Бірлік пен келісім – табысты мемлекет болудың басты кепілі
Елордада Қазақстан халқы Ассамблеясының «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» атты ХХХІІ сессиясы өтті. Келелі басқосуға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты деп хабарлайды Ақорда.
Арқа төрінде өткен сессияның жұмысына құрамында Қазақстан халқы Ассамблеясының 21 мүшесі бар Шығыс Қазақстан делегациясы да белсенді атсалысты. Олардың барлығы – облыстық этномәдени бірлестіктердің, «Ақсақалдар кеңесі», «Аналар кеңесі», «Жастар Ассамблеясы» сынды өңірдегі қоғамдық институттардың өкілдері. Сессия екі бөлімнен тұрды. Алғашқы күн пікірталас форматында өтті, қатысушылар тәжірибелерімен бөлісіп, өзекті мәселелерді шешу жолдарын талқылады. Екінші күні ел Президенті іс-шараға қатысушылар алдында сөз сөйледі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXI сессиясынан бері елімізде түбегейлі өзгерістер болғанын атап өтті. Атап айтқанда, саяси жүйе жүйелі түрде трансформацияланды, мемлекеттік құрылымның жаңа әрі анағұрлым демократиялық үлгісі қалыптасты. Ауқымды өзгерістер барысында Ассамблеяға баса мән берілді. Аталған бірегей институт парламенттік өкілдіктің жаңа тетіктеріне ие болды. Президент Ассамблеяның елімізді саяси тұрғыда жаңғыртып, жалпыұлттық тұтастықты нығайту ісінде маңызды рөл атқарғанына назар аударды. ҚХА барлық этносты мемлекетті дамытудың стратегиялық міндеттерін шешу ісіне жұмылдыруға ықпал етті.
Мемлекет басшысы Тәуелсіздік жылдары елімізде жаңа жалпыұлттық бірегейлік қалыптасқанын айтты. Президенттің пікірінше, біздің көк паспортымыз бен көк байрағымыз – тарихымызбен астасқан және миллиондаған адамның жүрегінен орын алған бірегейлігіміздің нағыз символы.
– Қазақстан паспорты біздің бірлігіміз бен татулығымызға негіз болған прогрессивті құндылықтарды бейнелейді. Өз кезегінде көк байрағымыз – қасиетті тәуелсіздігіміз бен көпғасырлық мемлекеттілігіміздің жарқын белгісі. Туымыз ірі халықаралық спорттық жарыстарда және басқа да сондай шараларда жоғары көтерілген сайын, біздің бойымызды елімізге деген мақтаныш сезімі кернейді. Даңқты отандастарымызды – спортшыларымызды, мәдениет қайраткерлерімізді, ғалымдарымыз бен студенттерімізді, кәсіпкерлерімізді шыққан тегіне қарамастан, шетелде үнемі қазақтар деп атайды. Бұл – табиғи құбылыс. Солай болуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент біздің қоғамды ортақ идеалдар мен құндылықтар біріктірген еркін әрі жауапкершілігі мол азаматтардың одағы деп санайды. Бұл – жалпыұлттық бірегейлігіміздің тағы бір жарқын көрінісі. Оның айтуынша, бүгінде азаматтарымыздың бәрі өздерін үлкен әрі біртұтас қазақ отбасының, шын мәнінде, қазақ ұлтының мүшесі сезінеді.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық бірегейлікті сақтаудың маңызды рөліне тоқталып, осыған орай этносаясат мәселесіне байыппен қарау керек екенін атап өтті.
– Татулық пен бірлік – табысты мемлекет болудың басты кепілі. Сессия аясында кеше нақты мәселелерге арналған пікірталас өткенін білемін. Этносаясатта жаһандық және аймақтық үдерістер ескерілуге тиіс екені айтылды. Бұл – өте орынды ұсыныс. Яғни, этносаралық қатынас мәселесін заман талабына сай реттеу керек. Бұл жұмыс ауқымды реформалармен үндес болуға тиіс. Бұған немқұрайлы қарауға болмайды, этносаралық саясат айрықша назар аударып, ұдайы жетілдіріп отыруды қажет етеді. Шын мәнінде, азаматтардың бірлігін, жалпыұлттық бірегейлікті және еліміздің этноәлеуметтік тұтастығын нығайту жөніндегі іргелі, тіпті қасиетті деп айтуға болатын міндеттерді жүзеге асырмайынша, мемлекеттің бірде-бір стратегиялық міндетінің орындалуы мүмкін емес екенін естен шығармаған жөн, – деді Мемлекет басшысы.
Сессия барысында Президент Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметіндегі бірқатар басымдықты айқындап берді. Атап айтқанда, Президент бірлігіміз бен татулығымызға сына қаққысы келетін кез келген арандатушылық әрекетке батыл түрде тосқауыл қою, этноәлеуметтік шиеленістің шығу себептерін жою үшін нақты шаралар қабылдау қажет екеніне тоқталды. Сонымен қатар көпмәдениетті ортаны дамытып, барлық азаматтың мемлекеттік тілді меңгеруі үшін жүйелі қадамдар жасау керектігін айтты.
Сессияның тақырыбы алдағы мақсат-міндеттердің өте өзекті екенін көрсетті. Айтылған ұсыныстар мұқият қаралып, міндетті түрде жұмыс барысында ескерілетін болады. Министрліктерге және басқа да құзырлы мекемелерге тиісті тапсырма берілді.
Ассамблея өзін шынайы демократиялық қағидаттар мен құндылықтарға сүйенетін әрі оны нақты жүзеге асыратын аса маңызды қоғамдық-саяси институт ретінде танытты. ҚХА әртүрлі мәдениеттің қатар дамуына және өзара қарым-қатынасына қатысты қағидаттарды сәтті жүзеге асырып келеді. Бұл – қазіргі әлемнің ең өзекті мәселесі.
– Әлемдегі қақтығыстар мен соғыстардың бәрі ұлттық тәкаппарлықтан, өзге этнос өкіліне және өзге ұлтқа жақын адам не дос деп қарағысы келмеу салдарынан туындайды. Нағыз патриотизмді ұлттық менмендікпен еш шатастырмау керек. Сондықтан біз Ассамблеяны одан әрі дамытамыз. Оның жұмыс істеу тәсілдерін жетілдіріп, құрамын үнемі жаңартып отырамыз.
Біз – бір елдің перзенті, бір халықтың ұл-қызымыз! Ұлы даланың ұлан-ғайыр жерінде бәрімізге орын жетеді. Осы киелі мекенде бәріміздің де көздің қарашығындай сақтайтын және сол үшін еңбек етіп, өмір сүретін қастерлі дүниелеріміз бар.
Қазақстанның болашағы, балаларымыздың тағдыры, ата-баба мұрасы – бәрі өз қолымызда. Біз уақыттың кез келген сын-қатеріне еңсемізді тік ұстап қарсы тұрамыз. Біз – біртұтас халықпыз, біз барлық сынақты еңсереміз, – деді Мемлекет басшысы.
Ассамблея сессиясында ел Президенті заманымыздың қаһармандарына, еңбек адамы мен нағыз азаматтың үлгісін көрсетіп жүрген жандарға алғыс айтты. Жалпыұлттық бірлікті нығайтып, Қазақстанның дамуына үлес қоса беретіндеріңе сенім білдірді.
Мемлекет басшысы Қазақстан этносаралық татулық пен келісімді сақтау үшін әрдайым орнықты және салиқалы саясат жүргізетінін атап өтті. Бұл – мемлекетіміз үшін мызғымас ұстаным. Қазір дүниежүзі күрделі кезеңді бастан өткеруде. Әлемде түбегейлі өзгерістер болып жатыр. Жаһандық деңгейде жаңа сын-қатерлер пайда болды. Біз заманның осындай қиындығына қарамастан, келешекке нық сеніммен қадам басып отырмыз.
Әділетті Қазақстан көз алдымызда құрылып жатыр. Әрқайсымыз түрлі қорқыныштардың, стереотиптер мен жалған сенімнің шырмауында қалсақ та, артқа жалтақтамай, алға қадам басуымыз керек.
– Еліміздің барша азаматының тағдыры жалпыұлттық бірлігімізбен астасып жатыр. Қазақстан – біртұтас ұлт, елімізді әрбір этносы достықты, үйлесім пен келісімді нығайтуға өзінің өлшеусіз үлесін қосып отырған команда деп айтуға болады.
Біз өзіміздің іргелі құндылықтарымызға берік болуымыз керек. Бәріміз және әрқайсымыз үшін қуатты мемлекет пен әділетті қоғам құру жолын табанды түрде жалғастыра отырып, елімізді азаттық пен тәуелсіздіктің мызғымас тірегіне айналдыра алатынымызға сенімдімін.
Ынтымағы бекем жұрттың болашағы баянды болады. Біз бәріміз бір ел болып, татулық пен тұрақтылықты сақтау үшін еңбек етеміз. Ел бірлігін нығайту және Отанымызды өркендету – қасиетті парыз. Баршаңызға амандық, бақ-береке тілеймін! Еліміз – бір! Халқымыз да – бір болсын! – деп түйіндеді өз сөзін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Әскерхан Ақтай,
ақын, драматург, Өскемен қалалық мәслихатының депутаты:
– Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІ сессиясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлтаралық татулық елдігіміздің негізі екенін тілге тиек етті. Сессия барысында көптеген мәселелер көтеріліп, Ассамблея жұмысының алдағы бағыты айқындалды. Сессияға қатысушылар бірлік пен татулық тақырыбында баяндамалар жасап, ұтымды ұсыныстар айтты. Алғашқы күнгі пленарлық отырыста баяндама жасағандар ұлтаралық татулық, тұтастық, ынтымақтың негізі – мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру керектігін алға тартты. Президент те мемлекеттік тіл мәселесі стратегиялық негізгі бір бағытымыз болып қала беретінін атап көрсетті. Сонымен қатар Мемлекет басшысы ұлттар достығы тақырыбындағы әдеби шығармаларды көбірек жазу керектігін алға тартты. Бұл тақырыпты шығармасына арқау еткен қаламгерлерге мемлекеттік сыйлыққа пара-пар арнайы әдеби сыйлық тағайындау керектігін айтты.
Жалпы бұл жолғы сессияда ұлатаралық татулықты сақтай отырып, жаңа Қазақстанды құру жолына атсалысу керек деген байлам жасалды. Расымен де, бірлікте болсақ қана биікті бағындыра алмақпыз деген ой түйіп қайттым.
Равиль Юнусов,
«Жастар Ассамблеясы» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы:
– Облыс делегациясының құрамында елорда төрінде өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXII сессиясына қатысудың сәті түсті. Аталған келелі басқосу мемлекет тарихындағы жаңа кезеңнің басталуын айғақтады. Енді, біз, Әділетті Қазақстанды құрудың практикалық кезеңіне өттік. Қоғамда жаңа идеялар, институттар, қоғамдық коммуникациялар қалыптасуда, бұл – біздің қоғам мен елдің келбетін өзгертуге қабілетті шынайы реформалар. Жоспарланған жобалар нақты нәтижесін береді деп сенемін.
«Ертеңіміз біртіндеп бүгінге айналып келеді. Біз аса маңызды шешімдерді бірге қабылдап, ортақ болашағымыздың іргетасын бірге қалаймыз. Ортақ мақсатымыз реформаларымыздың қозғаушы күші болатынына кәміл сенемін. Жалпы айтқанда, біздің ең басты әрі теңдессіз жетістігіміз – осы» деп атап өтті Президент.
Біздің қоғам ортақ мұраттармен және құндылықтармен біріктірілген еркін және жауапты азаматтардың одағына айналып отыр. Біз бәріміз – бір отбасымыз, ал біздің мәдени әртүрлілігіміз ешқайда жоғалмайды, керісінше бірлігімізді күшейте түседі.
Dıdar ақпарат