Қоғам

«БІРЕУГЕ ОР ҚАЗБА, ӨЗІҢ ТҮСЕРСІҢ»

Жанаргүл МҰҚАТАЙ

«Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» емес, көршінің көп жылқысы болыпты. 2022 жылдың  25 тамызында Жарма ауданындағы «Аман Есен» ШҚ басшысы Таңат Нұрашев облыс кәсіпкерлері палатасының Жарма аудандық филиалына дәл осы мәселе бойынша құқықтық көмек сұрап келеді.

– Таңат Нұрашевтың өзі айтқандай, кәсіпкердің 25 гектар егістік алқабына   «Фитосанитария» мекемесінің Жарма аудандық филиалының басшысы Сания Нағыметжановаға тиесілі көршілес қосалқы шаруашылықтың жылқылары үнемі түсіп кетіп, таптап, отап, мазасын кетірген. Кәсіпкер қараусыз жылқыларды әлденеше рет қуалап шығарғанымен, «қонақтар» келуін қоймайды. 19 маусымда  тағы да осы жағдай қайталанғанда кәсіпкер полиция шақырып, жылқылардың егістікті бүлдіргені туралы әкімшілік хаттама толтырылып, малын қараусыз қалдырған мал иесіне 4 500 теңге айыппұл салынады, – дейді Жарма аудандық кәсіпкерлер палатасының басшысы Қанат Шәріпов.

Осы жағдайдан кейін Таңат Нұрашевтың көршісі іле-шала  дәл сол күні «Фитосанитария» мекемесінің үш бірдей маманын алып келіп, шаруа қожалығын «тексеруді» бастап кетеді. Білек сыбана кіріскен тексерулерінен соң, қожалыққа 10 АЕК көлемінде, яғни, 36 630 теңге айыппұл салады. Мекеме басшысы көршісінен осылай «өш алған» болса керек.

Жарма аудандық кәсіпкерлер палатасының басшысы аудандық прокуратураға кәсіпкердің өтініші бойынша арыз жазып, аталған мәселені қарауды сұрайды. Оған қоса, облыс кәсіпкерлері палатасының кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі өкілі Әлия Мұқашева Таңат Нұрашевты 100-ден астам кәсіпкер, прокуратура қызметкерлері, атқарушы билік өкілдері қатысқан кәсіпкерлер құқығын қорғауға арналған аймақтық форумға шақырып,   кәсіпкер өзінің басына түскен жағдайды көпшілік алдында көтереді.

Нәтижесінде, Жарма ауданының прокуратурасы «Аман Есен» ШҚ қатысты қаулыға наразылық енгізіп, соттың отырысында қожалыққа салынған  айыппұл заңсыз деп танылып, күші жойылған.

– Кәсіпкерлердің әрбір проблемасы, мәселесі енді тоқсан сайын «Еркін микрофон» форматында өтетін облыс кәсіпкерлері құқығын қорғау форумында қаралып, көтеріліп отыратын болады, – дейді Әлия Мұқашева.

Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі келесі облыстық форум 30 қыркүйек күні өтеді. Форумға облыстық құқық қорғау органдары, жергілікті билік өкілдері түгелдей қатысады. Облыс кәсіпкерлерінің палатасы  түрлі үлкенді-кішілі проблемалармен бетпе-бет келіп жатқан, қандай да бір мәселелерін шеше алмай жүрген өңір кәсіпкерлерін осы форумға қатысуға шақырады.

Осы айдарда

Back to top button