Бірінші мамыр қандай күн?
Осы сауалды біз Өскеменнің көшесіне шығып, өтіп жатқан тұрғындарға қойдық. Иә, бірінші мамыр, яғни Бірлік күні мерекесін жұртшылық қалай қабылдайды екен, соны білмек ниетте сұрақ қойып, алуан түрлі жауап алдық.
Ирина Сытенко, аспаз:
– Бірінші мамыр – жұмысшылардың ынтымақтастық күні. Осы күні қалада шеру өтеді. Бұрын «Бейбітшілік. Еңбек. Мамыр» деген ұранмен өтетін. Қазір ондай ұран жоқ қой деймін.
Қуаныш Қасенов, құрылысшы:
– Бұл – Бірлік күні, мейрам. Демалыс, жұмыс істемейміз.
Александр Кузнецов, дәрігер:
– Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін бұл мейрам «Бірлік күні» деп өзгертілді. Бұрын еңбек күні болатын. Меніңше, дұрыс болды, көпұлтты елде бірлік қажет, онсыз болмайды. Басқа мемлекеттерде не болып жатқанын көріп отырмыз ғой… Тегі бір Ресей мен Украина осылай соғысады деп кім ойлады?
Серік Дүйсекеев, тәрбиеші:
– Қазақстан халқының бірлігі күні. Мен балабақшада істеймін, қазір осы мерекеге дайындалып жатырмыз. Елімізде тұратын әртүрлі ұлттың дәстүрін көрсетеміз. Жақсы мезгілге сәйкес келетін мейрам деп санаймын. Көктем шықты, күн жылынды.
Серікбай Бекесов, зейнеткер:
– Бұл күнді «Бірлік күні» деп атап жүрміз ғой. Халқымызда ауызбіршілік болса, татулық болса, алынбайтын асу болмайды. Жауды да бүкіл одақ болып, бірігіп жеңдік қой кезінде. Осыдан кейін Отан қорғаушылар күні бар, Жеңіс мерекесі келе жатыр. Бәрі сол Отанды сүюге үндейтін мейрамдар.
Асылжан Қанат, оқушы:
– Бірінші мамыр – елімізде мереке. Бірлік күні деп аталады. Мектепте осы күнді атап өтеміз. Биыл концерт қоямыз, мен кавказ биін билеймін.
Татьяна Каравацкая, сатушы:
– Бірінші мамыр – бұрыннан Еңбек күні. Бұл күні әдетте көкке шығамыз, саяжайға барамыз. Кәуап пісіреміз. Думанды, көңілді мереке.
Фархад Сұлтанғазин, жұмыссыз:
– Бірінші мамыр мереке ғой елімізде. Бұрыннан келе жатқан мейрам. Бірақ қазір той тойлайтын кез емес. Ақшаң болса, күнде мейрамдатуға болады, әрине…
Саттар Назымбекұлы, ұстаз:
– Қазақстан халқының бірлігі күні. Елімізде 1996 жылдан бастап тойланады. 1995 жылдың 18 қазанында Елбасы өзінің Жарлығымен кеңестік «Еңбек күні» мерекесін жойып, оның орнына осы күнді «Бірлік күні» ретінде жариялаған болатын. Мемлекеттік саясаттың басым бір бағыты – ұлтаралық және дінаралық келісім.
Әзірлеген – Ержан Әбіш