Қоғам

Бірден айыппұл салады

Дәурен Аллабергенұлы

Егер бұрын көшедегі, ауладағы қоқысты өртеу және өрт қауіпсіздігі ережелерін бұза отырып от жағу фактісі анықталса, заңнамаға сәйкес ескерту қарастырылатын. Енді олай емес, бірден  айыппұлын арқалайсыз және аз емес.

Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте өртке қарсы қауіпсіздік ережелерін түсіндірген  облыстық Төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары, азаматтық қорғау подполковнигі Нұржан Өміржанов түсіндірді.

Оның айтуынша, Орман шаруашылығы комитетінің бұйрығына сәйкес Шығыс Қазақстан облысы бойынша өрт қауіпті кезеңнің басталуы ағымдағы 4 сәуірден бастап белгіленген және жылына орта есеппен 180 күнге созылады.

Облыстық департамент осы кезеңде  өрттердің алдын алу және сөндіру бойынша іс-шаралар кешенін өткізеді. Облыс бойынша күштер мен құралдарды тартудың аудандық жоспарлары түзетіліп, өрт қауіпті маусымда зілзалалар тәуекелдерін төмендету, орман және дала өрттерін жою жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілген.

Бірлескен рейдтер жүргізу үшін азаматтық қорғау қызметкерлерінен мобильді топтар құрылды. Жергілікті полиция қызметі, орман ұйымдары және жергілікті атқарушы орган, “Geosat” ЖШС-мен термонүктелер бойынша ғарыштық мониторинг деректерін беру туралы шарт жасасқан.

– Бүгінгі таңда ғарыштық технологиялардың көмегімен құтқарушылар өрттің таралуын уақытында анықтап, алдын алады. Сәуір айынан бастап 201 фото және 35 термонүкте тіркелді. Оларды облыстық ТЖД өрт сөндіру бөлімшелері жедел пысықтап, өрттің одан әрі таралуының жолын кесті. Өрт қауіпті кезең басталғаннан бері дала өртін сөндіруге 150-ге жуық шығу болды. Департамент қызметкерлері өртенген шөпті тәулігіне 30 ретке дейін сөндіруге шығады. Әсіресе, саяжай қоғамдастықтарындағы өрттердің көпшілігі көктемгі кезеңге сәйкес келеді, саяжай иелері өз маусымын бастайды және өрт қауіпсіздігі ережелерін өрескел бұзады, – деді Нұржан Өміржанов.

Брифингті ұйымдастырушылар өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін  “Әкімшілік құқық бұзушылық туралы” кодекстің 336-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын, атап айтқанда 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынатынын жеткізді. Айта кетейік, енді талаптар күшейтілген. Егер бұрын қоқысты өртеу және өрт қауіпсіздігі ережелерін бұза отырып от жағу фактісі анықталса, заңнамаға сәйкес ескерту қарастырылған болса, қазір бірден қомақты көлемде айыппұл   салынады. Сондай-ақ  “Әкімшілік құқық бұзушылық туралы” кодекстің 410-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілік көзделген.

Бұдан бөлек,  Қылмыстық кодексінің 204-бабы бойынша отпен немесе өзге де аса қауіпті көздермен абайсызда жұмыс істеу жолымен жасалған, не ауыр зардаптарға әкеп соққан жағдай немесе аса ірі залал келтірілген бөтеннің мүлкін абайсызда жою немесе бүлдіргені үшін – екі мың АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салу, не түзеу жұмыстарын тағайындау  қарастырылған.

– Сонымен қатар Қылмыстық кодекстің 292-бабына сәйкес абайсызда адам денсаулығына ауыр немесе ауырлығы орташа зиян немесе азаматқа, ұйымға немесе мемлекетке ірі залал келтіруге әкеп соққан өрт қауіпсіздігі қағидаларының талаптарын бұзу – айыппұл салуға, не қоғамдық жұмыстарға тартуға, не бас бостандығын шектеуге жазаланады, – деді облыстық Төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Нұржан Өміржанов.

Сондай-ақ ТЖД мамандары саяжай учаскелеріндегі өрт қауіпсіздігі ережелері туралы еске салады:

– Біріншіден, мангалдан құрылымдарға дейінгі қашықтықты сақтау керек. Ғимараттар мен құрылыстарға дейін кемінде 10 метр болуы тиіс;

– Бензинді немесе басқа жанғыш сұйықтықты пайдалануға қатаң тыйым салынады;

– Желді күні от жақпау қажет;

– Мангалдағы  отты бақылау керек;

– Жақын жерде алғашқы өрт сөндіру құралдары болуы тиіс: су құйылған бөшке, өрт сөндіргіш;

– Пикниктің соңында отты сөндіріп, мангалды қақпақпен жабу керек;

– Үйлердің маңындағы саяжайларды тазалау кезінде от жағуға тыйым салынады. Өрт қауіпті кезеңде әсіресе, осы талаптарды қатаң сақтау қажет;

Өрт сөндіру құралдары болған кезде ғимараттар мен құрылыстардан кемінде 50 метр қашықтықта, арнайы темір ыдыстарда қадағалаумен және желсіз ауа райында ғана от жағуға жол беріледі.

Осы айдарда

Back to top button