Қоғам

Бірегей технологияларды пайдалансақ, АЭС қауіпсіз болады – Айбек Ақаев

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады.

Айбек Ақаев, сәулет, құрылыс және энергетика мектебінің деканы, Қазақстан Республикасының құрметті энергетигі, энергетика саласы бойынша PhD докторы, қауымдастырылған профессор:

– Мемлекет басшысы өз Жолдауында энергетика саласына жете тоқталып өтті, оның ішінде энергетикалық қауіпсіздік мәселесін көтерді. Өз сөзінде Президент инфрақұрылымның әбден тозуы халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер ететінін, инфрақұрылымды жаңғыртпасақ, жаңа экономикалық үлгіге көшу мүмкін емес екенін баса айтты. Былтырғы қыста Екібастұз бен Риддер қалаларының жылу орталықтарында болған апат тозығы жеткен жабдықтардың кесірі екені белгілі. Бұл жағдай жылдар бойы шешілмеген мәселенің бетін ашып берді.
Жолдауда көтерілген екінші мәселе жаңартылған энергия көздерін дамыту. Оны жүзеге асырудың бірнеше жолдары айтылды. «Энергетикалық қауіпсіздік мәселесін де шешу қажет. Бұл салада қолдан келгенше өз ресурстарымызға арқа сүйеген абзал. Басты міндет электр энергетикасы саласына жүктеледі. Алдағы 5 жылда кемінде 14 гигаваттық жаңа электр қуаты іске қосылады» деп атап өтті Президент.
Жақын арада электр энергиясына көрші мемлекеттерден тәуелділікті жою қажеттігін айтты. «Биыл Екібастұздағы бірінші ГРЭС-тің бірінші блогын қайта құру жұмыстары аяқталады. Бұрын ешқашан толық қуатын пайдаланып көрмеген станцияның 8 блогы түгел жұмыс істейтін болады. Қазір екінші ГРЭС-ті кеңейту жобасы жүзеге асырылып жатыр, үшінші ГРЭС-тің құрылысы басталады.» делінген Жолдауда.
Станцияның бір блогы 500 мегават электр энергиясын өндіреді, ал шағын жылу орталығының орташа қуаты 300 мегаваттан аспайтынын ескерсек, бір блогының өзі жылу орталығынан артық энергия береді. Осындай блоктың сегізі тұрады. Бұл шаралар электр энергиясының тапшылығын жояды деп ойлаймын.
Мемлекет басшысы атом электр станциясын салуға назар аударды. Өздеріңіз білесіздер, атом электр станциясы уран өнімін пайдаланады, еліміз уран өндіру бойынша алдыңғы қатарда тұрған мемлекеттердің бірі. Сондықтан осындай байлықтың игілігін көрмеу дұрыс емес деп санаймын. Семей полигонының қасіретін әлі тартып келе жатқан қазақстандықтардың жадында атомның өте қауіптілігі әлі де сайрап тұр. Энергетика саласының ғалымы ретінде айтар едім, егер оны біз барлық озық технологияларды сақтап, әлемнің бірегей технологияларын пайдаланып салсақ, оның адамдардың өміріне қауіпсіз болатына сенімдімін. АҚШ, Франция, Жапонияда атом электр станциялары қатты дамыған. Мемлекет басшысы халықтың ахуалын түсінгендіктен, «еститін мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес АЭС салу туралы шешімді жалпы ұлттық референдум арқылы қабылдауды ұсынғаны көкейден шықты. Енді алда халық арасында АЭС салуды дұрыс түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, шынайы ақпарат таратылуы тиіс.

Осы айдарда

Back to top button