіне көшудің медициналық жағынан пайдасы зор екенін айтады.